«Тақтар ойынының» әрбір жаңа сериясы фанаттардың толассыз эмоциясын тудыратын. Кезекті эпизод шыққан сайын спойлерден тығылатын жер таппай қалғандай боласың. Әсіресе, әлеуметтік желіде жиі отыратындардың құпия болуы тиіс ақпаратты көріп қалу қаупі аса күшті.

Кейбір адамдардың саналы түрде интриганы жойып, жаңа серияны көрудің рақатын бұзғысы келіп отыратыны неліктен?

Психотерапевт, медицина ғылымдарының кандидаты әрі Невроздар мен Альцгеймер ауруын емдеу орталығының басшысы Жібек Жолдасова адамдардың спойлерге әуестігіне олардың өз ішкі бағасын арттыруға тырысуы себеп.

Айналадағыларға көрген-білген нәрсенің әсерін айту — адам психикасы үшін қалыпты жағдай. Бірақ адам айтқалы отырған ақпаратының зияны біреуге тиетінін біле тұра өзін тыя алмаса, бұл — басқа жағдай. Бұл ақпарат оған айтылған құпия немесе сол біздің жағдайымыздағы спойлер болуы мүмкін. Мұндай адамның мақсаты өзге адамды және оның сезімін кез келген жолмен табалау болуы мүмкін. Ол сол арқылы өзін басқалардан жоғары қойып, өзінің дұрыстығын көрсетуге, өз маңызын арттыруға тырысады. Адамдардың өзін-өзі төмен бағалауы да мұндай әрекетке себеп болатыны ғажап емес, — дейді Жібек Жолдасова.

Сондықтан көптеген адам үшін спойлер айтудан аулақ болу — нағыз сынақ. Тіпті, бұл — жаныңдағы адамдардың әдептілігін, жауаптылығы мен адекваттығын тексерудің жолы.

Event Avenue корпоратив коммуникациялар агенттігінің PR-директоры Сая Асанова спойлер не үшін теріс қабылданатынын және әлеуметтік желіде спойлерден болдырмаудың амалын айтты.

Әдетте офлайнда әрбір адам отбасы, достар, жұмыстастар, көршілер сияқты шектеулі адамның ғана ортасында ақпарат көзі болуы мүмкін. Ал конференция немесе мерекелік банкетте қолға микрофон алған кезде сізге ондаған, тіпті, жүздеген адамның назары ауады. Әлеуметтік желілер де сол сияқты, әдеттегіден көп адамның көңілі сізге ауғанда медиаға айналасыз. Интернетте де шынайы өмірдегідей өзін-өзі ұстау ережелері бар. Бұл ережелердің нұсқаулығын табуыңыз екіталай, бірақ ненің жақсы, ненің жаман екенін интуициямен түсінуге болады. Егер күмән болса, постты жарияламастан бұрын өзіңізден «дәл осыны адамның бетіне айта алар ма едім?», «мұны менің ата-анам не балаларым көргенін қалаймын ба?» деп сұрап көріңіз. Егер сұрақтардың жауабы «иә» болса, неге жарияламасқа?! Спойлер де сол сияқты. Қолданушылардың көбі спойлерді жаман қабылдайды деген пікір бар. Сондықтан өзінің беделіне бейжай қарамайтын адам сериалға қатысты постты жариялау үшін ең болмағанда келесі серияның шыққанын күткені абзал. Ал материалды дереу жариялау керек болса, мәтіннің басында контентте спойлер бар екенін алдын ала ескерту керек. Мұндай амалды көбіне рейтинг қуып, аудиториясын жоғалтқысы келмейтін танымал ақпарат алаңдарынан жиі байқаймыз, — дейді Event Avenue корпоратив коммуникациялар агенттігінің PR-директоры Сая Асанова.

(Иллюстрация: Dribbble.com ©Mary Kotyshova)

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!