«Токиоға дайындалатын боламыз, өз рекордтарымды жаңартуға тырысамын», — деді бүгін Рио-де-Жанейродан оралған спортшы тілшілерге берген сұxбатында.
Оның сөзіне қарағанда, әлем рекордын орнатып, паралимпиада алтынын жеңіп алатынын бапкерімен бірге алдын ала сезген.
«Таблодан нәтижемді көргенде, ойлаған жоспарымыз орындалғанына қатты қуандым. Ең бірінші жеңісімді бапкеріме, сосын барша қазақстандықтарға арнаймын. Жеңіс бірден келген жоқ, мен оған 25 жыл бойы дайындалдым. Кезең-кезеңмен нәтижелерімді жақсартып, бапкердің дұрыс тактикасы арқасында жеттім», — деді ол.
Айта кетейік, қазақстандық жүзуші әлем рекордын жаңартып, алтын медаль еншілеп қана қоймай, Паралимпиада ойындарының үздік спортшы әйелдерінің үштігіне енді.
«Үштікке қалай енгенімді өзім де білмеймін. Мен әрдайым көңілді жүретінімді, жарқын жүзімді көріп, ұнатқан шығар, сол себепті тізімге енген де болармын», — деді З. Ғабидуллина.
Еске салсақ, Риода өткен Паралимпиада ойындарының нәтижесі бойынша, Зулфия Ғабидуллина 100 метрге еркін әдіспен жүзуден алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар 50 метрге еркін әдіспен жүзуден 4-орын және 50 метрге шалқалап жүзуден 6-орын иеленді.
Риодағы Паралимпиада ойындарына Қазақстаннан барлығы 11 спортшы аттанған болатын.