АРИДТІ ЛАНДШАФТ ЖӘНЕ ОСЫ АЙМАҚТА ӨСЕТІН АРИДТТІК БҰТАЛАР

Аридті ландшафт (қуаңшылық ландшафт) — құрғақ жылы немесе ыстық континенттік климат жағдайында қалыптасатын ландшафт.

Аридтік климат — температурасы жоғары және оның тәуліктік ауытқуы үлкен, атмосфералық ылғалдылығы жеткіліксіз, ал буланғыштық мөлшері жылдық жауын-шашын жиынтығы мөлшерінен артық болған жағдайда қалыптасатын құрғақ климат. Аридтік климат шөл мен шөлейт белдемдерге тән. Топырақта ылғал аз болғандықтан өсімдік өте сирек өседі, ауа мен жер беті күндіз қатты қызып, түнде едәуір салқындауы салдарынан тау жыныстары үгіліп құмға айналады. Мұндай аймақтарда егін тек қолдан суландыру жолымен ғана егіледі. Қазақстанның қоңыржай ендіктегі шөлдері мен шөлейттері мұхиттан алыс жатқандықтан және одан келетін ылғалды ауаға тау жоталары тосқауыл болатындықтан ондағы ауа райы ғылымда Аридтік климат деп аталады. Осы аймақта өсетін аридттік бұталарға тоқталатын болсақ, бұл жерде өсетін өсімдіктер бұл аймақтың қатаң климаттық жағдайларына едәуір бейімделген болып келеді. Оларға мысал келтіре кетсек: аридттік зонасындағы өзен аңғарларында өсетін ерекше өсімдіктер бар. Мұнда әр түрлі өсімдіктерден құралған қалың бұталар өседі. Оны тоғай деп атайды. Тоғай әсіресе Сырдария, Шу мен Іле және т.б. өзендердің аңғарларына тән. Суға жақын жердегі тоғайларда қамыс, қоға кездеседі. Өзен арнасынан қашығырақта биік бұталар — шеңгел, тал, тікенекті жиде, шырғанақ, арнаның құрғақ жерлерінде жыңғыл өседі. Жыңғылдың жапырақтары қызғылт, гүлі ақ болады.Жантақ және басқа тамыры ұзын, тереңге кететін өсімдіктер де бар [1, 37-б].

Аридтті (шөлді)аймақ – жалпы аум. 124,6 млн. га.Өзіне тән өсімдік жамылғысы алуан түрлі, 2500 – 2800 түр бар, олардың ішінде 200 – 215 түрі – эндемиктер. Аридтті аймақ 5 белдемге ажыратылады: 1) солтүстік далалы жердегі құрғақ, қоңыржай-ыстық шөлдер – аум. 40 млн. га., немесе еліміздің жер аумағының 14,7%-ы. Өсімдік жамылғысы астық-тұқымдасты – жартылай бұталы (боз, еркекшөпті-жусанды) шөлдер мен құмдақ-бұталы (жүзгін-раң-шағыржусан-еркекшөпті) шөлдер тарайды; 2) орталық (солтүстік тұрандық) өте құрғақ, ыстық шөлдер – аум. 51,2 млн. га, немесе республика жерінің 18,9%-ын алып жатыр.

Бұл жерлерде жартылай бұталы (жусанды, бұйырғынды, изенді), сексеуілді, бұталы (қоянжын-жүзгінді) өсімдік жамылғысы дамыған; 3) оңтүстіктегі өте құрғақ, ыстық шөлдер – аум. 30,3 млн. га, немесе Қазақстанның 11,1%-ын алып жатыр. Бұл жерлерге эфемероидты – жартылай бұталы (сұр-жусанды, эфемерлі), ал дөң және тізбектелген аллювийлі – эолды құмдарда бұталы-сексеуілді-эфемероидты (сексеуіл-қоянжын-жүзгінді) өсімдік жамылғылары тән; 4) тау етегіндегі құрғақ, өте ыстық шөлдер – аум. 3,2 млн. га немесе Қазақстанның 1,2%-ы. Негізінен эфемероидты ірі шөптесін-жартылай бұталы өсімдіктер өседі; 5) тау етегіндегі өте құрғақ шөлдер – аум. 11,6 млн. га, немесе республиканың 4,3%-ын алып жатыр. Эфермероидты-псаммофиттік бұталы өсімдік жамылғысы тән. Аридтік бұталардың кейбір түрлерін алып сипаттама беретін болсақ:

Сексеуіл орманы — Орта және Орталық Азияның Иран мен Ауғанстанның шөлдерінде кездесетін сексеуілдің аласа орманы.Қазақстанда сексеуіл орманы 6,1 млн. га аудан жерді алып жатыр. Осы территорияның 70%-ға жуығын (4,4 млн. га) қара сексеуіл, 30%-ын (1,7 млн.га) ақ сексеуіл (Наloxylon persicum Bunge), ал зайсан сексеуілі (Наloxylon ammodendron. C.A. Mey) бірнеше мың ғана аумақты алып жатыр[2, 98-б].

Бұйырғын (Anabasis salsa) — алабұта тұқымдасына жататын бұта, бір жылдық немесе көп жылдық өсімдіктер. Қазақстанның қуаң дала және шөлейт өңірлерінде 17 түрі кездеседі. Сирек кездесетін эндемик түрлері: сырдария Бұйырғыны (A. jaxartіca), торғай Бұйырғыны (A. turgaіca) және гипсті бұйырғын. Бұйырғынның сабақтары бунақты, бытыраңқы келеді, жапырақтары жетілмеген, тікенге ұқсас, көбіне қабыршақ сияқты. Гүлі қос жынысты, бес мүшелі, гүлсерігі бар. Жаз бойы гүлдейді. Көп тараған түрінің бірі — сортаң Бұйырғын (A. salsa) — шөлді аудандардың тегіс жерлерінде, кейде аласа тауларда өседі. Оның бір жылдық өркендерінде 7,1 — 14,8% протеин, 18,2 — 31,0% күл, 11,7 — 26,0% клетчатка, 1,5 — 3,2% май болады. Бұйырғынды сиырдан басқа мал жақсы жейді. Бұйырғынның га-нан 1,5 — 4,6 ц құрғақ шөп алынады. Ол — құрғақшылыққа, сортаң топыраққа төзімді өсімдік, тұзд. 45% топырақта да өсе береді.

Изен (Kochia) – алабұталар тұқымдасына жататын бір немесе көп жылдық бұташық өсімдіктер туысы. Жер шарына кең тараған Солтүстік Америкада, Еуропа, Азия және Австралияда кездесетін 80-ге жуық түрінің Қазақстанда 9 түрі кездеседі. Сор, сортаң, тасты, құмды дала мен шөлдерде өседі. Сабағының биіктігі 10 – 100 см, гүлдері гүлжапырақсыз, қос жынысты, 5 мүшелі, 2 – 4-тен топталып жапырақ қолтығына орналасқан, кейде жеке жапырақты, масақты гүлшоғын құрайды. Аталығы – бесеу. Қазақстанда кең тараған түрі: жатаған Изен (K. prostrata) және сыпыртқы Изен (K. scoparia). Бұлар қуаңшылыққа төзімді, биіктігі 10 – 75 см, сабағы қара қоңыр қабықты бұташықтар. Тамыры жусан, діңгекті келеді. Сабақтары көп, қалың жапырағының сыртын түк басқан. Солғын жасыл, жіңішке гүлі қос жынысты болады. Тамыз – қыркүйекте гүлдеп, қазан айында жемістенеді. Тұқымы – сопақша дән. Изен бағалы жайылымдық, кейде шалғындық жоғары өнімді өсімдік. 1 га-дан 6,2 – 9,8 ц пішен түседі. Гүлдеген кезде құрамында 8,4 – 17,3% протеин, 24,2 – 37,9% жасұнық, 3,5 – 4,3% май болады. Жемісі мен тұқымында 34,9% протеин, 8,2% май, 16,3% жасұнық бар. Изеннің кейбір түрлері (K. prostrata) әсемдік өсімдік ретінде өсіріледі. Жас өскіні тағамға, емге, сыпырғыш жасауға пайдаланылады

Жүзгін, қандым (лат. Callіgonum) – тарандар тұқымдасына жататын ағаш не тармақталған бұталар. Солтүстік Африка, Азия және Еуропада кездесетін 80-ге жуық түрі белгілі. Биіктігі 40 см-ден 7 м-ге дейін болады. Жапырағы өте ұсақ, ұзынша ине тәрізді. Гүлі қос жынысты, ақ не қызғылт түсті, хош иісті. Жемісі – қатты қабықты ұсақ жаңғақша. Жүзгіннің негізгі тамырының ұзындығы 1,5 – 2 м, ал көлбей өскен тамырының ұзындығы 12 – 20 м. Жүзгін тұқымынан, атпа тамырларынан өсе береді.Топырақ талғамайды, қуаңшылыққа төзімді; құмда, тасты жерде де өседі. Жүзгіннің 80-ге жуық түрі бар. Қазақстанның шөл, шөлейтті далаларында 30-ға жуық түрі кездеседі. Қызыл Жүзгін (Callіgonum aphyllum), елек Жүзгін (Callіgonum jucnceum), тікенді Жүзгін (Callіgonum cetosum) кең таралған. Жүзгіннің отындық, жемшөптік маңызы бар, сусымалы құм мен қарды тоқтату үшін де өсіріледі. Жас бұтағы мен жемісін түйе, қой мен ешкі сүйсініп жейді.

Қоянжын (Halochanіs) – алабұта тұқымдасына жататын бір жылдық өсімдік. Қазақстанда Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы құмды, тұзды топырақты жерлерде, көбінесе шөл далада өсетін туыс атымен аттас 1 түрі бар. Оның биіктігі 5 – 30 (50) см-дей. Сабағы көкшілдеу келген, сыртын қысқа тықыр түк басқан. Жапырағының тікенекті түгі бар, ол өте жіңішке, таспа пішіндес. Сабаққа кезектесіп орналасады. Қос жынысты гүлдері жеке-жеке орналасқан. Маусым – шілде айларында гүлдеп, жеміс салады. Жемісі – дәнек [3, 15-б].

Қорытындылай келе Аридтік зона және осы аймақта өсетін бұталы өсімдіктердің бірнешеуіне тоқталып өттік.Осы көрсеткіштерге сүйене отырып аридтік бұталарды қорғау және оларды пайдалануды реттеу керек. Өзіміздің келер ұрпаққа табиғат байлықтарын көз қарашыындай қорғау керкетігін ұмыттырайық.