Диляра Эрик, Айнұр Әлкеева, Әсем Қаршыға мен Алуа Сапарбек — Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары. Жас өнертапқыштар өз командасын Pizzazz деп атайды.
Идея қалай пайда болды?
Топтағы Айнұр аллергиямен ауырады. Аллергиясы асқынғанда оған жедел көмек көрсетіп, вакцина салу керек. Қыздар топ болып осы мәселенің шешімін тапқысы келген. Науқасқа қолжетімді және күнделікті қолданыста болатын қосымша құрастыруды мақсат етеді.
Әуелі дәрігермен ақылдасып, емделушілер арасында сауалнама жүргіздік. Дәрігер бұл ұсынысты бірден қолдап, тиімді жолын көрсетті. Ал сауалнама науқастың жиі тап болатын мәселесін анықтауға көмектесті. Technovation Challenge жарысына дейін идеяны толық жетілдіріп, бізге көмек көрсете алатын ментормен хабарластық. Менторға жоба қатты ұнады. Бізбен апта сайын кездесіп, жобаны ары қарай дамытты, — дейді Әсем.
Топтағы әр адамның өз жұмысы бар. Алуа бизнес жоспарға, Айнұр мен Әсем брендті дамытуға, Диляра бағдарламаның техникалық жағына жауапты. Өнертапқыштар қосымшаны жасағанда болашақта оның бизнес жағынан қаншалықты табысты болатынын білгісі келген. Ол үшін бірнеше сақтандыру компаниясына ұсыныс жасапты.
Бұл бізге егер қосымша іске қосылса, оның бизнес жоба ретінде өзін-өзі қаншалықты ақтайтынын түсінуге көмектесті. Қазір сақтандыру компанияларына әлі де болса, сенім аз. Халық арасында «олар тек ақша үшін жұмыс істейді» деген түсінік бар. Біздің жоба сақтандыру компанияларының беделін көтеруге көмектеседі деп ойлаймыз. Олар біз қарастыратын диабет, демікпе және эпилепсия сияқты диагноздары бар науқасты қабылдамайды. Себебі мұның жауапкершілігі де жоғары. Бұл да — біз жасаған қосымшаның басты ерекшелігінің бірі, — дейді қыздар.
Қосымша қалай жұмыс істейді?
Қосымшаға науқас пен оның диагнозы туралы ақпарат енгізілгеннен кейін нұсқаулық көрсетіледі. Егер адам өзін нашар сезіне бастаса, қосымшадағы SOS түймесін басу арқылы өзгелерді көмекке шақыра алады. Бұдан кейін бірден жедел жәрдем шақырылып, ол туралы толық ақпарат беріледі. Ал жақындарына науқастың мекенжайы жіберіледі. Әзірше қосымшаны тек Android-та пайдалануға болады. Алғаш болып Айнұр мен анасы қолданып көрді. Айтылған пікір өнертапқыштарға әрі қарай сенімді және нәтижелі жұмыс атқаруға көмектескен.
Жоба авторларға не берді?
Кішкентай бір қатенің өзі өнертабысты нәтижесіз етеді. Сондықтан авторлар барынша мұқият болуға тырысқан. Қазіргі мақсаты — ол туралы көбірек ақпарат таратып, қолданушылар санын арттыру. Медицина саласына енгізуді көздеп отыр. Өйткені қыздар бұл қосымша науқас адамға қай кезде де сенім береді деп есептейді.
Алғашқыда жауапкершілікті толық сезіне қоймадық. Жобаны жүзеге асыру кезінде оның маңызы мен пайдасын түсініп, басқа мәселелерге де көңіл бөле бастадық. Команда болып жұмыс істеудің маңызын ұғындық. Кейде топта түрлі көзқарас пайда болып, пікір қайшылығы туып жатады. Бұл бір-бірімізді жақсы түсініп, жұмысты нәтижелі аяқтауға көмектеседі. Алдағы уақытта астматологпен, эпилептологпен тығыз жұмыс істеуді көздеп отырмыз. Өйткені ұялы қосымшаны әлі де толықтырып, жаңарту қажет, — дейді өнертапқыштар тобы.