Орта мектеп химия курсының құрылымы

Мектептік химия курсының құрылымы

Оқулық оқушылардың өздігінен жұмыс істеуіне арналғанын ескере отырып, оқу материалы жүйелілік пен бірізділікке сәйкес жазылады. Оның мазмұнына осы кездегі ғылыми білімнің ерекшелігіне сәйкес іскерлік пен дағды енеді. Білімге химия ғылымының негізгі элементтері жатады: құбылыс пен деректі көрсететін ұғымдар жүйесі; олардың арасындағы заңдылық пен тәуелділікті көрсететін заңдар мен формулалар; ұғымдардың тілдік құралы-терминдер, номенклатуралар, нышандар. Оқу пәніндегі ғылыми білімді іріктеп алу түсініктілік, жүйелілік пен бірізділік, қабілеттік ұстанымдары мен ғылыми мәнділік, теорияның практикамен байланысы ұстаным тұрғысынан шешіледі. Химия ғылымының құрылымына негізделген логикасы бар. Логика әрқашанда бір орында қатып қалған және өзгермейтін нәрсе емес. Оқу пәнінің мазмұны бағдарламамен анықталады.

Оқу бағдарламасы мемлекеттік құжат болып табылады

Ол да оқу пәнінің мазмұнынан құралған, ал сонымен қоса пән бойынша білімнің, іскерлік пен дағдының көлемін қамтитын барлық сұрақтар, жаттығулар, есептер, тақырыптардың тізімі бар. Химияны оқыту бағдарламасында материалдар оқыту жылдарына бөлініп, оқу жоспары бойынша оны үйретуге бөлінген сағаттың жалпы саны ескерілген. Оқу бағдарламасының түсінік хатында химияны оқытудың міндеттері ашылған, оқу пәнінің жалпы жүйесіндегі алатын орны және басқа пәндермен байланысы көрсетілген. Сондай-ақ оқытудың негізгі құралдары мен оқыту әдістері жөнінде ұсыныстар бар. Оқулық оқу бағдарламасына сәйкес болуы тиіс. Курстың мазмұны оқушылардың жас ерекшеліктері мен түсініктілік шамасына лайықты ұстанымның талаптарына сәйкес ашылады. Оқулық балалар үшін қызықты да түсінікті, жеңіл тілмен жазылуы тиіс. Оқулықтар бөлімдерге, тараулар мен тармақтарға бөлінеді. Тақырыптардың соңында сұрақтар, жаттығулар мен есептер берілген, ол міндетті түрде мұғалімнің тапсырмасы ретінде орындалуы керек. Химияны жаңа типтік оқу жоспары бойынша төрт жылға бөлінген: 8-9 сыныптарда бейорганикалық химия және органикалық химияның бір бөлігі, 10-11 сыныптарда органикалық химия және жалпы химия оқылады.

8-сыныпта химия аптасына 2 сағат, барлығы 68 сағат оқытылады. 4сағат көлемінде артық сағат бөлінген, ол мектептің тұрған жердегі өндіріс орындарына не шаруашылық қоймаларына химияға байланысты жайларға саяхатқа шығуға жұмсалуы мүмкін, оны мұғалім мүмкіндігіне қарай пайдаланады.