Басты бетЖаңалықтарШымкентте балаларға...

Шымкентте балаларға арналған кинофестиваль өтеді

Облыстық мәдениет басқармасы мен «Оңтүстікфильм» коммуналдық мекемесі ұйытқы болған байқауға 30 өтініш келіп түсіпті. Әділқазы алқасы олардың ішінен 23 үздік туындыны таңдап алған.

«Елбасы Нұлсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Қазақстандықтардың жас буынын адамгершілік рухта тәрбиелеуге бағытталған анимациялық фильмдер жасау маңызды»,- деп айтқан болатын. Балаларға арналған қысқаметражды фильмдер фестивалін ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, оларға ой тастау, осы саланың болашақ мамандарына серпін беру, кинонидустрия саласының дамуына үлес қосу», — дейді «Оңтүстікфильм» директоры Батырхан Дәуренбеков.

Байқауға әртүрлі жанрда 13 қысқаметражды, 7 анимациялық фильм мен 3 әлеуметтік ролик ұсынылып отыр. Оларға киносыншы, өнертану ғылымының кандитаты Гүлнәр Амангелдіқызы, «Балапан» телеарнасының директоры Ләйла Сұлтанқызы бастаған әділқазылар төрелік етеді. Ол үздік туындыны телеарнаның барлық талабына сай келсе, «Балапан» телеарнасынан көрсетуге уәде етті.

«Соңғы жылдары елімізде, оның ішінде Шымкентте балалар фильмдері мен мультфильмдер көбірек түсіріліп, сапасы да жақсарып келеді. «Алтын сақа» атты осындай байқаудың ұйымдастырылып, қолға алынғанына қуаныштымын. Жас таланттарды елге танытады. Келесі жылы біздің телеарнамен бірлесіп, республикалық дәрежеде өткізуді жоспарлап отырмыз», — дейді Ләйла Сұлтанқызы.

Қала тұрғындары кинофестивальге қатысатын үміткерлердің фильмдерін 23 қыркүйек пен 3 қазан аралығында «Оңтүстікфильм» мекемесіне барып тамашалай алады. Бұдан бөлек балалар үйлері мен облыстық «Қазақстан-Шымкент» телеарнасынан көрсетіледі.

 

ДереккөзBnews.kz