Сабақ- химияны оқытудағы басты ұйымдастыру формасы

Сабақ оқытуды ұйымдастырудың негізгі формасы

Оқушыларға химиядан жүйелі білім беруде сабақ басты орын алады. Сабақ-өте күрделі, жан-жақты, қызмет атқаратын педагогикалық үрдіс.

Оқу жұмысын ұйымдастырудың көптеген формалары бар, сабақ-олардың негізгілерінің бірі. Сабақ-уақыт жағынан шекті оқыту үрдісі, оның барысында белгілі оқу-тәрбиелік мақсаттар жүзеге асады. Сабақ сипатына мыналар жатады:

  1. Әрбір сабақ кестеге ендіріліп, уақытпен шектеледі, оның көлемі оқу бағдарламасымен анықталады.
  2. Сабақ бағдарламалық дағдыны, іскерлікті, оқытудың құрамдас бөліктерін игерудің, жүйелеудің тұрақты формасы.
  3. Сабаққа қатынасу барлық оқушы үшін міндетті. Сол арқылы олар химияны оқытудың мазмұнын меңгеріп жүйелейді.

Сабақтың көптеген анықтамасы бар. Сабақ дегеніміз-мұғалім мен оқушы арасындағы шығармашылық ізденіс, бірлесіп нәтижеге жететін ақыл-ой еңбегі. Сабақ- ұжымдық шығарма. Сабақ-бұл оқытудың ұйымдастыру формасы, сол арқылы мұғалім белгілі уақытта, арнаулы орында, тұрақты оқушылар тобында ұжымдық таным қызметіне басшылық жасайды, онда оқушылар ерекшелігін еске алып, әр түрлі әдістермен құралдарды пайдаланып, барлық оқушылар оқу материалының негізін меңгеретіндей дәрежеде танымдық қабілетін дамытып отырады, тәрбиелейді және оқытады. Бұл анықтамада тек сабақтың ішкі мазмұны мен сыртқы ерекшеліктері ғана көрсетілген.

Сабақ-біртұтас күрделі жүйе, оған оқушылардың білімді меңгеруі, оны дамытуы, көзқарас қалыптастыруы, сезімдік тәрбиесі, жеке ерекшеліктерінің қалыптасуы да кіреді.

Сабақ ұғымының негізгі белгілері: оқушылардың тұрақты құрамымен, оқу жоспарына сәйкес жасалған сабақ кестесімен өткізіледі; уақыты кесімді-45минут; оқу бағдарламасына сәйкес дидактикалық міндеттерді шешеді; өткізу әдістері алуан түрлі.

Сабақтың жіктелуі

Химияны оқыту методикасының оқулықтары мен оқу құралдарына химия сабақтары типтерге, түрлерге және нұсқаларға жіктеледі. Жіктеудің негізі ретінде оқыту барысының дидактикалық міндеттері, оқыту әдістері, матеиалдық мазмұны, оқушының таным әрекетінің тәсілдері алынады.

Химиядан сабақ беру методкасында дидактикалық міндеті бойынша химия сабақтарын 5 типке бөледі.1) жаңа білім мен білікті игеру; 2) теориялық білім мен білікті жетілдіру және қолдану; 3) білімді қорыту және жүйеге түсіру; 4) бақылау-есепке алу; 5) аралас сабақтар.

Өзге методикаларда сабақтың типі үшке дейін ықшамдалған.

1-тип. Жаңа материалды оқып үйрену сабақтары. Негізгі дидактикалық буыны-оқушылардың жаңа білімді қабылдауы, қалғандары соған сәйкес жүзеге асырылады.

2-тип. Оқушылардың білімі мен білігін жетілдіру сабақтары. Бұған оқушылардың алған білімін қайталау және бекіту, қорытындылау және жүйеге түсіру сабақтары кіреді.

3-тип. Оқушылардың білімін және білігін тексеру, есепке алу және бағалау сабақтары. Мұнда жоғарыда келтірілген оқу барысының соңғы буындары жүзеге асады.

Сабақтың типі оқыту әдістері бойынша түрге және нұсқаға жіктеледі. Жаңа матеиалды оқып үйрену сабақтары дәріс сабағы, әңгіме сабағы, әңгімелесу сабағы, кітаппен жұмыс істеу сабағы, үлестіріліп берілетін материалдармен жұмыс істеу сабағы болып бөлінеді.

Химия сабақтарының құрылымы

Әр типке жататын сабақтың өзіндік құрылымы болады, ол оқу барысы буындарының өзара байланысы бойынша анықталады. С.Г. Шаповаленко жаңа білім, білік және дағды қалыптастыру сабақтары 4-5 бөліктен тұрады деп есептейді, олар: 1) оқушыларды түгендеу; 2) сабақтың мақсатын айту, көрнекі көрсету жасау, зертханалық жұмыстар жүргізу немесе сөз әдістері арқылы жаңа материалды түсіндіру; 3) үйге тапсырма; 4) баяндалған білімді қорыту, оқушылардың қалай түсінгенін тексеру және бекіту. Жаңа сабақты түсіндіру оқушылардың кітаппен өздігінен істейтін жұмыстарымен ұштастырылғанда бес бөліктен тұрады.

Қазіргі методикада әр түрлі типі және құрылымы бар сабақтарға қойылатын жалпы талаптар бекітіледі:

  1. Сабақтың жалпы педагогикалық, дидактикалық және методикалық мақсаттарын нақтылы айқындау;
  2. Сабақтың мазмұнын дидактикалық негізге сай, бағдарлама және оқулықтарға сәйкес таңдап, химия ғылымының соңғы жаңалықтарымен толықтыру;
  3. Сабақта өтілетін оқу материалын өмірмен, өндіріспен, қоғамдық құрылыстың сарамандығымен тығыз ұштастыру және кәсіптік бағдар беретін деректерді енгізу;
  4. Сабақтың тәрбиелік әсерін арттыру. Оқушыларда ғылыми көзқарас қалыптасуына қоғамдағы өз орнын табу, табиғатты аялау, ізеттілік, ізгілік және басқа адамгершілік қасиеттердің орнығуына жәрдемдесу;
  5. Сабақ үстіндегі оқушылардың белсенділігін арттыру, ақыл-ойын дамыту;
  6. Пәнаралық байланысты жүзеге асыру;
  7. Сабақтың әр бөлігін тиімді өткізетін әдістерді таңдап алу, олардың дидактикалық, мақсаттарға және оқу материалының мазмұнына сай келуін қамтамасыз ету;
  8. Оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстарының үлестерін арттыру. Оқушылардың жаппай, топтық және жеке істейтін жұмыстарының ара-қатынасын дәл анықтап тиімді ұйымдастыру;
  9. Сабақтың құрылымын дұрыс таңдап, әр бөліктерінің арасындағы байланысты негізгі дидактикалық мақсатқа сәйкес жүзеге асыру, уақытты ұтымды пайдалану;
  10. Оқушылардың жаңа материалды игеруін, негізінен, сабақта жүзеге асыру, үй тапсырмасын барынша ыңғайлату, жұмысбастылықты болдырмау;
  11. Сабақта оқушылардың байыпты,ынталы жұмыс істеуін қамтамасыз ету.