9 қыркүйек күні №56 орта мектебінде қаланың бүкіл мектеп инспекторлары мен директорлары жиналды. Жиналыста терроризмге қарсы қандай алдын алу шаралары жүргізу керектігі жөнінде баяндалды.
Жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Малик Нұрсейітовтың айтуынша, намазға жығылған жасөспірімдер есепке алынып жүр.
— Қандай себеппен, неге дінге кіріп кеткені жөнінде тексеріс жүріп жатыр. Сондай-ақ, кәмелет жасқа толмағандарға инспекторлар лекция оқиды. Мектепте, колледждерде және жоғары оқу орындарда дінге кіргендер есепке алынады. Олардың үстінен бақылау ісі ашылады. Олардың үйіне барып, ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Осындай алдын алу шаралары атқарылады, — дейді аға инспектор.
Жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция басшысы Клара Исламованың айтуынша, намаз оқитын жасөспірімдер есепке алынбайды. «Бұл жұмыстарды полиция қызметі емес, антитеррористік орталық бақылауға алады» дейді Исламова.