Химияның алғашқы ұғымдары мен түсініктерін қалыптастыру

Алғашқы ұғымдармен таныстырудың міндеттері мен маңызы

Қандай ғылым болмасын бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар жүйесінен тұрады, оларды жетік түсінбейінше, ғылымның мазмұнын игеру мүмкін емес. Орта мектептегі химияның курсы да аса маңызды алғашқы ұғымдарды қалыптастырудан басталады.

Тақырыптың білім берудегі міндеттеріне мыналар жатады.

  1. Химия пәні, зат, химиялық элемент, химиялық реакция, химиялық символика туралы алғашқы ұғымдарды қалыптастыру.
  2. Алғашқы ұғымдарды қалыптастырудың теориялық негізі болатын атом-молекулалық ілімнің қағидаларын саналы меңгерту; олардың тұрғысынан заттардың қасиеттерін, химиялық реакциялардың механизмін түсіндіру.
  3. Құрам тұрақтылық заңын, масса сақталу заңын саналы игерту, қолдана білуге, атом-молекулалық ілім тұрғысынан түсіндіре білуге үйрету;
  4. Эксперименттік біліктер қалыптастыру; химия зертханасында жұмыс істеу ережелерімен, қауіпсіздік техникасымен таныстыру; қыздыру аспаптарымен, зертханалық штативпен, реактивтермен, ыдыстармен жұмыс істей білуге баулу;

Тақырыптың тәрбиелік міндеттері: 1. Табиғаттың бірлігі, заттардың жойылмайтыны, атом және молекуланың анық барлығы жөнінде ғылыми көзқарас қалыптастыру, пәнаралық байланысты жүзеге асыру.

  1. М.В. Ломоносов, Д. Дальтонның өмірімен таныстыру арқылы ғылымға шынайы берілген адамдар ғана жаңалық ашатынын көрсету.
  2. Тарихи мәліметтердің тәрбиелік маңызын барынша пайдаланып, М. В. Ломоносов пен Дальтонның атомистикалық көзқарастарын салыстыру.
  3. Оқушылардың химияға құштарлығын тудыру.

Тақырыпты оқытудың тағы бір міндеті-химия пәнін оқытудың мазмұны мен әдістеріне енгізілген кейінгі өзгерістерді ескеру. Оқушыларды дамыту мақсатында әр ұғымды игерудегі оқушылардың белсенділігін арттыру, тәжірибе қою, бақылау, талқылау, қортытынды жасау біліктерін қалыптастыру. Ұғымның мазмұнын, көлемін, елеулі белгілерін, мәнін ашу және мысалдар келтіру, анытама беру, ұғымдар жүйесіндегі орнын табу және қолдану біліктерін қалыптастыру.

Химия пәні

Оқушылардың пәнге деген пікірін тудыруда алғашқы сабақтардың маңызы зор. Методикалық әдебиеттерде химияның пәнін анықтайтын алғашқы сабақта екі түрлі қателік жіберілетіні айтылған. Біріншісі оқушылардың химияға қызығушылығын тудыру үшін бірнеше қызықты тәжірибелер көрсетіледі, бірақ олардың мәні түсіндірілмейді. Мұндай тәжірибелерді олар химиялық кештерде көрген, химия кабинетінде әр түрлі тәжірибелер жасалатынын сырттай байқап жүреді. Алғашқы сабаққа зор үмітпен келетіні де рас. Екіншісі-химияның халық шаруашылығындағы маңызын мұғалім тәптіштеп айтуға тырысады. Ғылымның өзін білмей тұрған оқушыға, оның маңызын кеңейтіп айтудың да қажеті шамалы.

Алғашқы сабақта химияның жаратылыстану ғылымына жататыны, заттарды зерттейтіні және заттардың қасиеттері туралы ұғым қалыптастыру жеткілікті. Осыдан кейін химияға заттар және олардың бір-біріне айналуын зерттейтін ғылым деген анықтама беріледі. Химияның міндеті-заттардың қасиеттерін зерттеу арқлы тиімді пайдалану, халық шаруашылығына аса қажетті, табиғатта кездеспейтін заттарды өндіру.