ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАСЫ

Қазақстан Республикасының Президентінің «Қазақстан-2050»стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында басым міндеттердің ішінде радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен көріністеріне қарсы іс-қимыл айқындалған. Бұл ретте қоғамда, ең алдымен, жастар ортасында діни экстремизмнің алдын алуды күшейту қажеттілігіне, сондай-ақ конфессияаралық бейбітшілік пен келісім орнаған, діншілдер мен атеистік көзқарасты ұстанған азаматтардың да құқықтары сақталатын және құрметтелетін зайырлы мемлекет – Қазақстан Республикасының дәстүрлері мен мәдени құндылықтарына сәйкес тұрғындарда діни сананың қалыптасуына ерекше назар аударылады. Сонымен қатар, қазіргі кезеңде әлемдегі жаһандану процесі мен шиеленісу әлеуетінің өсуі халықаралық және ұлттық қауіпсіздік ахуалына елеулі әсерін тигізіп отыр.

Экстремизм (extremus) – латын тілінен тура аударғанда соңғы, шеткі деген мағынаны білдіреді. Ал, саяси мағынасы экстремизм – бұл шектен шыққан көзқарас пен іс-әрекетімен ерекшеленетін күрделі әлеуметтік феномен[1].

Ғылыми түсінік ретінде «экстремизм» терминін XX ғасырдың басында алғашқылардың бірі болып француз заңгері М. Лерой қолданды. Ол сол кезде саяси аренада күші болған экстремистік саяси күштердің мысалы ретінде большевиктердің «қызыл экстремизмін» және монархистердің «ақ экстремизмін» атап көрсетті [2].

Экстремизмнің ең қауіпті формасы – терроризм. Терроризм – экстремизмдегі экстремизм. Ол жүйелі түрде зорлық, қорқыту мен үркітуді қолдануға негізделген саясат болып табылады. Мысалы, Л.М. Дробина мен Э.А. Папиннің зерттеуінде «экстремизм» және «терроризм» түсініктерінің өзара қатынасы келесі түрде көрсетілген: «терроризм саяси экстремизмнің ең шектен шыққан түрдегі зорлық арқылы көрінетін бір формасы» [3].

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1ақпандағы № 922 Жарлығыменбекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес ұлттық қауіпсіздіктің негізіне ықтимал қатерді алдын ала анықтау мен жоюды қамтамасыз ету қойылатын болады. Халықаралық терроризмге, діни экстремизмге, трансұлттық есірткі бизнесіне және заңсыз көші-қонға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылған.

Жаңа қатерлер мен сын-тегеуріндерді уақтылы айқындауға, сондай-ақ ден қоюдың барабар шараларын тұжырымдауға мүмкіндік беретін болжамдық-талдамалық жұмыстың тиімділігін арттыру Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік жүйесін өзгертудің басты бағыттарының біріне айналуы қажет. Бұдан басқа, конфессияаралық келісім мен елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын нығайту мақсатында халықты, азаматтық қоғам институттарын экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласына белсене тарту қажет. Мемлекеттің күш-жігері, ең алдымен, қоғамдағы барлық, соның ішінде қандай да бір радикалдық көріністерге байланысты құқық бұзушылықтарға деген мүлдем төзбеушілік сезімін қалыптастыруға бағытталуға тиіс.

Сөйтіп, аталған бағыттағы тиімді ұйымдастырушылық, насихаттық, соның ішінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудың әлеуметтік-экономикалық және өзге де тетіктерін қалыптастыру мен дамытуға бағытталған Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру арқылы мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіру қажеттілігі айқын.

Дінді жамылған экстремистік және террористік идеологияның таралу процесі соңғы уақытта іс жүзінде бүкіл әлемде ауқымды сипатқа ие болып отыр. Қазақстан әлемдегі сыртқы саяси ахуалдың өзгеруіне байланысты өзінің геосаяси жағдайына қарай, Орталық Азия өңіріне географиялық жағынан жақын Таяу және Орта Шығыс елдеріндегі тұрақсыздыққа орай халықаралық терроризмге қарсы күрестің негізгі бағыттарының бірінде қалып отыр [4]. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы терроризм қатерінен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының жүйесін әзірледі, оның тиімділігі біртіндеп арттырылып жатыр. Конфессияаралық және этносаралық келісім мен жастар мүддесін қорғауды, мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік саясат жүзеге асырылуда.

Елбасы 2013 жылғы 18 сәуірде басқа шаралардың қатарында этносаралық тағаттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін жетілдіруге бағытталған іс-шараларды қамтитын Қазақстан халқы Ассамблеясының (2020 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасын бекітті. Сонымен қатар, экстремизм мен терроризмнің алғы шарттарын анықтау мен жолын кесу үшін заңнамалық және ұйымдастырушылық база құру әрі оны жетілдіру жөнінде елеулі жұмыстар атқарылды.

2005 жылғы 18 ақпанда«Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы»және 1999 жылғы 13 шілдеде«Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы»Қазақстан Республикасының заңдары қабылданды, онда экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен оған қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері белгіленген, негізгі ұғымдық анықтамалар мен осы бағыттағы мемлекеттік органдардың құзыреті, сондай-ақ осы саладағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің негізгі қағидаттары айқындалған. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдар қызметін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету дамытылуда. Алдын алу, соның ішінде ақпараттық-түсіндіру қызметі саласындағы іс-шаралар өткізу тәжірибесі қалыптасқан. Экстремистік және террористік топтар мен ұйымдар қызметінің жолын кесу жөнінде арнаулы және терроризмге қарсы операциялар өткізудің белгілі бір практикалық тәжірибесі жинақталған.

В.А. Бурковская тұжырымдағандай, діни экстремизм деп келесі өзара байланысқан формаларда өмір сүретін әлеуметтік құбылысты айтуға болады: діни сана-сезім; діни идеология; жалғыз ғана ақиқат деп жарияланған діни доктринаны жүзеге асыру бойынша әрекет [5].

Қазақстан терроризмге қарсы күрес саласындағы негізге алынатын барлық халықаралық әмбебап актілердің қатысушысы болып табылады. Арнаулы мемлекеттік қызметтер мен құқық қорғау органдары Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің Контртеррористік Комитетімен, Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Терроризмге қарсы бөлімшесімен, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Терроризмге қарсы орталығымен, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымымен белсенді түрде өзара іс-қимыл жасайды. «Терроримзге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының ЗаңындаҚазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының бастауымен діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылды үйлестірудің ішкі жүйесі құрылды.Өңірлерде терроризмге қарсы комиссиялар құру арқылы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға жергілікті атқарушы органдарды тарту жағдайлары қамтамасыз етілді. Қазақстан аумағында экстремистік және террористік қызметке қатысы бар, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерлерде жасаған террористік қылмыстары үшін біздің елде шетел мемлекеттерінің құқық қорғау органдарының қудалауынан жасырынып жүрген адамдарды анықтау бойынша жедел жұмыс жүргізілуде.

Сонымен қатар, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жылдан жылға экстремистік және террористік қызмет барған сайын ұйымшыл бола түсуде және мұндай топтардың қатарына сыртқы күштердің әсерімен жаңа адамдар тартылуда.Атап айтқанда, діни риториканы жамылып жүрген халықаралық экстремистік және террористік ұйымдар қазақстандық қоғамда радикалдық көзқарас пен нанымды қалыптастыруға тырысуда.Әлгі ұйымдардың жекелеген адамдардың санасына мақсатты ықпал жасауы олардың отансүйгіштік сезімі мен ұлттық өзіндік сана-сезімін, мәдени-имандылық, отбасылық құндылықтарын жоғалтуына әкеп соғады.Халықаралық экстремистік және террористік ұйымдар конституциялық құрылымның негіздерін құлату үшін радикалдық идеяларды себе отырып, қоғамға қарсы көңіл-күйді ушықтырып, арандатады, Қазақстан аумағында террористік актілер жасау жөнінде жоспарлар мен ниеттер ойластырады. Бұл үшін олар жақтастар тарту мен елімізде өздерінің жеке құрылымдық буындарын құрудағы жоспарларын іске асыруға талпынысын әлі де қоймай отыр.

Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан аумағында халықаралық экстремистік немесе террористік ұйымдардың қызметіне қатысы бар 70 шетелдікті ұстау жөніндегі мәлімет осындай көріністердің дәлелі болды.

Аталған құрылымдардың бүлдіру әрекетінің нәтижесінде Қазақстан іс жүзінде өз аумағында терроризм актілерінің жасалуына душар болып отыр. Елдің батысы мен оңтүстігіндегі қайғылы оқиғалар проблеманың өткірлігін көрсетті. 2011-2012 жылдар аралығында 12 зорлық-зомбылық акциясы жасалды.Бұл ретте, аталған терроризм актілері негізінен құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қарсы бағытталған болатын.Осы тұрғыда діни экстремизм мен терроризм жақтастары санының Қазақстан азаматтары қатары есебінен өсу серпінін айтпай кетпеске болмайды. Статистикалық деректерге сәйкес 2008 жылдан 2013 жылға дейін террористік қылмыстары үшін сотталған адам саны 27-ден 171-ге дейін, ал экстремистік қылмыс үшін сотталғандардың саны — 56-дан 168-ге дейін өсті.

Сонымен қатар, әлемнің түрлі елдерінде (Норвегия, Франция, АҚШ) байқалып отырған терроризм актілерін радикалдардың жеке-дара жасау құбылысы және халықаралық террористік құрылымдардың осы әдісті анағұрлым белсенді пайдалануы алаңдатушылық тудырады.Бұл, өз кезегінде, халықаралық қауымдастық, соның ішінде Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі үшін экстремистік және террористік қатердің жалпы ықтималдығын елеулі түрде арттырады.Діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұру бойынша арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары жұмысының нәтижелері біздің елімізде діни радикалдық идеологияның таралуына ықпал ететін мынадай сыртқы және ішкі факторларды анықтауға мүмкіндік берді.

Сыртқы факторларға Қазақстан шекараларының қарулы қақтығыстар ошақтарына, соның ішінде радикалдық діни топтардың қатысуымен өтетін қарулы қақтығыстар ошақтарына жақындығы, осыған байланысты еліміздің көші-қон тұрғысынан осалдығы, Интернет-кеңістікте діни экстремизм мен терроризм идеяларының шетелден насихатталуы, террористік идеялардың жолын ұстанушы жекелеген азаматтарымыздың шетел мемлекеттерінің аумағында орналасқан жауынгерлерді дайындайтын лагерлерде болуы жатады.Шетелдік діни оқу орындарында оқып жатқан азаматтарымыздың экстремистік және террористік идеологияның ықпалына түсу фактілері байқалады.Жаңа жақтаушыларды радикалдық діни құрылымдарға тартуға ықпал ететін ішкі факторларға әлеуметтік-экономикалық проблемалар, тұрғындардың діни сауаттылығының төмен деңгейі, өскелең ұрпақтың моральдық-имандылық және патриоттық тәрбиесінің кемшіндігі жатады.

Көбінесе өз орнын таппаған жастар арасындағы теріс пиғылды көңіл-күй мен билікке сенімсіздіктің туындау себептерінің бірі сонымен қатар жекелеген жергілікті мемлекеттік шенеуніктер тарапынан орын алатын сыбайлас жемқорлық көріністері мен бюрократизм болып табылады.Күмәнді мазмұндағы діни әдебиеттер мен өзге де ақпараттық материалдардың жаппай таралуы діни-экстремистік идеологияның таратуына белгілі бір жағдайлар туғызады.Сонымен қатар, ғибадат үйлерінің (орынжайлардың) қажет-қажет еместігі ескерілместен қызмет етуі және діни қызметкерлердің кәсіби дайындығының төмен деңгейі өткізіліп жатқан алдын алу жұмысына теріс әсерін тигізіп отыр.

Зорлық-зомбылық экстремизмі мен терроризмі актілері санының артуы шеңберінде аталған құқыққа қайшы әрекетті қаржыландыру көздері мен арналарын анықтау бірлі-жарым сипатта екендігін атап өту қажет.Түзеу мекемелері жағдайында анағұрлым айқын көрінетін радикалдық діни қауымдастықтардың қылмыстық құрылымдармен біте қайнасуының алаңдатарлық үрдісі байқалуда.Қалыптасқан жағдайда террористік тұрғыдан осал объектілердің қауіпсіздігін, сондай-ақ қару, оқ-дәрі, жарылғыш құрылғылар мен олардың құрауыштарының айналымына тиісті бақылауды қамтамасыз ету мәселелері елеулі түрде өзекті сипатқа ие болды.

Қазақстанның жауапты органдарының, Ұлттық қауіпсіздік органдарының мәліметтеріне қарағанда, діни саяси экстремизм және фанатизм Қазақстанда да бар, ал бұл әрекеттердің өкілдері хизбуттахриршілдер мен «Мұсылман бауырлары» ассоциациясы. Бұл жағдай Қазақстан Республикасының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бас болып басқа да мемлекет адамдарының әрекет етуіне түрткі болып, шара қолдануға мәжбүр етті. Сондай-ақ, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сындарлы он жыл» атты кітабында бұл жөнінде былай деп айтады: «Фундаменталистер мен экстремистердің мақсаты – Қазақстанның мұсылман халқы. Осы орайда Қазақстанда үш мыңнан астам діни топтардың, 40-тан аса діни мәзхабтардың ұйғарымымен «Терроризммен күрес жүргізу ұйымы» атты ұйым ұйымдастырылды. Сонымен қатар Н.Ә.Назарбаев, тәуелсіздіктің 11 жылдығын кұттықтау шаралары шеңберінде жасалған Облыс әкімдері Мемлекеттік Кеңесіңде ел үшін маңызды мәселелердің бірі «діни ұйымдар және олардың өкілдерінің жүргізген жұмыстарының ұлттық кауіпсіздік күштері тарапынан қатаң бақылауға алынуы» керектігін айтты.

Елімізде «Хизбут Тахрир», «Таблиғи жамағат» сияқты радикалды ұйымдардың өкілдері көбейді. Олар насихаттап жүрген Конституциямызға қарсы уағыздар қазір қазақстандықтарға таңсық болудан қалды. Егер де жоғарыда аталған радикалды ұйымдар дәл осы қарқынмен тарала берсе, ол Қазақстан халқының ортақ мемлекеттік мәдениетке бірігуіне, демократиялық реформалардың халық санасында орнығуына әжептәуір кедергі болады. Сондықтан, Қазақстан халықтарының индустриалдық қоғам құрып, ортақ мемлекеттік мәдениетке бірігуі үшін ең алдымен бұған кедергі болатын діни фундаментализмнің табиғатын анықтап, теократиялық елдердегі ортодоксальді исламның ерекшеліктерін байыптауымыз керек. Өйткені, халқының 60 пайызы мұсылман болып саналатын отанымыздың ендігі тағдырына исламның әсері мол болатыны анық. Елімізде ислам дінін ұстанушылардың көбейе бастауы бұл діннің принциптеріне ерекше назар аударып, жан-жақты талқылау қажеттігі сөзсіз. Ислам дінінде саяси — қоғамдық, рухани өмірдің барлық саласы қамтылған. Солардың бірі діни сенім және діни төзімділік мәселесі. Ислами идеяларды өркениеттік тұрғыда қабылдап, оларды еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жолында қолдана білсек, біздің қоғамдағы біраз мәселелер шешімін табар еді.