Химиядан факультатив сабақтар

Химияның факультативтік сабақтары

Оқушылардың қабілеті мен икемділігі ескерілмей бірыңғай бағдарламалармен оқытылған кездің өзінде кейбіреулерінің жеке ғылымдар саласына деген құштарлығы, көбірек білігісі келетіні байқалып жүрді.

Химиядан екі түрлі факультативтік курстар өткізу ұсынылды. Біріншісі-орта мектепте өтілетін химияның салаларынан білімді тереңдету факультативтері, олар: “Жалпы химияның негіздері”, “Органикалық заттардың құрылысы мен қасиеттері”. Екіншісі-химияның халық шаруашылығында қолданылуымен байланысты арнайы факультативтер: “Өнеркәсіптегі химия”,”Ауыл шаруашылығындағы химия”, “Химиялық анализдің негіздері”.

Факультативтік сабақтар дәріс, әңгімелесу, оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстары арқылы өткізіледі. Мұнда іздеу, зерттеу әдістерін жиі қолдануға зор мүмкіндіктер туады. Сарамандық жұмыстарды, түрлі анализдерді өздігінен жасайды, мектеп маңындағы бөлінген жерде тәжірибелік жұмыстар жүргізеді.

Факультативтік курстар оқу материалындағы өлкелік деректердің үлесін арттыруға, кәсіптік бағдар беру арқылы жергілікті қажеттіліктерді неғұрлым толық өтуге жағдайлар жасайды.

Факультатив сабақтарының оқу-тәрбиелік мәні

Оқушыларды білім, іскерлік және дағдылар жүйесімен қаруландыруда жеке пәндер бойынша жүргізілетін факультатив курстардың маңызы өте зор. Факультатив оқушылардың өздері таңдап алған ғылым саласында білімдерін арттырудың бірден бір жолы.

Факультатив сабақтар әдетте күндізгі сабақтардың соңында немесе кешкі уақытта өткізіледі. Факультатив сабақтардың мазмұны алуан түрлі, оқыту материалдары да әртүрлі: дәріс, рефераттарды талқылау, сарамандық жұмыс, кинофильмдер көру, танымжорыққа бару қарастырылады.

Факультатив курстар 3 топта жүргізіледі:

  1. Жоғары деңгейде факультативтер негізгі және міндетті курстардың мазмұнын тереңдету бағытында жүргізіледі.
  2. Қолданбалы факультативтер
  3. Арнаулы курстар факультативі. Ол химия ғылымының негіздеріне сәйкес кейбір бағыттарды тереңдетіп қарастыру мақсатын көздейді.

Факультатив сабақтарды өткізу әдістемесі

Факультатив сабақтарда әртүрлі әдістер мен тәсілдер қолданылады: дәріс беру, әңгімелесу, семинарлар, қорытындылар пайдаланылып, әр түрлі жаттығулар жүргізіледі, көрсетілімді және зертханалық тәжірибелер қойылады. Сабақтарды өткізу үрдісінде қолданылатын түрлі әдістер материалдың мазмұнына, сабақтардың мақсатына және олардың ұйымдастырылуына қарай түрліше ұштастырылып отырады.

Теориялық мәселелер көбінесе дәрістерде баяндалады. Жоғары оқу орындарындағы дәрістер мектептегі дәрістен айырмашылығы мынада: мектептегі дәрістер жеке мәселелер баяндалғаннан кейін, материалды қаншалықты түсінгендіктерін анықтау және мәселелерді шеше білуді оқушылардың білімін байқау мақсаттарында әңгімеге көбірек қатыстырады.

Факультативтік сабақтарда семинарлар үлкен рөл атқарады. Олар оқушылардың әдебиетті өз бетінше оқып-зерттеуіне қозғау салып, білімдерін қорытындылап және пысықтауға көмегін тигізеді.

Химияның негізгі курсын тереңдетуге байланысты факультативтердің құрылысы

Факультативтік курсты негізгі оқу пәнімен қатар өту оның мазмұнын іріктеп алуға өзіндік ерекшелік енгізеді. Материалды іріктеп алудың жалпы ұстанымдарымен қатар, ғылымның даму логикасын, оның жетістіктерін, маңызымен түсіндіруге лайықтылығын есепке алу. Мына төмендегідей теориялық, практикалық мәніне баса назар аударылады.

  1. Факультатив курс үшін іріктеп алынатын материал химияның мектептік курсында қарастырылатын ұғымдарды терең оқып-үйренуді қамтамасыз етуі тиіс.
  2. Факультативтік курс көптеген бөлек-бөлек, әрі ұсақ мәселелерден тұрмауы тиіс, ол бейорганикалық және органикалық химияның белгілі бір теориялық терең негіздері мен оның басты-басты іс-жүзінде қолданылуын ашып көрсететіндей біртұтас курс болуы тиіс.
  3. Факультативтік курстың сабақтарында беруге болатын білім көлемі, қайсыбір дәрежеде, оның өзі ойлау жағынан байланысты болатын бейорганикалық және органикалық химияның мектептік бағдарламасымен және оны оқып үйренуге берілген уақыт мөлшерімен қарайлас болады. Химияны тереңдетіп оқуға байланысты факультатив сабақтарының мақсаты мен міндеттері өтілетін тақырыптарлың мазмұны мен құрылысына байланысты әр түрлі сипатта болады.