Химиядан топ серуен өткізу және оларды ұйымдастыру

Химиядан топ серуен өткізу

Химиядан оқу жұмысын ұйымдастырудың маңызды түрлерінің бірі-топсеруен. Химиялық топсеруендер оқытудың өмірмен, өндіріспен және қоғамдық құрылыстың сарамандығымен байланысын жүзеге асырады. Оқушыларға политехникалық білім, еңбек тәрбиесін және кәсіптік бағдар беруге жәрдемдеседі.

Топсеруен өткізетін объектілер химия бағдарламасының талабына сай, жергілікті ерекшеліктерге лайықты іріктеп алынады. Химия өндірістері кездеспейтін жерлерде топсеруен негізіне химиялық бағдарда немесе химиялық өнімдері кеңінен қолданылатын өнеркәсіп мекемелеріне ұйымдастырылады.

Топсеруен тақырып бойынша немесе кешенді түрде өькізіледі. Кешенді топсеруен бірнеше пәннен-химия, физика, география, биология, тарих ұйымдастырылады. Мұнда бір объект әр жағынан қарастырылып, оқушылар өндіріс туралы жан-жақты мағлұмат алады және уақыт үнемделеді.

Тақырыптық топсеруендер оқу материалын өтпестен бұрын өту кезінде немесе өткеннен кейін ұйымдастырылады. Топсеруенге байланысты оқу материалы алдымен арнайы сабақта қарастырылады.

Топсеруеннің алғашқы нәтижесі келесі сабақта шығарылады. Мұғалім топсеруен объектісі бойынша оқушылардың көрген білгендерін нақтылайтын сұрақтар әзірлеп келеді. Оқушылар өздерінің жазып алғандары бойынша жауап қайтарады. Мұғалім оқушылардың жауабын толықтырады, қосымша мағлұматтар береді. Бұдан соң мұғалім топсеруен бойынша қорытынды сабақ, конференция сабақ немесе сабақтан тыс конференция өткізуге даярлық жұмыстарын жүргізеді. Оқушылар жазбаша рефераттар, баяндамалар, өндіріс сызбанұсқасын, макеттер, модельдер, жинақтамалар және басқа безендіру материалдарын әзірлейді, қабырға газетін шығарып, көрме ұйымдастырады. Заводтағы негізгі мамандықтар жөнінде мәліметтер жинайды, айтулы мамандарды конференцияға шақырады. Топсеруеннің материалдары сабақта және кластан тыс жұмыстар жүргізгенде пайдаланылады.

Химия танымжорықтың маңызы және оның түрлері

Оқу курсын ұйымдастырудың негізгі формаларының бірі-өндірістік танымжорықтар. Өндірістік танымжорықтар мектепте оқылатын теориялық материалдарды өндіріс тәжірибесімен байланыстыруға мүмкіндік береді. Өйткені, олар оқушыларды қандай болсын өндірістік үрдістер неге және не үшін жүзеге асырылатынын түсінуге алып келеді. Өндірістік танымжорықтар оқушылардың әржақты жетілуіне жәрдемдесе отырып, олардың политехникалық ой өрісін де дамытады.

Химиялық танымжорық өзінің мазмұны мен мақсатына қарай жалпы өндірістік және арнайы танымжорық болып екіге бөлінеді. Жалпы өндірістік танымжорықтардың мақсаты- өндіріс орнының жалпы жұмысымен, ондағы технологиялық үрдістердің өту сатыларын, өнімнің түрлерін оңтайлы температура, өшірткілер, қысымның ролін байқау, білімін жетілдіріп, дамыта түсу мақсаттарын көздейді.

Химияны оқыту үрдісінде арнайы танымжорықтар басым болғанымен жалпы өндірістік танымжорықтардың маңызын ұмытпаған жөн. Өндірістік танымжорықтар сабақ үстінде, үйірме сабақтарында және сыныптан тыс жұмыстарда кеңінен пайдалануға болатын бай материалдарды жинақтауға мүмкіндік береді. Алайда ол материалдарды жинақтау үшін мұғалім танымжорыққа шығатын нысандарды таңдап ала білуі керек. Танымжорық кезінде оқушылар меңгеруге тиісті химиялық деректерді анықтап алу да қажет.

Химиялық танымжорықтың өтілуі

Өндірістік әрбір танымжорық әдетте қысқаша кіріспе әңгімеден басталады. Бұл әңгімеден танымжорық жетекшісі өндіріс жөнінде: оның ұйымдастыру тарихы өндірістің не жасап шығаратыны, оның технологиясының және өндірістік үрдісінің өзіне тән ерекшеліктері, ғылым мен техниканың соңғы жаңалықтарын пайдалану, өндіріс жоспарын орындау, немесе ауыл шаруашылығы өндірісінен ең жоғары өнім алу жолындағы күресі туралы жалпы мәлімет береді.

Қандай болса да өндірісті зерттеу белгілі бір дәйектілікпен жүргізілуі керек; әуелі оқушыларға даяр өнімдердің үлгілерін көрсетіп, сонан соң шикізаттан даяр өнім жасалып шыққанға дейінгі технологиялық үрдістердің дәйектілік барысын көрсету.

Оқушыларды шектен тыс қалжыратпау үшін өндірістік танымжорықтардың ұзақтығы әдетте 1,5-2сағаттан аспауы керек, тек ерекше жағдайларда, онда да жоғары сыныптарға аздап созуға болады. Әңгіменің қорытындысына мұғалім оқушылардан танымжорықтан түсіндіргендерін, ұққандарының дұрыстығын байқау үшін оларға бірқатар тексеру сұрақтарын қоюы керек.