Әмір Темір мемлекеті

Әмір Темірдің билікке келуі.

ХІҮ ғ. соңғы үштен бірі – ХҮ ғ. басында Қазақстан халқының шаруашылық және саяси өміріне Әмір Темірдің жаулаушылық және тонаушылық жорықтары зор қауіп төндірді. Шағатай мемлекетінің екіге бөлінуі салдарынан XIV ғ. 70-ші жылдарында Маураннахрдағы билікті Әмір Темір (1336-1405 жж.) басып алады. Ол монғолдың түріктенген барлас руынан шыққан Тарағай бектің ұлы еді. Атаққұмар, жігерлі, алған бетінен қайтпайтын Әмір Темір әскерлердің шапқыншылығын пайдаланып, одақтастарына опасыздық жасай отырып, халық қозғалысын басып жаныштап, көршілес жерлердегі халықтарды талап-тонау мен күйзелту арқылы байып алды да, ешнәрседен шімірікпестен билікке ұмтылды. 1370 ж. Мауереннхрдағы билікті басып алды.Темірдің жеке-дара билік құрған 35 жылы (1370-1405 жж.) көрші аймақтар мен елдерге жасалған басқыншылық, тонаушылық жорықтарға, дүниежүзілік империя құру әрекеттеріне толы болды. Ол жаулап алушылық үлкен соғыстарды мейлінше мейірімсіз тағылық әдістермен жүргізді. Темір бұл соғыстарды Мауереннахрдың билік етуші үстем табы арасында өз билігін нығайту үшін көшпелі ақсүйектерге жаулап алынған елдердің халқын талап-тонау, Орта Азияның да, бағындырылған аймақтардың да еңбекші бұқарасын қанау есебінен баюға мүмкіндік беріп, оларды бүлік шығару мен өзара қырқыстан тыю үшін жүргізген еді.

Әмір Темірдің Алтын Орда мен Ақ Ордаға жасаған жорықтары.

Әмір Темірдің үлкен империя құрудағы жаугершілік әрекеті, алдымен әлсіз көршілері Моғолстан мен Ақ Ордадан басталды. Осы шапқыншылық соғыстарында Темір Ақ Орда билеушісі Ұрұс хан өлтірткен Маңғыстау өңірі басшысы Түй-Қожаның баласы Тоқтамысты пайдаланды. Темір Тоқтамысқа әскер беріп, Ақ Ордадағы билікті алуға аттандырады. Алайда Тоқтамыс Сауран түбіндегі 1374-1375 жж. шайқаста жеңіліске ұшырайды. Темір Тоқтамысқа әскер беріп, Ақ Ордаға қайта аттандырады. Ұрұс ханның ұлы Тоқтақиядан жеңіліп, Темірге қайта қашып келеді. 1376 ж. басында Ұрұс ханнан Темірге Тоқтамысты қайтаруды талап еткен және өз әскерінің Түркістан жеріне таяп қалғанын ескеткен елші келеді. Темір бұған жауап ретінде енді үшінші рет Тоқтамысты қаруландырып және өзі бірге аттанады. Әмір Темір Отырар маңында, Ұрұс хан Сығанаққа тоқтайды. Арада 3 ай өткенде Ұрұс хан Сығанақтан қайтып кеткен соң, Темір оның ұлы Мәлік оғланның әскерін талқандайды. 1376 ж. Ұрұс ханның , ұзамай Тоқтақияның қайтыс болуы Ақ Орданың жеңілуіне әкеліп соғады. Темір Тоқтамысты Ақ Орда тағына отырғызады.

Ұрұс ханның ұлы Темір Мәлік 1377 ж. Сауранда Тоқтамысты тағы да жеңеді. Әмір Темірден тағы да көмек алған Тоқтамыс 1379 ж. ғана Ақ Орданы біржола өзіне қаратады. 1380 ж. Тоқтамыс Алтын Орданың көптеген жерлерін – Сарайды, Қажы-Тарханды, Қырымды, Мамай ордасын басып алды. Ендігі жерде Тоқтамыс Темірге бағынудан бас тартты. Енді екі одақтас Алтын Орда иеліктері үшін өз ара соғысқа түсті. Темірдің үздіксіз жорықтары Алтын Орданың ыдырауының негізгі сыртқы себептерінің бірі болып табылды. Әмір Темір 1391 ж. 21 қаңтарда Құндызша деген жерде Тоқтамыстың әскерін қирата жеңеді. Тоқтамыс қашып құтылады. Әмір Темір 1395 ж. Тоқтамысқа қарсы тағы жорыққа шығады. Бұл жолы шайқас Солтүстік Кавказдағы Терек өзенінің жағасында өткен.

Әмір Темірдің Моғолстан хандығына жорықтары.

Әмір Темір 1371-1372 жж. Моғолстанға әскер аттандырады. Олар Алмалыққа дейін жетіп, керейттерді талқандайды. Нақ осы жылы Темірдің өзі де Ыстықкөл өңіріндегі Сегізағашқа дейін барлаушылық жорық жасап, көптеген тұтқын, олжа түсіріп қайтады. Әмір Темір 1371-1390 жж. Моғолстанға он шақты рет шабуыл жасаған. Оның алғашқылары 1371-1377 жж. Сайрам, Талас арқылы жүрген. Жетісудың ішкі аудандарына өтіп, Іле өзеніне дейін жеткен. Темір 1376 ж. көктемде Моғолстанның атақты қолбасысы Камар ад-динді талқандау үшін 30 мыңдық әскер аттандырады.

Ақ Орда мен Моғолстан билеушілері өздерінің Әмір Темірге жеке-дара қарсы тұра алмайтындарын біліп, 1380 ж. аяғында одақ құруға әрекет жасайды. Алайда бұл одақтан еш нәтиже шықпаған. Өйткені одақтың құрылып жатқанын білген Темір 1384-1391 жж. Алтын Ордаға және Моғолстанға бірнеше рет жорықтар жасаған. Моғолстанды түпкілікті қарату үшін оның түкпір-түкпіріне 120 мың әскер аттандырады. Осы жорықтарда Темір көп олжа түсіріп, қора-қора қой, үйір-үйір жылқы, топ-тобымен қолға түскен тұтқындарды Мауереннахрға жіберіп отырған. 1390 жж. жорықтардан кейін Моғолстан Темірге толық тәуелділікке түсті. Темір билігінің соңғы кезінде, оның империясына Хорезм, Түркістан, Иран, Ирак, Ауғаныстан, Кавказ бен Үндістанның бір бөлігі бағынды. Темір 1405 ж. Қытайға бағытталған әскери жорығының басында, Отырарда қайтыс болды.