Еnergyprom.kz мамандарының мәліметінше, резеңке және пластмасса өндірісі еліміздің негізгі үш өңірінде шоғырланған. Олар: Алматы (12 миллиард теңге, жалпы Қазақстан бойынша осындай өндірістің 17,9%-ы, былтырғыдан 40,4%-ға көп), Нұр-Сұлтан (10,5 миллиард теңге, еліміз бойынша резеңке-пластик өндірісінің 15,6%-ы, былтырғыдан 30,9%-ға көп) және Алматы облысы (10,3 миллиард теңге, республика бойынша мұндай өндірістің 15,4%-ы, бір жылда 7,3%-ға азайған).

Полиэтилен, полимер

Мамандардың мәліметінше, бір жыл ішінде пластмасса плиталарын, парақтары мен пленкаларын өндіру 15%-ға, пластик есік-терезе өндіру 9,4%-ға, пластмассадан жасалған тұрмыс бұйымдарын өндіру 11,6%-ға, полиэтилен пакеттер мен сөмкелер өндіру 63,3%-ға артқан. Өндірушілер этилен полимерінен, пропилен мен винилхлоридтен жасалған құбырлар мен шлангалардың 1 келісінің бағасын 665 теңгеге, яғни 9,6%-ға көтерді. Полиэтилен плиталар мен пленкалардың келісі 696 теңгеге, яғни 7,4%-ға, ал полимер плиталар мен пленкалардың келісі 708 теңгеге қымбаттаған. Пластик терезелер мен жақтаулардың келісі 1081 теңгеге, яғни 7,1%-ға қымбаттаған.

Полиэтилен, полимер

Айта кетейік, ҚР Энергетика министрлігі бөлшек сауда орындарында сыйымдылығы шағын полиэтилен пакеттерді сатуға кезең-кезеңмен тыйым салу мәселесін қарастырып жатыр. Бастамаға мұндай өнімдердің қоршаған орта мен адам денсаулығына нұқсан келтіруі себеп.

Алғашқы кезеңде полиэтилен пакеттерді тегін таратуға, кейін оларды ел аумағында сатуға тыйым салынады.

Қазақстанда қатты тұрмыс қалдықтарын бөліп жинаумен, сұрыптаумен және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың саны 115-тен 150-ге дейін артқан. 51 елді мекенде қоқысты ажыратып жинайтын орын, 30 елді мекенде қатты қалдықты сұрыптайтын орын ашылған. Елімізде тұрмыс қалдықтарын қайта өңдеу 2017 жылғы 9%-дан биыл 11,5%-ға артты.

(Иллюстрация: Dribbble.com ©Melissa Deckert)

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!