Кандидат Жұматай Әлиев мемлекеттік тіл емтиханынан өте алмады

Президенттікке кандидат Жұматай Әлиев мемлекеттік тілді меңгермеген. 2 мамыр күні ҚР Орталық сайлау комиссиясы жанынан кандидаттардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау үшін құрылған лингвистикалық комиссия осындай қорытынды шығарды.

Бүгін «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен президенттікке үміткер ретінде ұсынылған Жұматай Әлиев емтиханға берілген уақытын толық пайдаланды. Комиссия барлық кезеңді жан-жақты талқылады, — деді үміткердің емтихан нәтижесін жария еткен лингвистикалық комиссия мүшесі Әділ Ахметов.

Комиссия мүшесінің айтуынша, Жұматай Әлиев бірінші кезеңде «Мемлекет және дін» деген тақырыпта шығарма жазған. Мәтінде 19 қате жіберген.

Тақырып мүлдем ашылмаған, сөйлемдерінің барлығы жүйесіз. Дін мәселесі де мүлдем ашылмады деуге болады, үстірт. Екінші кезеңде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының 2-томынан үзінді оқыды. Мұхтар Әуезовтің сөзі қыздың жиған жүгіндей ғой. Мәтіннің өз әуезі бар. Бұл жерде де үміткер өзінің шорқақтығын байқатты. Үшінші кезеңде «Ырыс алды — ынтымақ» тақырыбында баяндама жасады. «Ырыс алды — ынтымақ» тақырыбы мүлдем ашылмады. Тағы да үстірт болды. Сауатсыз болды. Мәселен, бірінші кезеңдегі шығармада бас-аяғы 13 сөйлемде 19 қате. Өздеріңізге белгілі, 8-ден асса, ол шығарма теріс бағаланады. Сондықтан комиссия «президенттікке үміткер Жұматай Әлиев мемлекеттік тілді еркін меңгермеген» деген қорытынды шығарды, — деді ол.

ДереккөзInform.kz