«Таңғажайып жетілік» фильмі несімен таңғажайып?

Экранға шығу уақыты – 22.09.2016
Режиссері – Антуан Фукуа
Продюсерлері — Роджер Бирнбаум, Тодд Блэк, Брюс Берман
Сценаристер- Акира Куросава, Синобу Хасимото, Хидэо Огуни
Рөлдерде – Дензел Вашингтон, Крис Пратт, Итан Хоук, Винсент Д’Онофрио, Ли Бён-хон, Мануэль Рульфо, Мартин Сенсмейер, Хейли Беннетт, Питер Сарсгаард, Люк Граймс
Жанры –  атыс-шабыс (боевик), вестерн
Жас шектемесі – «16+»
Ұзақтығы – 2 сағат 13 минут

Таңғажайып жетілік, аттар

Фильм не жайында?

1879 жыл. Роуз-Крик елді мекені. Қатыгез барон Бартоломью Боуг (Питер Сарсгаард) осы мекеннің тұрғындарын өз үйлерінен қуып шықпақ ниетте. Бартоломьюдің бар арманы — жер ақысын төлемей, алтын өндіру. Оқиға шіркеуде басталады. Барон өзіне қарсылық білдірген тұрғындарды түгел мерт қылады. Олардың қатарында Эмма Калленнің де (Хейли Беннетт) жолдасы бар еді. Жесір қалған Эмма бароннан қалай да болсын өш алуға серт береді. Таңғажайып жетіліктің топтасуы осы ержүрек әйелдің кегінен басталады.

Эмманың бағына орай Роуз-Крикке «бас кесер» тыңшы Сэм Чисхолм (Дензел Вашингтон) келеді. Бар жиған-тергенін ұсынып, көмек сұраған Эмманың айтқанына Сэм оңай келіседі. Неліктен? Бәлкім, қозылар туралы балалар өлеңін айтып жүретін Сэмнің өзге сыры бар болар?

Таңғажайып жетілік

Сонымен, бас кесер тыңшы жасақ жинай бастайды. Жетілік қылмыскерлерден топтасады. Олардың әрқайсысын таңдауда Сэм мен Эмма түрлі оқиғаларға кездеседі. Джош Фаррадей (Крис Прэт) — әзілкеш ирландық, Гуднайт Робишо (Этан Хоук) – «өлім періштесі» атанған мерген. Робишо фильм соңына дейін өзінің бұрынғы күнәларымен «алысып» өтеді. Джек Хорн (Д’Онофрио) — жіңішке дауысты «аю». «Үш ноян» фильміндегі Портастың образын дәл осы Хорннан табасыз. Қалған «екі ноянның» образы Васкес (Мануэль Гарсия-Рульфо) және Рэд Харвестен (Мартин Сенсмейер) табылады. Билли Рокс (Бен-Хен Ли) – жұмбақ азиаттық, пышақпен, түйреуішпен қарсыласын бірден мерт қылудың шебері.

Таңғажайып жетілік

Бұл жетілік аты айтып тұрғандай тұтас әскерді жеңбесе, несіне таңғажайып болмақ?

Алайда режиссер бұны нанымды жеткізеді. Барон Бартоломью Боугтің басты қателігі – қарсыластарын дұрыс бағаламайды. Ал жетілік Роуз-Крикке әскер жеткенше, түрлі айла-шарғы ойластырып, тұрғындарды шайқасуға даярлайды. Фильмде елді мекеннің ғана емес, жетіліктің де тағдыры шешіледі. Осыған дейін түрлі қатыгездік жасап өткен қылмыскерлер әділеттілік жолында күреседі.

Таңғажайып «сегізінші»

Фильмде оператордың еңбегі аз болмағандығы байқалады. Вестерн стилінде түсірілген кино динамикасымен ерекшеленеді. Туынды атыс-шабыс жанрында болғандықтан, фильм аяқталғанша  оқ даусына құлағыңыз тұнады. Шайқас ортасына келгенде араға «сегізінші таңғажайып» келіп қосылады. Бұл жолғы қаһарман — жансыз Гатлинг пулеметі. Сол кездің таптырмас қаруы – Роуз-Крик тұрғындары мен жетіліктің төрт мүшесінің түбіне жетеді. Режиссер неліктен дәл осы төрттікті өлімге жолықтырғаны сізге де жұмбақ болып қалады. Дәл осы сәтте актерлардың образын кейіптеуде шикілік кеткені анық байқалады.

Гатлинг пулемет

Фильм соңында төрт жолдасынан айрылған Сэм Чисхолмның неліктен Эмманың кек қайтаруына оңай келіскені анықталды. Барон Бартоломью Боугпен жеке қалғанда, Сэм өзінің кім екенін таныстырады. Қозылар туралы ән айтатын бала Сэмнің отбасын барон Боуг Роуз-Крик тұрғындарын жайратып салғандай өлтірген болып шығады. Бароның өлімі фильм басталғандағы шіркеуде орын алады. Құдайға сенбейтін Боуг өліммен бетпе-бет келгенде дұғасын жасайды. Алайда бұл айласының алдын Эмма алады. Осылайша қылмыскерлерден құралған жетіліктің есімі әділет жолындағы күресуші таңғажайып батырлар болып қалады.

Фильмде ұзақ диалогтар жоқ, мұнда револьверлер «сөйлеседі». Дегенмен, сіз фильмнің басынан соңына дейін екі езуіңізге ерік беріп отырасыз. Режиссер көрермендер үшін атыс-шабысқа қызықты әзілдерді араластыруды ұмытпаған.