Сауықтыру дене шынықтыруын гигиеналық тұрғыдан қамтамасыз ету

Мектептегі дене тәрбиесі оқушылардың ақыл – ой және дене қабілеттерінің дұрыс дамуына көмектеседі, ерік сапаларын қалыптастырады, күшін арттырып, денсаулығын нығайтады, организмін шынықтыру мен спорт саласындағы керекті дағдылармен қаруландырады.

Жоғарыда саналып кеткен міндеттер негізінен дене шынықтыру сабақтарында жүзеге асатын мектептегі дене тәрбиесінің бүкіл жүйесін дұрыс жолға қойған жағдайда ғана ойдағыдай шешіледі. Сондай-ақ оқушыларға оқу сабақтары басталғанша ұдайы гимнастика жасатып, оқу күні мен өндірістік практика барысында дене шынықтыру минуттарын, үзілістерді, ұзақ үзіліс кезінде серуен, дене шынықтыру шараларын ұйымдастыруда өте маңызды. Мұның бәрі балалардың денесінің дұрыс дамуына және оқу күні мен оқу аптасы бойынша олардың жұмысқа қабілеттіліктерінің сақталуына көмектеседі.

Әр мұғалім, әсіресе класс жетекшісі, оқушылардың дене тәрбиесіне өте үлкен көңіл бөлуі қажет, өйткені қимыл — әрекет балалар мен жас өспірімдер организмінің жетілуінің басты шарты болып саналады. Дене шынықтыру жаттығулары бұлшық ет жүйелерін қимылға келтіреді де, сол арқылы барлық қалған органдар мен жүйелердің де қызметтерін күшейтіп, организмдегі жалпы алмасу мен әрекеттік мүмкіндіктің артуына көмектеседі. Сондықтан да дене жаттығуларымен үнемі шұғылданып жүрген оқушылар дене жағынан жақсы жетілген, мектептегі үлгерімі жағынан ең озат, политехникалық оқыту кезіндегі еңбек операцияларын игеруі жағынан басқаларға қарағанда шапшаң келеді.

Дене шынықтыру жаттығулары өте қатаң мөлшерленіп, шұғылданушылардың жасы, жынысы , дене дайындығын есепке алып жасалуы және жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Сабақтар біртіндеп қиындауы, қиын жаттығулар жеңіл жаттығулармен алмастырылып отырылуы керек. Бұлай етпеген жағдайда дене жаттығулары оқушылардың артық күш жұмсап, шаршауына әкеп соғуы мүмкін.

Үздіксіз жүргізілген дәрігерлік бақылау ғана дене шынықтыру жаттығуларының оқушылар организміне жағымды әсерін қамтамасыз етуі мүмкін.

Дәрігерлік тексерулердің нәтижелеріне сүйене отырып, дәрігер дене шынықтыру сабағымен оқушы бағдарламаға сай көлемде толық шұғылдана алама, жоқ па, ол үшін дене шынықтыру жаттығуларының қайсысы оған пайдалы, қайсысы жарамсыз және қанша мерзімге деген мәселелерді шешеді.

Жұқпалы аурулармен қатты ауырған, операция жасалынған, жарақатталып қалған т. б. балалар мектеп дәрігері белгілеген мерзім ішінде дене шынықтыру сабақтарынан уақытша босатылады.