Сүйекті балықтар класының жалпы сипаттамасы. (Osteichthyes)

Сүйекті балықтардың сазанның құрылысы және тіршілік әрекеті — басқа балықтар тәрізді сазанның да денесі бөліктерге айқын бөлінбей, тұтасып кетеді. Сүйірленіп біткен бас мойынға жіктелместен тұлғаға, тұлға құйрыққа ұласады. Бұл балықтың суда еркін жүзуіне мүмкіндік жасайды. Тұлға бөлігі желбезек қақпағының соңынан басталып, аналь тесігіне дейін созылады, ал аналь тесігінен кейінгі бөлік құйрық бөлік деп есептеледі. Баста екі көз және ауыз болады, ауыздың үстіңгі жағында екі танау тесігі бар, олар ауызбен жалғаспайды, үстіңгі ерінге екі жұп мұрт өседі. Сазанның денесін тегіс тері қаптап жатады, теріге қошқыл сары түсті сүйектенген қабыршақтар бірін-бірі бастыра орнығады. Балық денесінің екі бүйірінен-желбезек қақпағынан бастап құйрық жүзбеқанатына дейін созылып жатқан бүйір сызық анық байқалады. Жүзбеқанаттар – сазан суда жүзбеқанаттардың жәрдемімен еркін жүзеді. Жүзбеқанат-балықтың қозғалу мүшесі. Жүзбеқанаттарды екі топқа жіктеуге болады: дара және жұп жүзбеқанаттар. Арқа, аналь және құйрық жүзбеқанаттары – дара жүзбеқанаттар . Арқа жүзбеқанаттары әр түрлі балықтарда (мысалы, алабұғада екеу) түрлеше болады. Балық арқа және аналь жүзбеқанаттары арқылы денесін бір қалыпта ұстайды, ал құйрық жүзбеқанаты бұлқын қызметін атқарады. Жануарлардың алдыңғы және артқы аяқтары тәрізді балықтарда да екі жұп жүзбеқанаттары болады. Олардың алдыңғысы – көкірек жүзбеқанаты, соңғысы-құрсақ жүзбеқанатының жұбы. Бұл қанаттар жүзген кезде балықтың денесіндегі тепе-теңдікті сақтайды. Қаңқасы – балықтардың дене құрылымының күрделілігі, биологиялық ерекшелігіне байланысты қаңқасы шеміршектен (шеміршекті балықтар), шеміршекті сүйектен (бекіре) және сүйектен құралады. Сазан — сүйекті балықтар класының өкілі. Сазанның қаңқасы омыртқа жотасынан, бассүйектен және жүзбеқанат сүйектерінен тұрады. Омыртқа жотасы омыртқалардан құралатындықтан, сазан омыртқалы жануар болып табылады. Омыртқа жотасы омыртқалардың құрылысына байланысты тұлға және құйрық бөліктеріне бөлінеді. Омыртқа жотасына жалғасқан бастың қаңқа сүйектері өте күрделі, онда: ми орналасатын сүйекті қауашақ-бассүйек, үстіңгі және астыңғы жақсүйектер тіласты және желбезектер орнығатын сүйекті доғалар – желбезек қаңқасы болады. Жұп жүзбеқанаттар денеге жүзбеқанаттар белдеуі түрінде таяныш болады. Бұлшықеттері – балық денесінің суда жүзіп, түрлі қимылдар жасауына тері астындағы сүйекке бекінген бұлшықеттер жәрдемдеседі. Олар көбінесе дене көп қимылдайтын тұлға мен құйрық сүйектеріне орнығады. Бұлшықет сондай-ақ балықтың басында, желбезек маңында, жүзбеқанат пен жақсүйектерінің төңірегінде көп болады. Балық бұлшықет арқылы жақсүйектерін, желбезек қақпақатарын, жүзбеқанаттарын еркін қимылдата алады. Қоректенуі – сазан су өсімдіктерімен, суға жел ұшырып түсірген құрлық өсімдіктерінің тұқымымен, шаянтәрізділермен, былқылдақденелілермен, әр түрлі ұсақ омыртқасыз жәндіктермен қоректенетін кәсіптік балық. Ол — Каспий, Арал айдынының ежелге мекендеушісі. Қорек ең алдымен балықтың аузына түсіп, соған жалғасып жатқан жұтқыншаққа қарай жылжиды. Жұтқыншақтың қабырғасы желбезек саңылаулары арқылы желбезек қуысымен жалғасады. Одан әрі жұтқыншақтан қарынмен жалғасатын өңеш созылады. Қарынның қабырғалары жұтқыншақтан түскен коректі қорытатын сөл бөледі, сөйтіп қорек қарында қорытыла бастайды. Қорек қарыннан алдыңғы, ортаңғы және артқы ішекке қарай жылжиды. Бауыр мен ұйқыбездің өт және сөл жүретін жолы алдыңғы ішекке ашылып, қорек ішектің алдыңғы бөлігінде толық қорытылады да кенеулі заттар ішектің ортаңғы бөлігінің қабырғалары арқылы қаңға сіңеді. Қан кенеулі заттарды сазанның бүкіл денесіне таратады. Қоректің қорытылмай қалған қалдығы ішектің соңғы бөлігіне түсіп, одан аналь тесігі арқылы сыртқа шығарылады. Торсылдақ — балықтың жүзгіштігін реттейтін, кейбір балықтарда дыбыс толқынын күшейткіш резонатор ретінде, ал басқа біреуінде дыбыс шағаратын мүше – торсылдақ . Сазанның торсылдағы іші ауаға толы екі бөлікті балта тәрізді болады және өңешпен жіңішке түтікше арқылы байланысып, өмір бойы солай сақталып қалады, яғни сазан ашық торсылдақты балық болып саналады. Торсылдақ – асқорыту жүйесінің өскіні. Егер сазан торсылдақтағы ауа көлемін кемітсе, торсылдақтың да көлемі кішірейіп, балықтың меншікті салмағы арта түседі, сөйтіп балық су түбіне қарай батады. Ал торсылдақ ішіндегі ауа мөлшері әсіресе-торсылдақтың көлемі де артып, балық жеңіл тартады да су бетіне көтеріледі. Торсылдақ балықтың суда жүзгіштігін осылай реттейді. Тыныс алуы – желбезек. Желбезек желбезек доғаларынан құралады. Әр доғаның бір жағында желбезек жапырақшалары, екінші жағында желбезек талшықтары орналасады. Желбезектің осындай нәзік бөліктерін желбезек қақпағы жауып жатады. Сазан суда тіршілік ететіндіктен суда еріген оттегімен тыныс алады, ол суды толассыз жұтумен болады. Тыныс алу кезінде жұтылған су желбезек саңылауы арқылы желбезек бөліктерімен ұласады да желбезек жапырақшасындағы майда қан тамырларға судағы оттегін сіңіп, ондағы көмірқышқыл газды ығыстырып шығарады. Көмірқышқылына қаныққан ауа желбезек саңылауы арқылы сумен бірге сыртқа бөлінеді: желбезек қақпағы ашылып, су сыртқа төгіледі. Қан айналымы – сазанның қанайналым жүйесі екі бөлікті жүректен және қантамырлардан құралады. Жүректің жұқа қабырғалы жүрекшесі және қалың бұлшықетті қарыншасы болады. Жүрекке қан әкелетін тамыр – көктамыр, ал жүректен қан шығаратын тамыр – салатамыр д.а. Сондай-ақ оттегіне қаныққан – салатамыр қаны, ал көмірқышқыл газына қаныққан қан көктамыр болып саналады. Балық жүрегінде үнемі көктамыр қаны болады. Зәр шығаруы – заттар ыдырағанда п.б. сұйық өнімді бөліп шығаратын мүше-бүйрек. Сазанның бүйрегі ірі қантамырлардың астын ала, омыртқа жотасының астын бойлай ұзын екі таспа тәрізді болып созыла жатады. Бүйректегі қылтамырлар арқылы ыдырау өніміне қан қанығады да бүйректен бөлініп шығып, түзілген несеп аналь тесігінің сырт жағындағы тесік арқылы қуықтан сыртқа шығарылады. Көбеюі және дамуы — балықтар дара жынысты жануарлар, олардың көбею мүшесі дене қуысының соңғы бөлігіне орналасады. Алабұғадан басқа балықтардың аналығында уылдырықтар дамитын екі аналықбез болады. Балық уылдырықтайтын кезде аналықбезде уылдырық д.а. өте майда жұмыртқалар түзіледі. Ал аталық балықтың жыныс мүшесі ішектің үстіңгі жағында созылып жататын екі қапшық тәрізді аталықбез болып табылады. Аталықбез – сүт тәрізді сұйықтық, ол шоғал д.а. Шоғалдың құрамында миллиондаған сперматозоидтар болады. Көбею кезінде балықтардың мінез-қылығы күрделене түседі. Аналық балық пісіп жетілген уылдырықтарды шашатын қолайлы жер іздестіреді. Балықтардың бірсыпырасы өзі мекендейтін жерден уылдырық шашатын орын табады, ал кейбір түрлері уылдырық шашу үшін ұзақ сапарға шығады. Уылдырық шашатын орын уылдырықтама д.а. Кейбір балықтар уылдырықтама іздестіріп теңізден өзенгі сапар шегеді. Мұндай балықтар өрістегіш балықтар д.а. Сазан пісіп жетілген уылдырықтарын су түбіндегі өсімдік сабақтарына шашады. Ол бір шашқанда 98 мыңнан 1,8 миллионға дейін желімтіктеніп жабысатын уылдырық салады. Салынған уылдырыққа аталық балық шоғалын құяды, сөйтіп уылдырық ұрықтанды. Балықтардың осылай жыныс өнімін шашуы уылдырықтау д.а. уылдырықтау кезінде көптеген балықтардың аталықтарында күйт сәні байқалады. Сүйекті балықтар денесінен тысқары ұрықтанады. Сазанның ұрықтанған уылдықтарынан су температурасына байланысты 3-6 тәуіліктен кейін кішкене дернәсілдер жарып шығып, арнайы бездермен өсімдік сабақтарына бекінеді. Бастапқы кезде дернәсілдер бір орында тұрып қорегін аулайды да бірнеше күннен кейін шабаққа айналады. Ол тез өсе бастайды, бір жылдың ішінде шабақтың тұрқы 10 см жетеді.