Ұлттық киноны қолдау орталығына басшы тағайындалды

Жаңадан құрылған «Ұлттық киноны қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы болып Андрей Хазбулатов тағайындалды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Facebook-те хабарлады.

Достарым, бүгін менің бұйрығыммен «Ұлттық киноны қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болып Андрей Хазбулатов тағайындалды, — деп жазды министр.

Андрей Хазбулатов — философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, 2050 жылға дейінгі ҚР Мәдени саясаты тұжырымдамасы, ҚР «Кино туралы» заңы авторларының бірі. Ол біраз жыл Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы, проректоры болды, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ президенті, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры қызметтерін атқарды.

Әдебиет пен өнер қайраткерлерінің мемлекеттік стипендиясының иегері, Ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі, ғылым мен техника саласындағы үздік жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы қоры сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО жөніндегі Ұлттық комиссиясының мүшесі. Мәдениет және өнер саласындағы отандық және шетелдік жобалардың ғылыми және көркемдік жетекшісі. 50-ден астам ғылыми мақала мен 2 монографияның авторы.

Айта кетейік, «Ұлттық киноны қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы 2019 жылдың наурыз айында «Кинематография туралы» заң қабылданғаннан кейін құрылды.