Бағдарламаның жүргізушісі — Аман Тасыған. Ол жаңаша және консерватив көзқарастағы екі кейіпкерге тақырып ұсынады. Кейіпкерлер қоғамдағы өзекті мәселе туралы ойын айтып, еркін форматта сұхбаттасады. Мұның бәрі жертөледе өтеді. Себебі бағдарламаның соңында қонақтар керексіз ойын жертөлеге қалдырып, жаңғырған көзқарасымен жоғарыға көтеріледі. New Old Qazaqtar атауы — сөз ойыны, оны «Не болды қазақтар?» деп түсінуге де болады.
Бағдарламадағы позициям — жай жүргізіп қоймай, арасында екі жаққа да қатысты пікірімді айтып отыру. Бұл — басты мақсатым. Үлкендерден де үйренеріміз бар, артымыздан ерген жастардың ішінде қайнап жатқан жаңа идеялары бар. Х пен Z ұрпағының арасын жалғайтын буын — ол біз, Y ұрпағы. Ағаларымыз бен інілеріміздің ортасындағы алтын көпір болайық деген ниетпен осы бағдарламаны ұсынып отырмыз, — деді бағдарлама жүргізушісі Аман Тасыған.
New Old Qazaqtar YouTube-жобасының бірінші санында «ТV тозды ма, YouTube озды ма?» тақырыбы талқыланды. Ұйымдастырушылар телевизия журналистері мен интернеттегі видеоконтент авторларын шақырып, алғашқы санын үлкен экраннан көрсетті. Талқылау алаңында «Баға Like» YouTube-жобасының авторы Олжас Оқас пен «КТК» телеарнасының журналисі Гүлмира Әбіқай көзқарас таластырды. Олар жертөледе отырып, әрқайсы өз саласын қорғап шығуға талпынды.
Бағдарламаның алғашқы тақырыбына көрермен арасынан TV журналистері көп пікір айтты.
Телевизия мен YouTube-ті салыстыру әділ емес. Себебі YouTube-те бостандық бар, телевизияда ол жоқ. Сондықтан бағдарлама мүгедек бала мен спортшыны жарыстырғандай әсер қалдырды. Негізінде YouTube — мықты платформа. Бағдарлама жаман емес, тек басқа тақырып таңдау керек еді, — деп пікірін айтты «КТК» телеарнасының журналисі Азамат Есберген.
Бағдарламаның алғашқы шығарылымы 50 минутқа созылды. Келген қонақтар хронометраж тым ұзақ екенін айтты.
Бөлменің есігін жауып, кіруге болмайды десе, одан сайын кіргің келеді ғой. Тура сол сияқты мұндай бағдарламаларды еркін болуды қалайтын адамдар көреді. Басында «Түсірілімге неге жертөлені таңдады екен?» деп отырдым. Негізі ол да — бір ерекшелік. Тек хронометраж ұзақ болды. Келген екі қонақ бар ойын алғашқы 15 минутта-ақ айтып тастады. Қысқартып, 30 минуттық бағдарлама жасасаңыздар, халық үзбей көреді деп ойлаймын, — деді тележурналист Мақсат Толықбай.
Келушілер бағдарламаның форматын емес, тақырыбын көбірек талқылады. Бірақ мұндай жобалардың көрерменге қажет екенін айтқандар да болды.
Өзге елдер ең танымал жобаларын интернетке жүктеп, қаражат табады. Халық соны көру үшін ақша төлейді. Осы арқылы авторлар да сапаны көтереді. Телеарналар интернетке көшсе, эфирге шығара алмайтын бағдарламаларын желіге жүктесе, қаржы проблемасы шешіліп, сапа көтеріледі. Әлемдік жобалар бұл айтқанымды дәлелдеп келеді. Тек YouTube жасандылықты жек көреді, кез келген видео шынайы болғаны дұрыс, — деді актер Ақжол Әбіл.
New Old Qazaqtar YouTube-жобасының алғашқы саны осы аптада шығады. Жоба жастарға да, ересектерге де арналған. Бағдарлама авторлары көрерменнен қызық пікір күтеді.