Басты бетЖаңалықтарЕлжан Біртанов:...

Елжан Біртанов: Алматы — медицинада корпоратив басқаруды енгізген алғашқы қалалардың бірі

Шағын ауруханалардан арылу керек

Денсаулық сақтау министрлігі қала, аудан орталықтарындағы бір-біріне жақын орналасқан ауруханаларды біріктіріп, медицина мекемелерін бірыңғай менеджментке көшіруді жоспарлап отыр. Мәселен, Алматыдағы көпбейінді балалар ауруханасы  жұқпалы аурулар ауруханасымен, кардиоорталық пен жедел медициналық көмек ауруханасы қосылады. Сонда мықты мамандар бір жерге шоғырланады да, кез келген науқасқа шұғыл көмек көрсетіледі, денсаулық сақтау саласында шығын үнемделеді.

Жансақтау,  қабылдау , операция бөлімдері  бір жерде  орналасса, маман тапшылығы болмайды. Бір мезетте көп адамға еш қиындықсыз көмек көрсетіледі. Қалған қызмет   бастапқы медициналық санитарлық көмек аясында реттеледі. 400-500 аса орны бар аурухананың ғана жұмысы тиімді саналады. Сондықтан шағын ауруханалардан  арылуымыз керек. Қазір Қазақстандағы медицина мекемелері орташа есеппен 140 адамға арналған. Әрине, елді мекендердегі мекемелерге тиіспейміз. Оларды, керісінше, күрделі жөндеуден өткізіп, халықаралық стандартарға ыңғайлау керек, — деді Елжан Біртанов.

Алматыда жергілікті, республикалық бюджет есебінен және кәсіпкерлердің көмегімен жаңа нысандар салынады.  Сонымен бірге  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында медицина мекемелерін сенімді қолға тапсыру жоспарланған. Нәтижесінде аурухана, емхананың менеджменті жақсарады, оларды күрделі жөндеуден өткізу үшін инвесторлар тартуға мүмкіндік туады.

Алматы пилот жоба ретінде медицина саласын сандық жүйеге көшірген. Бұл дәрігерлердің жүгін жеңілдетіп қана қоймай, ақпаратты сақтау, медициналық көмек, медикаменттерді тіркеудің сапасын арттырады, әкімшілік қызметкерлердің саны қысқарады. Ал МӘМС жүзеге асса, шығын тағы азаяды.

Елбасы биыл табысы төмен мемлекеттік аурухана, емхана қызметкерлерінің жалақысын  көтеруді  тапсырды. Бұл жерде кәсіпкерлер де әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, атсалысуы тиіс. Ал Алматыда жекеменшік клиника көп. Медициналық сақтандыру қоры олармен келісімге отырды, яғни клиникалар МӘМС жүйесі аясында  қолдау көреді. Мұның бәрі халыққа медицина қолжетімді болу үшін керек, -деді министр.

Жедел жәрдемге бюджеттен жәрдем болады

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматыдағы іссапары барысында жедел медициналық көмек көрсететін орталыққа барды. Мекеме халықаралық стандартқа сай, қабылдау бөліміне түскен науқастарды бірінші іріктеп алып, содан кейін емдейді. Мұнда мамандар еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін жедел жәрдем көрсетеді.

Кәсіпкерлердің қатысуымен №2 қалалық аурухана жанынан балаларға арналаған екінші жедел жәрдем көрсету орталығы ашылған. Онда да қазіргі талапқа сай қабылдау, жоғарытехнологиялы хирургия бөлімдері, операциялық блок бар. Бизнесмендердің әлеуметтік жауапкершілігінің арқасында, дәрігерлер қаншама баланы дер кезінде қарап, аман алып қалып отыр.

Жедел шұғыл медициналық көмектің сапасын арттыру азаматтар үшін өте маңызды. Проблема бар: Алматы — мегаполис. Қалаға аймақтардан көшіп келгендер көп. Ал өзге өңірлердің тұрғындары есепке алынбаған. Медициналық сақтандыру қорынан бұл салаға жеткілікті қаржы бөлінбеген. Біз бұл мәселені бірлесіп шешудеміз. Жедел медициналық жәрдемнің сапасын жақсарту үшін қазынадан қосымша қаржы бөлінеді. Бірақ министрліктің талаптары, халықаралық стандарттар орындалуы тиіс, — деді Елжан Біртанов.

Сонымен қатар министр Алматыдағы жедел шұғыл жәрдем көрсету ауруханасын да аралады. Бұл — тарихы тереңде жатқан, еліміздегі ескі медициналық мекеменің бірі. Жедел медициналық көмектің негізі осында қаланған деуге болады. Аталған ауруханада да 3Н жүйесі енгізілген. Қабылдау бөліміне түскен науқастар іріктеледі.

Алматы — науқастардың мұң-мұқтажын тыңдап, адамдармен ашық жұмыс істеу жағынан өзгелерге үлгі. Қалада тұрғындармен байланыс орнату үшін арнайы кеңсе ашылған, онда мамандар көптің арыз-шағымын тыңдайды. Бұл медициналық көмекті сапалы, қолжетімді етуге септігін тигізеді, — деді Елжан Біртанов.

Алматы — корпоратив басқару жүйесін жүзеге асырған алғашқы қалалардың бірі. Шаһарда жақында ғана бақылаушылар кеңесі құрылды. Кеңестің құзыры кең. Құрамына кәсіпкерлер, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері кіреді. Ол клиникалардың шығынын қадағалап, транспарентті басқаруға мүмкіндік береді. Бірінші басшыларды тағайындағанда үміткерлерді ашық талқыға салған да — Алматы. Мәселен, орталық аурухананың бас дәрігерінің орнына 8 кандидат өтініш білдірген. Әділ таңдау жасалды. Бұл тәжірибені барлық өңір пайдалану керек. Орталық аурухана, емхананың бас дәрігерлері халыққа жақын жүруге, қоғамға қызмет етуге міндетті.