Құстардың зәр шығару органдары

Шығару жүйесі және су-тұз алмасу. Құстарда метанефросты бүйрек қызмет атқарады, олар күрделі сегізкөздің қуысында орналасқан. Бүйрек үш бөліктен тұрады. Бүйректен несепағар шығады, ол клоакаға зәр-шығару саңылауы арқылы ашылады. Қуық болмайды, бұл құстардың ботқа тәрізді қоймалжың зәр қышқылын шығаруға байланысты болуы да мүмкін. Құстар бүйрегінің негізгі бөліктері, рептилия бүйрегі сияқты, көптеген микробөліктерге бөлінеді, олардың ортасында жалпақ алып кетуші вена (v. intralobularis) және оны ілестіруші жіңішке артерия (а. intralobularis ) жатады. Артерия бұтақшаларын (vasafferens) бүйректің шетіне қарай орналасқан көптеген бүйрек шумақтарына (glomeruli) жібереді. Бөлік бетінде алып келуші венаның (renalis advehers) жіңішке бұтақшаларында (v.interlobularis) ілестіруші зәр жинайтын түтіктер жатады. Түтікшелерден зәр шығару өзекшелері орталық венаға бағытталады, иіледі және көптеген тұзақтардан соң Мальпигий денесінің бүйрек орамдарымен аяқталады. Капиллярлық жүйе алып келуші және алып кетуші веналарының арасында орналасады, зәр шығару өзектерін орап, Мальпигий орамдарынан шығатын артериялық тамырларды (vasa efferentid) қабылдайды. Құс бүйрегінің Мальпигий мөлшері үлкен болмайтыны анықталған, ол судың нашар сүзіп оны үнемдеуге көмектеседі. Негізінен зәр қышқылы бүйрек каналшалары қабырғаларының бездері арқылы бөлінеді. Омыртқалылар ішінде ең алғашқы рет нефронда Генле тұзағы (әсіресе сүтқоректілерде дамыған) пайда болады, оның айналасында капиллярлар қарсы ағыс жүйесі қалыптасады. Генде тұзағы-шығару жүйесінің өте белсенді қүрылымды элементі – бұл жерде түздар мен судың сіңірілуі және реабсорбциясы жүзеге асады. Натрий иондары тұзақтың өрмелегіш бөлімінде реабсорбцияланады. Мұның бәрі концентрлі зәрдің қалыптасуына және сұйықтықтың үнемденуіне алып келеді. Клоакада да судың сіңірілуі жүзеге асады.

Көптеген құстарда көз шарасының үстінде маңдай сүйектің қуысында орналасқан мұрын бездері болады. Жемтігімен қоса теңіз суын жұтып қоятын теңіз құстары осы тұзды бездердің көмегімен организмнен натрий тұзының астық мөлшері танау тесіктері арқылы тұзды тамшы түрінде шығарылады.