Бұл — Ахмет Байтұрсынұлының Алматыда тұрған үшінші үйі. Үшеуінің ішінде сақталып қалғаны да — осы. Ол мұнда мемлекеттік қызмет атқарған кезінде, 1934-1937 жылдары тұрған. Осы үйден түрмеге әкетіліп, «халық жауы» деген айыппен ату жазасына кесілген.

Ахмет Байтұрсынұлы көшесіндегі үй 1994 жылдан бері музей ретінде жұмыс істеп келеді. Оның ашылуына ұлт зиялысының мұрагері Шолпан Ахметқызы тікелей атсалысқан. Кезінде «жаңа ғимараттарды көлегейлеп тұрады, сүріп тастау керек» деген шешім шығарылғанда үйді алып қалған Алматының бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағамбетов болыпты. Бұл үйге қазір шамамен үш ғасыр толды. Төрт бөлмесі, жертөлесі бар.

Ахмет Байтұрсынұлы музейі
Ахмет Байтұрсынұлы музейінің ішкі көрінісі. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Музейдегілердің айтуынша, келушілердің көбі «Неге мұнда үй иесінің тұтынған заттары аз?» деп сұрайды. Оның себебі — біреу-ақ. Алаш зиялысы бес рет түрмеге қамалып, екі рет жер аударылған. Әр қуғыннан кейін оның мүлкі тәркіленіп отырды. Тіпті, соңғы рет түрмеге алып кеткен кезінде жастанып жатқан жастығын, төсек-орнын сол жерде бірден тәркілеген. Бірақ Ахмет Байтұрсынұлының көзін көрген, араласқан, жанашыр азаматтар оның тұтынған заттарын, құнды естеліктерін сақтап, озбыр өкіметтен жасырып келген. Қазір олар музей қорын байытып тұр.

Ахмет Байтұрсынұлы музейі
Ахмет Байтұрсынұлының ақталғаны туралы анықтама.

Бес арыстың бірі 1988 жылы 4 қарашада толық ақталды. Жары Бадрисафа 1989 жылы, ал қызы Шолпан Ахметқызы 1990 жылы жазықсыз деп танылды. Барлық анықтама қызына табысталды. Ахмет Байтұрсынұлының өзінен ұрпақ тарамаған. Ағайындарының балалары Шолпан мен Самыратты жастайынан бауырына басқан.

Ахмет Байтұрсынұлының мұрагерлері — Самырат Мәшенұлы мен Шолпан Ахметқызы.

Музейде ұлт зиялысының өз қолымен жазған хаттары, құжаттары, естеліктері бар. Соның бірегейі — Міржақып Дулатұлымен алысқан хаттары. Зерттеушілердің айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының туыстық байланысы бар. Оған хаттары дәлел. Төменде берілген хаттарын аудармашылар тәржімалауда қиналған. Олар өздеріне ғана түсінікті тілде жазған тәрізді.

Ахмет Байтұрсынұлының хаты
Ахмет Байтұрсынұлының хаты. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ахмет Байтұрсынұлы — қазақ әліпбиінің негізін қалаған ағартушы. Оның араб графикасын таңдауының өзіндік себебі бар. Адам оңнан солға қарай жазғанда қолы тез талып кетпейді. Байтұрсынұлы құрастырған әліпби меңгеруге де жеңіл. Төте жазу аталуының себебі — осы.  Оны Қытайдағы қазақтар әлі күнге дейін қолданып келеді.

Ахмет Байтұрсынұлы, қазақ әліпбиі
Ахмет Байтұрсынұлы жасаған қазақ әліпбиі. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Алаш зиялысы Торғайда қазақ-орыс мектебінде төрт жыл білім алған. Одан кейін Орынборда мұғалім болып бес жыл қызмет еткен. Тоғыз жылдық қана білімі болса да, ол артына мол мұра қалдырды. Соның барлығы қазір өзінің үйінде, «Қазақ санасының шамшырағы» деп аталатын бөлмесінде жиюлы тұр.

Ахмет Байтұрсынұлы музейі
Ахмет Байтұрсынұлы білім алған мектеп. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Олардың кейбірі төте жазумен басылып шыққан. «Тіл құралы», «Әдебиет танытқыш», «Қазақ тіл білімінің мәселелері» еңбектері қазіргі күнге дейін құнды оқулық саналып келеді. Сол кездегі үкімет соңғы еңбегінің бірі — «Мәдениет тарихы» кітабының көп тиражбен шығуына тосқауыл болып, жарық көргеннен-ақ жыртқызған. Онда қазақтың мәдениеті, салт-дәстүрі, ұлттық ерекшеліктері жайында жазылған. Сол замандағы басты екі мәселе — қазақ  мектептерінің жабылып, орыс мектептерінің көбеюі мен мешіттердің орнына шіркеу тұрғызып, қазақтың түп-тамырына балта шабылып жатқанын осы кітапта көтерген. Кейін бұл кітаптың нұсқасы тарихшы Субихайдан табылған.

Ахмет Байтұрсынұлы, "Мәдениет тарихы" кітабы
Ахмет Байтұрсынұлының кесілген «Мәдениет тарихы» кітабы

Музейде зиялының жары Бадрисафаның да хаттары, «Дала уәлаяты» газетіне жазған мақалалары бар. Бадрисафаның ұлты — орыс. Қазақ зиялысына тұрмысқа шыққаннан кейін ислам дінін қабылдаған, қазақша сауат ашқан. Кей деректерде Ахмет Байтұрсынұлы оны бір үйге жалданып жұмыс істеп жүрген жерінен көріп, өзіне жар еткен деп айтылады. Алайда ұлт зиялысының оқымаған әйелге үйленбеуі мүмкін емес деп дау айтатындар да бар.

Ахмет Байтұрсынұлы, жары Бадрисафа
Ахмет Байтұрсынұлы мен жары Бадрисафа

Бадрисафаның ешбір суреті сақталмаған. Музейдегі бейнесін Шолпан Ахметқызы тапсырыспен салдыртқан. Ол суретшіге орыс қыздарының көп суретін жинап, ұқсас жерлерін айтып отырып, образын жасатқан.

Ахмет Байтұрсынұлы музейі
Ахмет Байтұрсынұлының шаңырағы қолданған тұрмыстық заттар. Фото:

Музейдің төрінде тұрған ыдыс-аяқ, самаурын, құманды Ахмет Байтұрсынұлының үй-іші қолданған. Құнды экспонатты музейге Шолпан Ахметқызы мен зиялының жиені Айман Байсалова өткізген. Музейге кейіннен қосылған жәдігердің бірі — Ахмет Байтұрсынұлының қол шабаданы. 1928 жылы Бадрисафа қаражат тапшылығынан шабаданды сатып жіберген екен. Оны алған адамдар музей ашылғаннан кейін «Бадрисафа апа бізге өткізген, сіздерге аманаттайық» деп табыстаған.

Ахмет Байтұрсынұлы
Ахмет Байтұрсынұлы түсірген сурет. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ахмет Байтұрсынұлы ән де жазған, фотоға да шебер түсірген. Оның халық жадында сақталып қалған «Іңкәрім» атты әні бар. Шолпан Ахметқызының Іңкәр есімді құрбысы болған. Ән соған арналып жазылуы мүмкін деген болжам бар. Жоғарыдағы суретте Іңкәр Шолпан Ахметқызын алдына алып отыр. Фотоны Ахмет Байтұрсынұлы түсірген.

Ахмет Байтұрсынұлы музейі
Ахмет Байтұрсынұлы музейі. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Музейде тұрған бұл суреттің авторы белгісіз. Мұнда ашаршылықты қолдан жасаған, қазақ зиялыларын репрессияға ұшыратқан Филипп Голощекин құзғын кейпінде бейнеленген. Фото Ахмет Байтұрсынұлын 1937 жылы 11 тамызда түрмеге тікелей алып кеткен бөлмесінде тұр.

Ахмет Байтұрсынұлы музейі
Ахмет Байтұрсынұлы музейі. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Дәл осы бөлменің бұрышына «тергеу камерасы» жасалған.

Ахмет Байтұрсынұлы музейі
Ахмет Байтұрсынұлының туған жерінің топырағы және зиялының соңғы түскен суреті. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Алаш зиялысының нақты қай күні атылғаны белгісіз. Кей деректерде 8 қазанда, кейбірінде 9 желтоқсанда деп айтады. Анығы — Алматының жерасты жолдарының бірінде атылғаны. Алайда сүйегі қайда екені әлі күнге дейін беймәлім. Музейге туған жері — Торғайдың бір уыс топырағы арнайы қойылған. Жары Бадрисафаның да жаны қалай қиылғаны белгісіз. Кей деректе қарттар үйінде дүниеден өтті десе, қуғын-сүргінге ұшырап, денесі көмусіз қалды деп айтатындар да бар.

Соңында ұрпағы қалмаса да, олардың іздеушілері жоқ емес. Інісі Мәшеннің ұлы Самырат Ахмет Байтұрсынұлы атынан қор ұйымдастырды. Қазір бұл қорды Серік Самыратұлы басқарады. Шолпан Ахметқызы дүниеден өтпес бұрын Ахмет Байтұрсынұлы музейінің жұмысын қазіргі директоры Райхан Имаханбетоваға аманат еткен екен. Ол осында 27 жылдан бері тегін қызмет атқарып келеді. «Музейге айына 400-500 адам келеді. Олардың барлығын тіркеп отырамыз. Өйткені бұл — музейді мемлекет меншігіне айналдыру үшін қажет болуы мүмкін дерек», — дейді музей қызметшісі Балжан Кәдірбек.

1 пікір

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!