«Әулет» телехикаясы жарық көрді

Бұл туынды бүгінгі күннің өзекті тақырыбын қаузаған отбаслық драма. Телехикая бір әулеттің басынан кешкен шытырман оқиғаларды баяндайды. Туындының тақырыбы, мазмұны, көтерген жүгі де біз кешіп жатқан өмірдің көріністерін дөп басумен ерекше. Бүгінгі қоғамда белең алып бара жатқан кейбір мәселелер телехикаяның негізгі тақырыбын құрайды. Адами болмыстың нарық заманындағы саудаға түсуі, күнделікті күйбең тірліктің көріністері де менмұндалап көрінеді. Өз уақытында ешкімнің ала жібін аттамай өскен бір әулеттің арқа сүйер асқар тауы Қаршыға атты кейіпкердің қашан да өз болмысы мен шындығын жоғалтпай, талай қиындықты басынан өткерсе де өз әулетін береке бірліктен еш аластатпағаны көңілге жылылық ұялатады.

Бауырлар арасындағы түсінспеушілік, пенделік сынды мәңгілік тақырып та бұл хикаяның оқиға желісімен сәтті өрілген. Отбасылық құндылықты бірінші орынға шығаруды көрермен санасына сіңіре отырып, әр адамның басынан кешкен қоғам болмысын дөп басып көрсетеді. Ауыл өмірі қаз қалпында беріліп, сан түрлі мінез бен кейіпкер бейнелері өзара тоғысып кеткендей, тіпті, кейде осы хикаяның кейбір оқиғалары шынайы өмірде біздің басымыздан өтіп жатқан өмір шындығымен астасып жатады. Қашан да өміршең туындының сәтті шығуы кино мамандарының еңбегіне байланысты болса керек. Тігісі жаттық сценарий, режиссерлік өткір шешім, актер ойыны бір-бірін толықтырғанын бұл жаңа хикаядан тануға болады.

Жаңа туынды көпшіліктің көңілінен орын тебері сөзсіз. Әр күн сайын Астана арнасынан 19:00 де, «Әулет» телехикаясын тамашалаңыздар!