Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы заңға қол қойды.
2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары дәрежеде ұйымдастыру және мазмұндық деңгейде мерекелеуді қамтамасыз ету үшін 2019 жылғы 1 шілдеге дейін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын (бұдан әрі – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы) дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрсын, — делінген жарлықта.
Президент 2019 жылғы 1 қазанға дейін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарды бекітуді тапсырды. Мемлекет басшысының үкімінде былай делінген:
- Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін кешенді жаңғырту жөнінде қажет шаралар қабылдасын;
- 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізсін;
- Абай Құнанбайұлының еңбектерін кең таралған негізгі шет тілдеріне сапалы аударуды жүзеге асыру, басып шығару және халықаралық ілгерілету жөнінде қажет шаралар қабылдасын;
- Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын Біріккен Ұлттардың Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) мен Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) аясында мерекелеуді ұйымдастыру жөніндегі мәселені пысықтасын және осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шаралар қабылдасын.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жарлықтың орындалуын бақылау ҚР Президентінің Әкімшілігіне жүктелді.
Абай Құнанбаев 1845 жылы Жидебай шатқалында (Семейден 180 шақырым) дүниеге келген. Шығыс Қазақстан облысына барған кезде Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде атап өтілетініне уәде берді. Сонымен қатар ұлы ақынның әкесі Құнанбай Өскембайұлының да есімін ұлықтауды қолға алу керек екенін айтқан болатын.
Біз ұлы Абай туралы айтқанда, оның әкесі Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Сондықтан алдағы уақытта облыс әкімдігі Құнанбайдың есімін ұлықтауға байланысты тиісті шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастыруы керек, – деді ол кезде Мемлекет басшысы.