Мемлекеттік мекемелерден ақпарат ала білеміз бе?

ақпарат қол жеткізу
Иллюстрация: Dribbble.com ©Albert Yih

Көпшілік мемлекеттік және басқа да органдардың ақпаратын журналистер ғана сұрап білуге құқылы деп ойлайды. Бірақ «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң бұл стереотипке қарсы келеді. Әр қазақстандық білгісі келген, заңмен тыйым салынбаған кез келген ақпаратты еркін алу және тарату құқығына ие. Ол «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңымен реттеледі.

1. Ақпарат алушының құқықтары мен міндеттері қандай?

1) заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпарат алуға және таратуға;

2) ақпарат беру туралы сұрау салумен өтініш жасауға;

3) ақпараттың нақтылығы мен толықтығын тексеруге;

4) сұрау салуды кері қайтарып алуға;

5) ақпарат алу қажеттігін негіздемеуге;

6) ақпаратқа қол жеткізу құқығының заңсыз шектелуіне, лауазымды адамдардың әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға;

7) ақпаратқа қол жеткізу құқығын бұзудан келген материалдық залал мен моральдық зиянның заңда белгіленген тәртіппен өтелуін талап етуге құқығы бар.

Ақпарат алушы "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" заңның талаптарын сақтауға міндетті.

2. Кімдер ақпарат беруге міндетті?

1) мемлекеттік биліктің, жергілікті мемлекеттік басқарудың және өзін-өзі басқарудың заң шығарушы, атқарушы және сот органдары мен мекемелері;

2) мемлекеттік органдар қатарына жатпайтын мемлекеттік мекемелер;

3) квазимемлекеттік сектор субъектілері (мемлекеттiк кәсiпорындар, ЖШС, АҚ, оның iшiнде қатысушысы немесе акционерi мемлекет болатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, еншiлес, тәуелдi және ҚР заңнамалық актiлерiне сәйкес олармен еншілес өзге де заңды тұлғалар);

4) бюджет қаражатын алған заңды тұлғалар;

5) өздері өндіретін немесе өткізетін тауардың, көрсетілетін қызметтің бағасына қатысты ақпарат бойынша мемлекеттік монополия субъектілері;

6) экологиялық ақпаратқа, төтенше жағдай, табиғи және техногендік апат, олардың болжамы мен салдары, өрт қауіпсіздігінің жай-күйі, санитариялық-эпидемиологиялық және радиациялық жағдай, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мен азаматтардың денсаулығына, елді мекендердің және өндірістік объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге теріс әсер ететін басқа да факторлар туралы ақпарат бойынша заңды тұлғалар ақпарат иеленуші саналады.

3. Ақпарат иесінің құқықтары мен міндеттері қандай?

Құқықтары:

1) құзыреті бар басқа ақпарат иеленушіге сұрау жіберуге;

2) сұрау салып, өтініш жасаған адамнан сұрау салудың мазмұнын нақтылауға;

3) ҚР заңдарында белгіленген жағдайларда және негіздер бойынша ақпарат беруден бас тартуға құқығы бар.

Міндеттері:

1) ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге;

2) ақпарат беруге қажет ұйымдастырушылық-техникалық және басқа да жағдайларды қамтамасыз етуге;

3) анық және толық ақпарат беруге;

4) берілетін ақпаратта лауазымды адам туралы мәліметтердің жеткілікті болуын қамтамасыз етуге;

5) ақпарат берудің заңда белгіленген мерзімін сақтауға;

6) сұрау салудың есебін жинақтап, қорытуға және талдау жүргізуге;

7) ақпарат беру кезінде мүгедектер үшін қажет жағдайды жасауға;

8) ақпарат қамтылған интернет-ресурстардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;

9) ақпарат берудің сапасы мен мерзіміне ішкі бақылау жүргізуге;

10) ҚР мемлекеттік құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпиялар туралы заңнамасын сақтауға;

 11) ашық деректер интернет-порталындағы ақпаратты тұрақты негізде орналастыруға;

Орталық атқарушы органдардың (ҚР Қорғаныс министрлігін қоспағанда) басшылары, әкімдер мен ұлттық жоғары оқу орындарының басшылары халық алдында атқарылған жұмыс туралы есеп беруге міндетті.

4. Қажет ақпаратты қайдан алуға болады?

Мына тәсілдермен қажет ақпаратқа қол жеткізуге болады:

  • сұрау салу бойынша;
  • ақпарат иеленушілер орналасқан мекемеге, үй-жайға немесе ғимаратқа барып;
  • мемлекеттік орган алқаларының отырысынан және ҚР Парламенті палаталарының ашық отырыстарынан, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті органдарының ашық отырыстарынан және мемлекеттік органдардың жыл қорытындылары бойынша өткізетін жиынды интернет-ресурстарда онлайн-трансляциядан қарауға болады;
  • орталық атқарушы органдар (ҚР Қорғаныс министрлігін қоспағанда) басшыларының, әкімдердің және ұлттық жоғары оқу орындары басшыларының есептерін тыңдау арқылы;
  • бұқаралық ақпарат құралдарынан;
  • ақпарат иеленушінің интернет-ресурсынан;
  • электрон үкімет веб-порталынан;
  • ҚР заңнамасында тыйым салынбаған өзге де тәсілдер арқылы.

5. Қалай қол жеткізуге болады?

Кез келген қазақстандық мазалаған сұрағының жауабын құзыретті мекемеге сұрау салу арқылы біле алады. Сұрау салу бойынша ақпарат тегін беріледі.

Қол жеткізу шектелген ақпаратты қоспағанда сұрау салу бойынша кез келген ақпарат беріледі.

Сұрақ ақпарат иеленушіге жіберілуі тиіс.

Сұрау салу ауызша немесе жазбаша нысанда, оның ішінде электрон құжат түрінде берілуі мүмкін.

Ақпарат алушы өзі келіп немесе телефон арқылы ауызша сұрау салып өтініш жасай алады.

Нақты қандай ақпаратты ауызша, жазбаша сұрау керек екенін "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" заңның 11-бабынан оқи аласыз.

6. Қандай ақпаратқа қол жеткізу шектелген?

Мемлекеттік құпияларға, жеке бас, отбасылық, дәрігерлік, банктік, коммерциялық және заңмен қорғалған құпияға және "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар қызметтік ақпаратқа қол жеткізу шектелген.

7. Жеке тұлғаға ақпарат беруден бас тартқандарға қандай жаза қолданылады?

  1. Ақпарат беруден бас тартқан, жеке тұлғаға толық емес немесе жалған ақпарат берген лауазымды адамдарға 15 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.

Егер бұл іс-әрекеттер жеке тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірсе, 50 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.

"Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" заңның 78-бабы.