29 мамырда президенттікке кандидаттардың теледебаты болады

29 мамырда Қазақстан президенттігіне кандидаттар арасында теледебат өтеді. Бұл туралы хабарлама Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында жарияланды.

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президентін кезектен тыс сайлауда сайлау алдындағы пікірталастар мен пікірсайыстарды өткізу туралы қаулыны қабылдады. Қабылданған қаулымен сайлау алдындағы телевизиялық пікірталастар мен пікірсайыстар күні анықталды — 2019 жылғы 29 мамырда Нұр-Сұлтандағы «Хабар» агенттігі» акционерлік қоғамының телевизиялық арнасы эфирінде өткізіледі, — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта Президент сайлауы алдындағы телевизиялық пікірталастар мен пікірсайыстарды жүргізу тәртібін көздейтін регламент әзірленді.

Теледебат 3 раундқа бөлінген. Бірінші раундтың тақырыбы  — «Қазақстанның экономикалық даму басымдықтары». Бұл раунд екі турдан тұрады: бірінші турда әрбір қатысушы өзінің сайлау алдындағы бағдарламасын таныстыру мақсатында сөз сөйлесе, екінші турда оппоненттердің сұрақ-жауап түріндегі пікірсайыс сессиясы болады. Қатысушылар оппоненттеріне екі сұрақтан қояды және екі сұраққа жауап бере алады.

Екінші раундтың тақырыбы — «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы». Бұл раундтың бірінші турында қатысушылар берілген тақырып бойынша сөз сөйлейді. Екінші турда жүргізушілер барлық қатысушыға бір сұрақтан қойып шығады.

Үшінші раундтың тақырыбы — «Сайлаушыларға арнау». Үшінші, қорытынды раундта қатысушылар тікелей сайлаушыларға арнап сөз сөйлейді.

Еске салайық, Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы 9 маусымда болады. Сайлауалды үгіт-насихат 8 маусымда аяқталады.