Мұғалімді сабаққа дайындау

Мұғалімнің күүнделікті сабаққа дайындалуы

Оқу жұмысының табысты болуы мұғалімнің күнделікті сабақ жоспарына тікелей байланысты. Күнделікті сабақ жоспарлау кезінде мұғалімге көп еңбектенуге тура келеді, әрбір жеке сабақтың сол сыныптағы жалпы сабақтар жүйесіндегі білімін анықтап, басқа пәндермен байланысын ашады. Күнделікті сабақ жоспары тақырыптық жоспар негізінде жасалады. Тақырыптық жоспар пәндік бағдарлама талаптарына сәйкес түзіледі.

Күнделікті сабаққа даярланудың алғашқы сатысы сабақтың мақсатын анықтаудан басталады. Сабақтың мақсаты деп- сол сабақта оқытып-үйретуге және дамытуға байланысты мәселелердің шешілуін айтамыз.

Сабақта өтілетін материалдардың мазмұны мен мақсаты, оқушылардың дайындық дәрежесі, олардың жас ерекшеліктері, мұғалімнің іс-тәжірибесі, оқытудың әдістері мен құралдарын анықтайды.

Берілетін білімнің көлемін анықтаған кезде, қандай материал оқушыларға дайын күйінде берілетінін, қайсысы оқушылардың өздігінен орындауына тапсырылатынын анықтаған жөн.

Мұғалімнің сабаққа дайындалуына ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді оқып, зерттеу көп пайдасын тигізеді. Сондықтан әр мұғалімнің жеке кітапханасы болғаны абзал. Қажетті әдебиеттерді студенттік шақтан бастап жинағаны орынды.

Өзінің сабаққа дайындалуын жеңілдету үшін, мұғалім ұдайы химиядан, оны оқыту әдістемесінен, баспасөз бетінде жарияланған қажетті материалдарды жинап, арнайы картотека жасағаны абзал.

Сонымен бірге мұғалімнің қолында дидактикалық және әдістемелік материалдар болғаны дұрыс. Бұлар қажетті мөлшерде дайындалған бақылау жұмысының нұсқаларын, оқушылардың жеке ерекшеліктеріне сәйкес әр сыныпқа арналған және әрбір тақырып бойынша дайындалған карточкалар жинағын, өздігінен жұмыс істеуге және білімді материалдарды, зертханалық және сарамандық жұмыстардың нұсқауларын, техникалық құралдарды пайдалануға арналған материалдар жиынтығын, көрнекі құралдарды және материалдарды қамтиды.

Мұғалімнің жұмыс жоспарлары

Оқу үрдісінің нәтижесі, сабақтың жүйелілігі мен сапасы, бағдарламаның орындалу барысы, білімнің тереңдігі-бүкіл оқу-тәрбие жұмысын дұрыс жоспарлауға байланысты.

Оқу үрдісін жоспарлаудың негізгі құжаттары мектепке арналған жылдық оқу жоспары-онда жеке сыныптар бойынша пәннің апталық сағат саны және химия пәнінің бағдарламасы көрсетіледі. Мектеп химиясының бағдарламасында әрбір сыныптарда оқылатын білім негіздері тарауларға біріктіріліп, сағаттармен шектелген.

Оқу үрдісінің бағдарламасы бойынша жасалатын күнтізбелік жоспарлы мерзіміне қарай жылдық, жарты жылдық және тоқсандық етіп құруға болады. Бұлай жасаудың өзіндік артықшылығы мен кемшіліктері бар. Күнтізбелік жоспарды мектеп басшысының талабына сай әр түрлі бөліктерге бөліп жасайды. Жоспарда тараулар тақырыптарға бөлінеді, ондағы зертханалық-сарамандық жұмыстарға, тәжірибе есептеріне, өзіндік жұмысқа, бақылау жұмысына, тарауды қайталауға сағаттар бөлінеді.

Бағдарлама бойынша әрбір сыныпта өтілетін тараулардың мақсаттары мен міндеттерін, өтілу мерзімдерін жете бақылауүшін, мұғалім күнтізбелік жоспарды үш түрлі: топтамалық, графиктік және тақырыптық нұсқада жасай алады. Күнтізбелік жоспар мұғалімнің қолындағы бағыт сілтеуші тұсбағдар іспеттес, мұғалім өзінің ыңғайына қарай осы нұсқалардың бәрін де жасауына болады. Пән бағдарламасына сәйкес, мұғалім әрбір сыныптағы химияға бөлінген тараулардың сағаттарының қай уақытта басталып, қай уақытта аяқталғанын алдын ала біліп отыратын топтамалық, графиктік жоспарлау өте тиімді.

Күнделік сабақ жоспары

Сабақтың күнделікті жоспарын мұғалімнің іс-әрекетіне бағыт сілтеуші шығармашылық ақыл-ойының зертханасы, педагогикалық шеберлігінің шығармашылығы деуге болады. Сабақ жоспарында негізінен мынадай үш мәселеге назар аударылады:

  • өткен сабақта үйге берілген тапсырмаға байланысты сыныпта орындалатын тексеру жұмыстарының сұрақтары, өзіндік жұмыстары;
  • жаңа материалды түсіндіруге, бекітуге, жаттықтыруға, өзіндік жұмыстарды орындауға байланысты жұмыстар;
  • Сыныпқа және жеке оқушыларға берілетін үй тапсырмаларын анықтау; Сыныпқа берілетін тапсырманы мұғалім үйден дайындап келеді де жеке оқушыларға берілетін тапсырмалар сабақ өту барысында белгілі болады.

Күнделік сабақ жоспары әр түрлі үлгіде жазылады, барлық сабаққа ортақ үлгі әзірге жоқ. Өйткені сабақ кезеңдері сабақ типтеріне байланысты өзгеріп отырады. Дегенмен, жас педогогтер мен үйренуші студенттерге аралас типті сабақтың үлгісін пайдалну әлдеқайда қолайлы.

Мұғалімнің күнделікті сабағын талдау

Мұғалім өзінің немесе әріптесінің сабақ берудегі әдістемесіне бақылау жасап, оның жұмысына пікір айту үшін сабақты талдай білуі керек.

Сабақты өтілу барысы бойынша талдауда мына мәселелерге көңіл аударылады:

  1. Сабақта кіріспе бөлімі қалай жүзеге асты? Онда сыныптың сабаққа дайындығы қандай, оқулықтары жеткілікті ме, дәптері мен жазу құралын тексеру.
  2. Үй тапсырмасын сұрау кезінде мынандай мәселелерге көңіл бөлінеді. Бүкіл сыныпты жұмыс істеуге қатыстыруды, қойылған сұрақтардың анықтығы, сұрау тәсілдері мен дағдыларды пайдалана білу, оқушылар жауабына қойылған бағалардың дұрыстығын талдау, жаңа материалдарды меңгеруге сай сұрақтардың сәйкестігі.
  3. Жаңа материалдарды түсіндірудің өткен материалдармен байланысы, жаңа материалдарды түсіндірудің әдістемелік тәсілдері, материалдың мазмұнына, мақсатына сәйкестілігі. Көрнекіліктерді пайдалануы, химиялық сынақтәжірибелердің түрлері, орындалуы, жаңа материалды түсіндірудің өмірмен, күнделікті тұрмыспен байланысы. Сабақтағы тәрбиелік мақсаттар, оқушылардың химиялық тілді меңгеруі, оқушылардың сабақтағы белсенділігі.
  4. Үй тапсырмасын талдауда мына мәселелер ескеріледі. Үй тапсырмасының көлемі, түсініктілігі, есептер мен жаттығулардың көлемі, сарамандық жұмыстардың мөлшері, сыныптан тыс оқулардың мәні, графикалық тапсырмалар, оларды орындау жөнінде нұсқаулар.
  5. Мұғалімнің сабаққа дайындығы, әдістемелік шеберлігі, мәдениеті, ұқыптылығы, сөйлеу мәнері, педагогикалық әдебі.
  6. Сабақ жоспарының орындалуы. Таңдаған әдістемелік тәсілдерінің дұрыстығы.
  7. Сабақты бұдан да жақсартуға ұсыныстар, қорытындылар, тілектер. Сабақты талдауда басты назар аударатын негізгі мәселелер сабақтың мазмұны мен тәрбиелік, білімдік мәселелердің жүзеге асуы.