Құстардың ұя салуы

Құстардың ұясы. Ұяны жасау құс өсімдікті жинап, төсімен мыжудан басталады, немесе ол ағаш бұтағының арасынан, немесе бұтаның бұтақтарының оралған жерін іздеп табудан басталады. Бұл ұя салуға тура келетін орындар шөппен, бұтақпен, түкпен және т.б. төселінеді. Бұл заттарды тырмалап жинау арқылы құрылысқа пішін береді және одан ұя тостағаншасы пайда болады.

Әрине, әр түр ұяны өзінше жасайды. Америкалық кассиктер-оропендолдар, ұзындығы 1 м-дей шұлық ұя тоқиды. Үлкен ағашта 20-30 шақты осындай ұя ілініп тұрады. Ал малазиялық жасыл мүйізтұмсық құстар өздерінің тоқылған ұяларын ормандағы көлдердің үстіне бір ғана өрілген жіппен іліп қояды. Салбырап тұратын ұяларды жасауда ең күрделі жұмыс — оларды әр түрлі талшықтармен немесе басқа тәсілмен бұтақтарға бекіту болып табылады. Африкалық және Азиялық тоқымашы құстар тармағы төмен қарай салбырап тұратын (10-15 см) күрделі ұя тоқи алады, осы арқылы ұя ішіне кіруге болады, ал онда жұмыртқалар сыртқа домалап түсіп қалмауы үшін, ұяның төменгі жағында перде сияқты қалқан болады. Мұндай ұялар құстарды маймыл сияқты жыртқыштардан құтқарады. Ұзынқанаттардың басқа құстардан ерекшелігі ұя жасағанда өз сілекейін пайдаланады, кепкен кезде ол қатаяды. Кайен ұзынқанаты мен туыстас басқа түрлер сілекейімен қауырсындарды желімдеп, олардан жарты метрлік түтікше жасап, оны жартас ернеуіне іледі.

Император пингвині ешқандай ұя жасамайды, өйткені аналығы бір жұмыртқа салады, оны аталығы аяқтарының арасына орналастырып, сыртқы ауадан салбырап тұрған құрсақ қатпарымен жабады және жұмыртқадан балапан шыққанша алып жүреді. Ескерте кететін бір жай — жақсы, мықты және жан-жақты жабдықталған ұя салатын құстардың балапандары салыстырмалы түрде жетілмеген, жалаңаш және соқыр. Олар ересектерінен тұрақты түрде ұядан ұшқанша қамқорлық және қорек талап етеді. Мұндай типті құстарды шала балапандылар деп атайды. Ал жұмыртқаларын құмдағы, топырақтағы, қиыршық тастардағы шұңқырға салатын құстардың балапандары мамықпен жабылған, жүгіре алады, өз бетінше қоректенеді, су құстарының балапандары жүзеді. Мұндай құстарды ширақ балапандылар деп атайды. Ширақ балапанды құстардың балапандары әр отрядта бір-бірінен ерекшеленеді.