ХІІІ-ХҮ ғғ. Ноғай Ордасы. Солтүстік Қазақстан және Батыс Сібір

Ноғай Ордасының құрылуы, жер аумағы.

Алтын Орданың ыдырау барысында өмірге келген ірі мемлекеттік құрылымдардың бірі Ноғай Ордасы. XIV-XV ғасырларда ол Батыс Қазақстан жерінің бөлігін қамтыды. XIV ғ. соңына қарай Жайық пен Еділдің арасындағы тайпаларды біріктірген қауым өзін маңғыттар, ал өз ұлысын “Маңғыт жұрты” атады. “Ноғайлар”, “ноғайлықтар”, “Ноғай Ордасы” деген атаулар деректерде XVI ғ. бас кезінде пайда болады. Ноғай Ордасының мемлекеттік құрылым ретінде оқшаулануы Едіге бидің Алтын Орданы билеген кезеңіне тұстас келеді (1396—1411 жж.). “Беклар-бегі” атанған би іс жүзінде бұл құрылымның негізін қалаушы болды. Ол бес жыл бойы Алтын Орданың саяси өмірінде шешуші роль атқарған Едіге би өз елі маңғыттар ұлысын күшейтуге біраз күш жұмсайды. Едіге би опат болған соң (1419 ж.) маңғыттардың билеушілері шығыс жағындағы көршілерімен жақын қатынаста болуға ұмтылды, Әбілқайыр ханмен одақ құрды. Ноғай Ордасы дербестікке біржола Едігенің ұлы Нұр ад-Дин билігі (1426-1440жж.) тұсында қол жеткізеді.

Ноғай Ордасының жер көлемі өзгеріп отырған. XV ғ. екінші жартысында ноғайлар Жайықтың сол жағалауынан асып өтіп, шығыс және оңтүстікке жылжыды. Сыр бойы қалалары үшін күрес және Мауреннахрға ықпалын арттыру жолында жүрген Әбілқайыр хан ноғайларға ешқандай да кедергі жасаған жоқ, қайта одақтастық пиғылда болды. Мұны пайдаланған ноғай билеушілері солтүстік-шығыста жайылымдарын Батыс Сібірге дейін жеткізді. Төменнің оңтүстік шығыс беті Ноғай даласы аталды. Сондай-ақ, ноғайлар көші ауық-ауық Сыр бойы мен Арал теңізі жағалауына шейін де жетіп жатты.

Ноғай Ордасының этникалық құрамы, қоғамдық құрылысы және саяси жағдайы.

Ноғай Ордасының этникалық құрамы төңірегіндегі түркі халықтарының, яғни олардың жеке ұлттық тұтастыққа көшкенге шейінгі құрамына ұқсас болды. Оның құрамына маңғыттардан басқа қыпшақ, қаңлы, қоңырат, найман, үйсін, қарлық, алшын, тама және басқа тайпалардың бөліктері енді. Әуелде этносаяси құрылым ретінде пайда болған Ноғай Ордасы негізінде кейінірек, яғни XV ғ. соңына қарай ноғай халқы қалыптаса бастайды.

Ноғай Ордасының негізін қалаған Едіге өзін хан деп жариялауға құқы болмағанмен, Алтын Орданың билеушісі болды. Оның кезінде ноғайлар Алтын Ордадан бөлектенген, елеулі феодалдық иеліктердің біріне айналды. Беклер-бек» — «ұлы әмір» атанған оның билігі шексіз болды. Тіпті Шыңғыс әулетін хан көтеру Едіге ұрпақтарының келісімінсіз қабылданбайтын дәстүрге айналды. Маңғыт елі оған арнап «Едіге батыр» жырын шығарды. Едігенің билік жүргізген кезінде (1396-1411) Ноғай Ордасының жері Батыс Сібір ойпатына дейін ұлғайған. Бұл аймаққа қашып келген Тоқтамыс хан қаза болғаннан кейін, бұл жердегі тайбұға тайпасы да Едігенің билігін мойындаған. Жазба деректердің мәліметі бойынша, ноғайлар (маңғыттар) ХҮ ғ. ортасында Сырдың орта ағысына дейін жетіп, кейбір бекініс қалаларды жаулап алады. Мәселен, 1446 ж. Едіге бидің үрім-бұтағы Уақас би Үзкент қаласына билік жүргізген. Едігенің Мұса мырза, Ямғұрчи және басқа ұрпақтары бүкіл Дешті Қыпшақтың саяси өмірінде белгілі болған. Қазақ еліне тілі, салт-дәстүрі жақын ноғай жұрты қазақтармен жылы, одақтастық қатынаста болды. Алғашқы қазақ ханы Жәнібектің тұсында (XV ғ.) қазақ пен ноғай жылы, туыстық қатынаста болды. XVI ғ. орта тұсында деректер Хақназар ханды “қазақтар мен ноғайлардың ханы” атады.

ХҮІ ғ. басында Ноғай Ордасы ыдырай бастайды. 1550 жж. ортасында Қазан, Астрахань хандықтарының Ресейге қосылуына байланысты Ноғай Ордасы бірнеше иеліктерге бөлінеді. Оның ыдырау кезінде халқының кейбір бөліктері Кіші жүз қазақтарының құрамына қосылады.

ХІІІ-ХҮ ғғ. Солтүстік Қазақстан және Батыс Сібір.

Сібірдің ұлан-байтақ жерін ежелден түрік тайпалары мекендеген. Батыс Сібір халқы Қазақстан аумағындағы халықтармен тығыз қарым-қатынас жасап отырды. Шыңғыс ханның жорығына байланысты көптеген тайпалар бас сауғалап, Сібір жерін паналады. Батыс Сібір тайпаларымен көрші қонып, оларға елеулі ықпал еткен қазақ тайпаларының негізгі ұйытқысы қыпшақтар болды. Батыс Сібір жерінде туысқан түрік тілдес халықтардың бірлестігі болды. Бірлестікте керейттер басты роль атқарды.

Монғол шапқыншылығынан кейін Батыс Сібір Жошы ұлысына кіріп, Шайбани әулетінің жері саналғанымен, елді басқару Тайбұға заманындағы түрік шонжарлары әулетінің қолында болды. Тайбұға Шыңғыс ханның құрметіне өзінің астанасы Тура қаласын Чимги-Тура деп атаған. Қазір ол қаланың орнында Тюмень қаласы орналасқан.

Алтын Орданың ыдырауы кезінде Едігеден қашқан Тоқтамыс хан осы тайбұғалықтардың арасына келіп, біраз жыл хандық құрған. Тоқтамыстан соң тайбұғалықтар Едігенің билігін мойындаған. Ал Едігеден соң, бұл амаққа билік үшін Шайбани ұрпақтары арасында талас қайта басталған. Бұл таласқа Ақ Орда хандары да араласқан. Барақтан жеңілген Шайбани ұрпағы Махмұт Қожа Батыс Сібірге қашып келіп, ноғайлардың қолдауымен хан болып жарияланады. 1428 ж. Әбілқайыр хан Батыс Сібірге жорыққа шығып, Махмұт Қожаны жеңіп шыққаннан кейін Батыс Сібір Әбілқайыр ханның қарамағына өтеді. Әбілқайыр қаза болғаннан кейін, Шайбанидің екінші бір ұрпағы Ибақ хан билікті өз қолына алады.

Сонымен Сібір хандығының негізгі жерлері Батыс Сібірдің түркі тілдес халқы тұрған Тобыл, Тура өзендерінің аңғары болды. Ол біртіндеп далалы аймақтарға кеңейтілді.