«Қазақстандағы практикалық журналистика 3.0», 2017
Кітапта журналист, редактор, эксперт, заңгер барлығы – 17 автордың фактчекинг, мультимедиа, дата-журналистика, SMM сияқты медиа саласындағы соңғы трендтер мен жанрлар туралы ой-пікірі жазылған.
Медиа саласындағы соңғы трендтер мен жанрлар туралы Назгүл Қожабекова, Асхат Еркімбай, Игорь Братцев және Павел Банников сынды тәжірибелі мамандар айтса, онлайн-жаңалық жазу туралы Vlast.kz порталының негізін қалаушы Вячеслав Абрамовтың кеңесі ұсынылған. Кітапта автор-колумнист Гүлнар Бажкенова да тәжірибесін бөлісті. Ақпарат көздерімен жұмыс істеу жөнінде «Эксперт Қазақстан» редакциясының жетекшісі Сергей Домнин, экономикалық журналистика туралы Мария Гордеева, сұхбат алу құпиялары туралы телевизияда және басқа БАҚ түрлерінде тәжірибесі бар Гүлмира Қамзиева айтқан. Жаңалық жүргізушісінің жұмысы туралы тележүргізуші Шолпан Елеусізова айтса, журналист құқығы жөнінде Internews заңгері, елдегі медиа саласындағы заңгерлердің бірі Ольга Диденко жазды. Кітаптың ерекше және маңызды бөлімі журналистік этикаға арналды. Танымал журналистер – Жұлдыз Әбділда, Есенгүл Кәпқызы және Мұхтар Сеңгірбай қақтығыстардан хабар тарату мен ұлтаралық мәселелерді қалай қозғау керек екені туралы жазды. Авторлар қатарында Литва мен Украина мамандары да бар. Олар — халықаралық журналистика жөніндегі тараудың авторы Викинтас Пугачаускас пен фактчекинг және ақпаратты тексеру туралы жазған Михайло Кольцов.
Кітап дәл осындай атаумен 2006 және 2008 жылдары да жарық көрді. Бұл кітап — үшінші нұсқасы. Үш кітап та бірегей, бір-бірін қайталамайды. Тек концепциясы ортақ – қазақстандық және шетелдік медиа мамандарының практикалық тәжірибесі мен ұсыныс-кеңестерін бір басылымда толықтыру.
«Баспасөз релизі. Баспасөз конференциясы. Жұмыс тәжірибесі», 2013
Қай саланың болмасын, қызмет немесе тауар ұсынатын ұйым, компанияның ісін алға жылжытып, табысын арттырушылардың бірі — баспасөз хатшысы. Оның қызметі — бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс. Бұқаралық медиамен байланыс бірнеше арна арқылы жүзеге асады. Солардың бірі — баспасөз конференциясын ұйымдастыру және өткізу. Бірақ баспасөз конференциясын өткізу үшін баспасөз релизін сауатты және дұрыс жазып, оны БАҚ-қа жолдау қажет. Осы қызметті мінсіз орындау үшін баспасөз хатшысына «Баспасөз релизі. Баспасөз конференциясы. Жұмыс тәжірибесі» оқу құралы көмекке келеді.
Оқу құралды ҚазҰУ журналистика факультетінің профессоры Ләйлә Ахметова жазды. Онда баспасөз релизін жазу, баспасөз конференциясын және телеконференцияларды өткізу мен БАҚ-пен жұмыс істеу әдістері жазылған. Әр тақырып нақты үлгімен түсіндіріледі. Оқу құралының екінші жартысында барлық құжаттың үлгісі, типтік бланкілер келтірілген (мысалы, БАҚ-пен жұмыс жоспары, бұл баспасөз пакетіне, сауалнамаға және тағы басқаларын қосу қажет). Оқулық практикалық тәсілмен жазылғандықтан осы сала мамандарына түсінікті әрі ұтымды жеткізілген.
«Жаз әрі қысқарт», 2018 — «Пиши и сокращай»
Авторлар Максим Ильяхов пен Людмила Сарычева ақпарат, жарнама, журналистік және публицистикалық мәтін жазуды үйретеді. Үйретіп қана қоймай, мысалдар келтіру арқылы қай мәтін жақсы, қайсысы қате жазылғанын көрсетеді. Бұл кітап орыс тілінде жазатындарға көбірек пайдалы. Дегенмен онда қазақтілді журналистерге мәтін жазуда көмектесетін кеңес те бар. Мысалы, «Журналистің мәтінінде не болмауы керек?», «PR-маманның мәтіні қандай жағдайда құнды болады?» және сол сияқты тағы басқа сұрақтарға жауап беріп, мәтінді сапалы жазудың қыр-сырын үйретеді. Оқу құралы мәтінді барынша қысқа, түсінікті әрі ұғынықты етіп жазуға үндейді. «Пиши и сокращай» журналистерге ғана емес, маркетолог, PR-маман, копирайтер, редактор, блогер, мәтін жазумен айналысатын мамандарға арналған.
«Журналист шпаргалкасы», 2016 — «Шпаргалка для журналистов»
Мадина Әлімханованың кітабы жас маманға журналистиканың барлық жанрында жазуды үйретіп, практикалық кеңес береді. Онда жас журналистің сапалы мәтін жазуға дағдылануына 60-тан аса жаттығу да берілген. Кітапты журналистика факультетінің студенттері өз бетінше оқуына және баспасөз қызметінің мамандарының БАҚ-пен жұмыс істеудің тиімділігін арттыру мақсатында оқуына болады.
«Фактчекинг журналистика зерттеуінің тренді: мүмкіндігі мен болашағы», 2017
Украиналық фактчекер Александр Гороховскийдің оқу құралы қазақ және орыстілді оқырмандарға қолжетімді. Автор еңбегінде деректі тексерудің, жалған дерекпен күресудің негізгі тетігі болатын фактчекинг әдістемесін егжей-тегжей түсіндіреді. Жанр ретінде фактчекинг — қазіргі әлемдік медиаортада дезинформацияға жол бермеу мақсатында қолданылатын негізгі құрал. Ол жарияланған фактілер, фото мен видеоның рас-өтірігін анықтайды. Саясаткер, шенеунік және қоғам қайтаркерлерінің де ел алдында айтқан сөздері мен мәлімдемелерінің шындыққа қаншалықты жанасатынын тексереді, аңыздар, стереотиптер мен жалған ақпаратты әшкерелейді.
Оқулық журналистика факультетінің ұстаздарына, студенттеріне, медиасарапшыларға, ньюсмейкерлерге, блогерлерге және тағы басқа медиа саласында жұмыс істейтін маманның барлығына пайдалы.