№1 таптаурын түсінік

«Жігіттерге жылауға болмайды!»

Психолог Аида Өтемісованың айтуынша, стереотипке айналып кеткен бұл сөз баланы ұялшақ, сөзін еркін жеткізе алмайтын тұлғаға айналдырады.

Психолог Аида Өтемісова
Аида Өтемісова. Фото жеке архивінен

«Ата-ана баланың сезімін осылай жасырмақшы болса, оны өзінен алыстатып алады. Кейін бала ойындағысын ашып айтуға, шынайы сезімдерін білдіруге ұялып, қысылатын болады. «Сен жігітсің, саған жылауға болмайды» деген шектеу балаға «Мәселеңді өзің шешуің керек» дегендей ой тастайды»- дейді ол.

Бала мен ата-ананың арасындағы келіспеушілік көбіне баланың ересектерден қолдау көрмеуінен туады екен. Отбасынан таппаған қолдауды бала айналасынан іздей бастайды.

№2 таптаурын түсінік

«Суретші емес, заңгер боласың!»

Бала кезіндегі орындалмай қалған арманын баласына жүктейтін ата-аналар да кездеседі. Психолог баланың мамандық таңдауына қатысты қалыптасып қалған мұндай стереотип оның жеке өміріне қол сұғумен тең екенін айтады.

Ата-ана баланың не нәрсеге қызығатынын ескермей, болашақ жеке тұлға болатынын, оның да жеке өмірі, таңдауы болуы керек екенін ұмытып жатады. Көбіне мұндай жағдайда бала ата-анасының айтқанына көніп, «дұрысы — соны істей салайын» деп, өмірінің маңызды таңдауына бейжай қарайды, — дейді психолог.

Аида Өтемісованың айтуынша, мұндай мәселе баланың дербес жеке тұлға ретінде қалыптасуын тежейді.

№3 таптаурын түсінік

«Жұрттан ұят болады». «Жұрттың баласын қара!»

Бұл стереотип баласының жеке ерекшелігіне қарағанда жұрттың алдындағы абыройын көп ойлайтын ата-аналарда қалыптасқан. Психологтың айтуынша, «Ойбай, оқуға түспей қалсаң, жұрт не айтады», «Өзіңдей жұрттың баласы пысық» деген сарындағы сөздер баланы да біреудің пікіріне тәуелді етіп, өзіне сенімін жоғалтады.

Мұндай кезеңде балада ата-анасына деген өкпе, реніш қалыптасады. Олардың арасында жанжал, түсінбеушілік туады. Жұмыстан қолы босамай жүрген ата-аналардың баланы тыңдауға уақыты да, қызығушылығы да жоқ. Оларға мүмкін болса, баланы бос отырғызбай қосымша сабаққа немесе үйірмелерге беруді жөн санайды. Бірақ олар баланың ол жақта қандай нәтиже көрсетіп жатқанынан хабарсыз, — дейді Аида Өтемісова.

Ересектер «жұрттан ұят болады» дей отырып, көбіне баланың қалауына мән бермейді. Психологтың айтуынша, қазіргі ата-аналардың көбінің қатесі — баласын мәңгі бала қалпында қалады деп есептеуінде. «Сен не білесің?» деген түсінікпен баланы таңдау құқығынан шектейді. Сондықтан маман балаға келгенде жұрттың баласы мен пікірін құлаққа ілмеуге кеңес береді.

№4 таптаурын түсінік

«Тез үйлен!» немесе «Отырып қалма!»

Мұндай сөз әдетте жасөспірім шақтан енді асқандарға көп айтылады. Психологтың айтуынша, оған осы мәселе жөнінде оңтүстік өңірдің қыздары көп шағымданады екен. Баласының өмірін кішкентайынан өзі басқарып, бақылап келген ата-ана қызының ересек өміріне де араласуды осы кезде бастайды.

Бұл кезеңде ата-ана баланың жеке өмірін өзі сүруіне мүмкіндік беруі керек. Қызының арман-мақсатын елеместен «Елдің қыздары тұрмысқа шығып, ата-анасына немере сыйлап жатыр» деген желеумен ересек өмірге ертерек итермелейді. Бұл жерде тағы да баланың өз бетімен өмір сүруіне мүмкіндік бермейді. Мұның арты жас қыздың күйзеліске ұшырауына себеп болады, — дейді Аида Өтемісова.

Психолог бұлай айтуды мүлдем қате деп есептемейді. Бірақ ата-ананың бұған алаңдауы бастапқыда баласын ойлағаннан емес, «жұрттан ұят болмасын», «қызы отырып қалды демесін» немесе «ұлы үйленбеді демесін» деген ойдан.

№5 таптаурын түсінік

«Кім көрінгенмен дос болма!»

Бәрін бақылауда ұстауды қалайтын ата-ана балаға досты да өзі таңдап бергісі келеді. Психологтың айтуынша, мұндай тәрбиені көрген балада өз-өзіне сенбеу комплексі пайда болады.

Баланың ортасын бақылаған дұрыс. Бірақ баланы «Анаумен дос болма, мынаумен дос бол» деп басқару орынсыз. Мұндай жағдайда ата-ананың жай ғана баламен ақылдасып, дос туралы сөйлескені жөн, — дейді психолог.

Бұл стереотиптен кейін бала ата-анасының сөзіне тоқтамайтын адамға айналуы мүмкін. Бала өзін түсінбеген, пікіріне құлақ аспаған адамдардан алшақтай береді.

Соңы неге әкеледі?

Психологтың айтуынша, ата-ана баласын осындай таптаурын түсініктермен тәрбиелей берсе, мұның соңы баламен қарым-қатынасының сууына себеп болуы мүмкін. Үнемі шектеумен, өзгелердің пікірімен өмір сүрген бала туысқандарынан, айналасынан қолдау таппай, күйзеледі, суицидке бейім болады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!