Ресейдегі «Голос. Дети» тележобасының шеф-редакторы Александр Подъяпольский инфарктпен ауруханаға түсіп қалды. Бұл туралы «РИА Новости» хабарлады.
Александр Подъяпольскийдің зайыбы, «Русское радио» радиостанциясының жүргізушісі Алена Бородинаның хабарлауынша, қазір шеф-редактор дәрігерлердің бақылауында, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Сашада инфаркт болғаны рас, ол 30 сәуірде «Останкинодан» ауруханаға жеткізілді, қазір бәрі жақсы, ол дәрігерлердің бақылауында, — деп хабарлады Алена Бородина.
Кейін ол бұл туралы Instagram-да да жазды.
Қорқынышты. Төрт жылдай бұрын инфаркт әкемді алып кеткен еді, енді, міне, кеше — Саша… Ол жансақтау бөлімінде, дәрігерлердің тұрақты бақылауында жатыр — мың жылда тұңғыш рет ұялы телефонсыз, ол телефонын ешқашан өшірмейтін, — деп жазды.
Алена Бородинаның айтуынша, күйеуінің мұндай жағдайға ұшырауына қатты күйзелуі себеп.
Еске салайық, «Первый канал» телеарнасындағы «Голос. Дети» жобасының 6-маусымының қорытындысы үлкен жанжалға айналған еді. Тележобаның финалында әнші Алсудың қызы Микелла Абрамованың жеңіске жетуі көпшіліктің наразылығын туғызды. Байқауда қазақстандық Ержан Максим тамаша өнер көрсетті деп есептейтін көрермен бағдарламаға бойкот жариялады. Ресейдің Максим Галкин, Валерий Меладзе, Иосиф Пригожин, Станислав Садальский, Алла Пугачева сияқты танымал өнер қайраткерлері де байқау финалы әділ болмады деген пікір білдірді.
Телеарна тексеру жүргізіп, дауыс беру кезінде сәйкессіздіктер болғанын хабарлады. Қазіргі уақытта балалардың өнеріне берілген дауысты тексерумен киберқауіпсіздік саласындағы Group-IB компаниясының мамандары айналысып жатыр. Аудит нәтижесінен соң хабар таратушы мұндай байқаудағы дауыс беру ережесін өзгертпек. «Россия» телеарнасы әнші Алсуды 14-18 мамыр аралығында Израильде болатын «Евровидение-2019» ән байқауының финалында Ресей қазыларының бағасын хабарлаудан шеттетті.
Ержан Максим «Голос. Дети» байқауында жеңімпаз болмағанына өкінбейтінін, керісінше, бұдан соң танымал бола түскенін айтты.