ХҮІ-ХҮІІ ғғ. қазақ халқының материалдық мәдениеті

Қазақтардың экономикасы мен тұрмысы.

ХҮ-ХҮІІ ғғ. қазақтарда көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы сақталды. Негізінен қой, жылқы, түйе өсірілді. Ірі қараны аз мөлшерде, көбіне отырықшы елдер ұстады.

Қазақ хандығында алдыңғы мемлекеттердегі сияқты тұрақты көші — қон жолы және жыл мезгілдеріне қарай орын ауыстыру мезімдері (көктеу, жайлау, күздеу, қыстау) қатаң сақталды. Бірнеше ондаған, кейде жүз шақты ауылдан тұратын әрбір ру өзіне меншікті жер бөлігінде ғана көшіп жүрді. Көші-қон орнын таңдау әдет-ғұрыптар мен шаруашылық қажетінен ғана емес, хандықтағы саяси жағдайға да байланысты болды.

Ғасырлар бойы қалыптасқан мал шаруашылығы дағдылары сақталып, үнемі жетілдірілу үстінде болды. Қазақтардың киіз үйімен шаруашылық құрал-саймандары көшпелі тұрмысқа, мал өнімдерін өңдеуге жақсы бейімделген. Мал өнімдері қазақ отбасының өмірлік қажетінің бәрін өтеді, тамақ та болды, киім мен аяқ киім, үй жабдықтары жасалды, көлік ретінде пайдаланылды. Көшпелілердің барлығы дерлік мал шикізатынан үй жабдықтарын жасай білді. Киіз басты, кілем тоқыды, киім, аяқ киім тікті, теріден ыдыс, қамыт-сайман жасады. Қазақтар бұйымды негізінен өздері үшін жасағанымен, кейде артығымен өндіріп, қала жұртшылығының, егіншілердің бұйымдарымен өздеріне айырбас жасап отырды. Түркістандағы қала базарларына көшпелілер мал айдап келді, тері, жүк, олардан жасалған бұйымдарын әкеліп, оның орнына мақта және жібек мата, қыш құмырашылар мен ұсталар соққан бұйымдар, дайын киім-кешектер, шапан, шәлі, бас киімдер, аяқ киімдер, ат әбзелдер, үй саймандары, қару-жарақ, қымбат бағалы әшекейлер, айна т.б. көптеген заттар алып қайтты.

Қала мәдениеті. Оңтүстік Қазақстан қалалары.

Қазақ хандығында қала мәдениеті кәдімгідей өркендеді. Ибн Рузбихан «Түркістанда отыз қала» болғандығын айтады. Бұлар Сырдың Оңтүстік жағалауындағы – Йасы, Отырар, Сайрам, Сауран, Сығанақ, Икан; солтүстігіндегі – Аркөк, Үзкент, Қаратаудың солтүстік беткейіндегі – Созақ, Құмкент т.б. қалалар. Олардың ішінде тек бес-алтауы ғана мәдени және экономикалық ірі орталық болып табылады.

Қазақ мемлекетінің қалыптасу және нығаю кезеңінде Қазақстан халқының өмірінде қалалардың атқарған ролі өте жоғары. Мысалы, Сығанақ – Дешті Қыпшақ үшін «сауда орталығы», алғашқы қазақ билеушілерінің астанасы болды. Түркістан – ХҮІ-ХҮІІ ғғ. шекарасында Қазақ хандығының астанасы, бүкіл Орта Азия мен қазақ даласының діни орталығы атанды. Отырар Оңтүстік Қазақстан жеріндегі ірі сауда-өнеркәсіп орталығы ретінде танылды. Ол ХҮІ ғ. Түркістандағы Шайбани әулетінің мекені болды. Сауран – ХҮІ ғ. мұнаралы биік қамал қабырғалары, қорғаныс үйінділері, терең оры бар мықты қорғаныс жүйесімен ерекшеленеді. Сайрам да мықты бекініс, ірі сауда өнеркәсіп орталығы, Мауереннахрдан Түркістан мен Жетісуға шығатын сауда және әскери жолдардың торабында орналасқан қала.

Қаратаудың солтүстік беткейіндегі Созақ қаласы мықты бекінісі, далалықтарға арналған сауда және өнеркәсібі бар Қазақ хандығы билеушілерінің басты тірегі, әскери бақылау орталығы болды.

Оңтүстік Қазақстан қалалары мен жазираларында тұрақты жәрмеңке өткізіліп тұрды. Сауда қалалар өмір сүруінің басты бір бағыты болды. Ірі базарлар мен көптеген дүкендер сауданы қыздырып жатты.

Қазақ хандығы дүрілдеп тұрған кездегі, әсіресе Қасым хан, Хақназар хан, Тәуке хан тұсындағы қолайлы саяси жағдай, соғыстар мен қақтығыстардың тоқталуы қалалар мен сауданы өркендетті.

Сәулет өнері және құрылыс.

Жазбаша деректемелер қалаларда діни және азаматтық сипаттағы құрылыстар болғанын дәлелдейді. Біріншілеріне қала құрылысындағы ерекше доминанттар болған мешіттер, медреселер, ханақылар, кесенелер жататын.

Зайн ад-дин Васифи қалада ХҮІ ғ. салынған Сауран медресесін жарқын суреттеп қалдырған. Оның тербеліп тұратын мұнараларымен даңқы шыққан. «Оның айванының иіндеріне,- деп жазады Васифи, — ғаламат биік және өте ғажайып екі мұнара орнатылған, сондықтан ақындардың біреуі сол Заххаку айванын жыландарға теңеген. Сол мұнараның «гүлдестесіне» шынжыр бекітілген де, әрбір мұнара күмбезінің астына бөрене салынған, сөйтіп әлдебіреу бөренені күшпен қозғаған кезде, шынжыр тербеледі де, қарсы жақтағы мұнарада тұрған адамға мұнара құлап түсетін сияқты болып көрінеді, ал мұның өзі әлем кереметтерінің бірі».

Отырардағы археологиялық қазба жұмыстары ХҮІ-ХҮІІ ғғ. мешіттің қалдықтарын аршыды. Ол қала жұртының оңтүстік-шығыс бөлігіне орналсқан, тік бұрышты етіп жоспарланып, қатаң түрде батыс-шығыс бағытында бағдарланған. Мешіттің аумағы 135,6 шаршы метр. Мешіттің қасбеті үш үлкен көше тоғысатын шағын алаңға қаратылған. Мешіт көлемі 87,1 шаршы метр зал мен оған шығыс жағынан жалғасатын 6 бөлмеден тұрған. Орталық есік, сірә, батыс қабырғасында, алаң жағында болса керек.

Қала құрылысының қоғамдық құрылыстары арасында бұрынғысы сияқты қоғамдық моншалар болған. ХҮІ-ХҮІІ ғғ. салынған сондай бір монша Түркістанда осы кезге дейін сақталған. Бұл – көлемі 400 шаршы метр болатын, күйдірілген кірпіштен салынған көп күмбезді ғимарат. Моншаның жер бетіндегі биіктігі 5 метр, іргетасы 3 метр тереңдікте жатыр. Моншаның 8 бөлмесі бар, олар: шешінуге арналған зал; моншаға кірердегі дәліздер, дене сылауға арналған сәкісі бар орталық жуыну залы; ыстық сумен жуынатын орын; тағы бір жуынатын орын; екі санитариялық бөлме.