Шымкенттегі газ құю бекетінде жарылыс болды

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 7 маусым күні сағат 11.03-те өртке қарсы қызмет пультіне Шымкенттің Жібек жолы даңғылындағы «Мураз» ЖШС-нің газ құю бекеті аумағында автоцистерналар өртеніп жатқаны туралы хабар келіп түскен.

Өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде, сағат 11.20-да сыйымдылығы 200 текше метр болатын жерүсті цистернасы жанып, кейін үш автоцистерна мен бір тіркеменің (МАN V-50 текше метр, 2 «ЗИЛ» автокөлігі, әрқайсысы V-7 текше метр және тіркеме V-50 текше метр) жарылғаны белгілі болды. Өрт 12.21-де ауыздықталып, 12.53-те сөндірілді. Өртті сөндіруге 21 техника мен Шымкент төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының 90 адамы жұмылдырылды, — деп хабарлады ТЖК баспасөз қызметі.

Төтенше оқиға салдарынан бір адам зардап шекті, газ құю бекетінің 1999 жылы туған қызметкері күйіп қалған. Қазір ол жергілікті аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, оқиғаға қатысты өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы дерегі бойынша іс қозғалды.

ДереккөзZakon.kz