Қазақстанның ХІҮ-ХҮ ғғ. мәдениеті

Қазақстанның ХІІІ-ХҮ ғғ. рухани мәдениеті.

Бұл кезеңнің рухани мәдениеті Дешті Қыпшақ аумағында ежелгі түрік, монғол және ислам мәдениеті дәстүрлерінің өзара тығыз ықпалымен сипатталады. Ол негізінен алғанда фольклор, ауызекі жеке поэзия, жазба әдебиет және музыкалық-поэтикалық өнер түрінде болып, дамып отырған.

ХІҮ-ХҮ ғғ. Қазақстанда мекендеген ру-тайпалардың әдеби туындылары ауызша фольклор түрінде таралды. Фольклорға ел ішінде айтылып жүрген ертегілер, аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, эпостық жырлар жатады.

Фольклордың ертедегі үлгілері түрлі мифологиялық сюжеттерден тұрады. Мәселен, Ғарыш пен Жердің ғайыптан пайда болуы немесе Күн мен Айдың және жұлдыздардың қайдан шыққандығы туралы түрлі аңыздар сақталған. Мысалы, «Күннің баяны», «Темірқазық пен Жетіқарақшы» жұлдыздары, т.б. туралы аңыздар. Алғашқы адамдар мен жануарлардың, таулар мен өзен, көлдердің қалай жаралғандығы туралы аңыздар да бар.

Ауыз әдебиетіндегі кең таралған жанрлардың бірі – ертегілер. «Құламерген», «Жоямерген», «Жерден шыққан Желім батыр», «Ер Төстік», Керқұла атты Кендебай» сияқты батырлық, өнегелік мазмұндағы ертегілердің әлі күнге дейін тәрбиелік мәні зор.

Ауыз әдебиетіндегі ертеден ел аузында айтылып келе жатқан ірі саласының бірі – эпостық жырлар. ҮІ-ҮІІІ ғғ. бастау алған батырлық жырлары көптеген көріністерімен толықтырылып, ХІҮ-ХҮ ғғ. эпостық жырларға айнала бастады. Мәселен, қияттар мен қыпшақтардың қызылбастар мен қалмақтарға қарсы соғысын суреттейтін «Қобланды батыр» жыры. Кеңейтіліп, жаңару барысында бұл жырда Алтын Орда дәуіріндегі Алшағыр, Қазан, Қараман, Айбақ сияқты тарихи адамдардың есімдері де орын алды. Ал Алтын Орда ыдыраған кезде «Ер Тарғын», «Орақ-Мамай», «Ер Қосай» сияқты батырлар жырлары пайда болған.

ХІІІ-ХҮ ғғ. ауызша поэзия үлгілері де дами бастайды. Оның өкілдері: аттары бізге аңыз боп жеткен Кетбұға, Қодан, Сыпыра жырау, Асан Қайғы. Олардың өмірбаяндары бізге белгісіз болғанымен, ауызша сақталып бізге жеткен шығармалары, халықтың бірлігі мен тірлігі туралы айтқандары бүгінгі ұрпақ үшін тәрбиелік мәні жағынан өте құнды еңбектер болып табылады.

ХІҮ-ХҮ ғғ. жазбаша әдебиет те дами бастады. Олардың көпшілігі қыпшақ тілінде жазылған. Мәселен, «Кодекс куманикус», «Оғызнама» сондай туындыларға жатады. Бұл кезеңде өзбек ақыны Хорезмидің «Мухаббатнама», Кутбтың «Хұсрау мен Шырын», Дүрбектің «Жүсіп-Зылиха» сияқты әдеби шығармалары белгілі болған.

Әдебиетпен қатар музыка өнері де дамыған. Бізге жеткен музыка туындылары – «Ескендір», «Қамбар батыр», «Шора батыр» т.б. күйлер. Ежелгі Алтын Орда дәуірінен келе жатқан «Жошы ханның жортуы», «Ақсақ құлан», «Ел айырылған», «Сағыныш» сияқты күй-аңыздар – халқымыздың музыка өнеріндегі асыл қазыналары.

Діни наным-сенімдер.

Қазақстанда ислам діні ҮІІІ ғасырда тарай бастағанымен, ХІХ ғасырдың аяғына дейін бұл дін оның тұрғындарының жүрек түкпіріне толық жете қоймаған еді. Мұндай пікірді «Ислам діні» атты мақаласында қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановта та айтады. Атақты Өтеміс қажы өзінің «Шыңғыснама» кітабында «Дешті уалаяты Берке ханға бағынған кезде дінсіздердің көп бөлігін ол ислам дініне кіргізді» деп жазған. Хан өз төңірегіне діншіл ғалымдарды жинап, мұсылман дінінің таралуына себін тигізген.

ХІҮ ғ. Өзбек хан (1312-1342) мен Моғол ханы Тоғылық Темір хан (1348-1362) билігі кезінде исламның таралуына қатты көңіл бөлінген. Жазба деректерге қарағанда, хандар шонжарларға исламды зорлап қабылдатуға дейін барған. Ал Тоғылық-Темір хан мұсылман дініне кіріп, басына сәлде тақпағандарға қатаң жаза қолданған. Осындай шаралардың арқасында тұрғындар мұсылман дінін қабылдай бастайды.

Қазақстанда ислам дінінің тез қанат жая бастауына және бір себеп – ислам дінінің сопылық тармағының таралуы. Өйткені сопылықтың кейбір идеялары мен әдет- ғұрыптары шаманизмнің наным — сенімдеріне жақын болды.

Сонымен ХІҮ –ХҮ ғғ. аралығында ислам діні мен шаманизмнің кейбір діни наным – сенімдері қатар өмір сүрді. Мәселен, Қазақстанның байырғы аспан әлемін «Көк тәңірі» деп түсінген. Ал тәңірді пір тұту исламның құдайға жалбарыну әдетімен бірдей жалғаса берді.

Қазақстанның ХІҮ-ХҮ ғғ. сәулет өнері

ХІІІ ғ. екінші жартысынан бастап қалалық отырықшы мәдениеттің жандана бастауының нәтижесінде ХІҮ-ХҮ ғғ. ірі архитектуралық құрылыс жүйелері салына бастаған. Мәселен, бұл кезден бізге жеткен сәулет өнерінің тамаша үлгілеріне Арыстанбаб, Қожа Ахмет Йассауи, Көккесене, Алаша хан, Дәуітбек, Тектұрмас сияқты кесенелер жатады.

Арыстан баб кесенесі көне Отырар қаласының батыс жағында 3 км жерде, Сырдария өзеніне жақын орналасқан. Ел ауызындағы аңыз бойынша Арыстанбаб ҮІІ-ҮІІІ ғғ. өмір сүрген. Қожа Ахметтің рухани ұстазы болған. Оның басына тұрғызылған құлап қалған кесенені Әмір Темір ХІҮ ғ. қайта салғызыпты. ХІҮ-ХҮ ғғ. аралығында Әмір Темірдің бұйрығымен салынған сәулет өнерінің тамаша бір үлгісі – Қожа Ахмет Йассауидің кешенді кесенесі. Кесене Түркістан қаласының дәл ортасына салынған.

Жазба деректерге қарағанда, кесенені салуға Әмір Темір 1397 ж. бұйрық берген. Күмбезді салғызудағы басты мақсаты Қожа Ахметтің мұсылмандар арасындағы зор беделі арқылы оны пір тұтушылардың сеніміне ие болып, өз жағына тарту болды. Кесененің аумағы – 46,5 х 65,5 м. Биіктігі – 37,5 м. Қасбеті шығысқы қараған, ең биік күмбезді. Кесене 35 бөлмеден тұрады. Залдың ортасында 1399 ж. жасалған үлкен тайқазан тұр. Бөлмелердің шіндегі негізгісі – кітапхана. Оңтүстік жағында үлкен ақсарай, кіші ақсарай бар. Олардың ішінде атақты адамдар жерленген.

Көккесене – Ақ Орданың орталығы болған Сығанақ қаласының маңында, Төменарық кентінің солтүстік-батысында 8 км жерде орналасқан бір күмбезді кесене. Қазіргі кезде бұл кесененің жұрнағы ғана қалған.

Алаша хан кесенесі – ХІҮ-ХҮ ғғ. арасындағы сәулет өнерінің басты бір ескерткіші. Күмбез Ұлытау ауданындағы Қаракеңгір өзенінің жағасына салынған. Бұл кесененің өзіндік бір ерекшелігі – далалық сәулет өнерінің үлгісінде жасалуы. Алаша хан күмбезінің қабырға сыртын әсемдеу ісінде қазақтың дәстүрлі ою-өрнегі (таңдай, жүрекше) кең қолданылған.

ХҮ ғ. екінші жартысында салынған тағы бір ескерткіш – жартылай сақталған Рабиға Сұлтан Бегімнің кесенесі. Кесене Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің шығыс жағында 60 км жерде орналасқан.