Химияны оқыту әдістемесінің мақсаты

Орта мектепте химияны оқытудың мақсаттары

Жеке оқу пәндерінің мақсаты мектептің алдына қойған қоғамның әлеуметтік талабы бойынша анықталады. Химия пәні де оқушыларға табиғат туралы ғылыми және технологиялық білім беру, ғылыми көзқарас қалыптастыру, солардың негізінде экологиялық, экономикалық, адамгершілік, еңбек тәрбиесін беру, олардың бақылау, қабылдау, түсіну және ойлау қабілетін дамыту мақсаттарын көздейді.

Бұл мақсаттар химияны оқыту барысында одан әрі салаланып жүзеге асады, олар:

  1. Химия ғылымының негізін оқушыларға игерту арқылы үздіксіз білім алуға, сарамандық істерге араласуға әзірлеу, политехникалық дайындық беру;
  2. Химия зерттханасында, өндірісте, табиғатта және күнделікті өмірде байқалатын сапалық өзгерістерді бақылауға және түсіндіре білуге үйрету;
  3. Химиядан алған білімді басқа пәндерден алған біліммен байланыстырып, табиғат туралы ғылыми материалистік көзқарас қалыптастыру;
  4. Заттармен, құралдармен, көрнекі құралдармен жұмыс істей білудің біліктері мен дағдыларын игерту;
  5. Білім, білік және дағдыны оқу барысында, өмірде, қоғамға пайдалы еңбекте қолдана білуге үйрету;
  6. Оқушылардың білім мен білік алудағы инициативасын, дербестігін және табандылығын тәрбиелеу;
  7. Оқушылардың химияға құштарлығын және қабілетін дамыту, кәсіптік бағдар беру.

Химия пәнінің мақсаттары тақырыптар бойынша өткізілетін сабақтарда нақтыланады.

Химияны оқыту мақсаттарының түрлері

Химия курсының мазмұны егеменді еліміздің оқу жүйесі жөніндегі орта мектепте жалпы білім берудің тұжырымдамасында анықталған. Химиялық орта білім беру бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын үш орындалатын міндеттен тұрады. Ол оқытудың білімділік, тәрбиелік және дамытушылық мақсаттары деп аталады.

Оқытудың тәрбиелік қызметі әрі негізгі, әрі анықтаушы міндет атқарады. Ол еңбекке баулу, адамгершілікке үйрету нысанды қасиеттерін қалыптастырады. Оқыту кезінде ғылыми көзқарас, саяси-идеялық, нанымдық пікірлер тудырып, жан-жақты тәрбиенің сипаты заңдылық екені де белгілі. Ол оқытудың білімдік, машықтану мақсаттарымен бірлікте бір-бірімен байланысты қалыптасады. Оқытудың білімділік мәні- оқушыларға химия ғылымының негіздерін үйретуді және алған білімдерін өмірде қолдана білуге тәрбиелеу. Химияны оқыту дамытылған мәнде жүргізілуі керек, өйткені танымдық мүмкіндіктер, логикалық ойлау мен шығармашылық іс-әрекеттерге байланысты.

Химияны оқытуда пайдаланылатын дидактикалық материалдар мен үйлестіріп беретін заттар, тәжірибелерді орындау оқушыларды байқампаздыққа, ұқыптылыққа, сезімталдыққа, жауапкершілікке тәрбиелейді.