Ақ Орда мемлекеті

Ақ Орда мемлекетінің құрылуы.
Ортағасырлық саяхатшылар Қыпшақ даласы (Дешт-и Қыпчак) аталған жердің шығыс бөлігінде XIV-XV ғасырдың алғашқы ширегі аралығында Ақ Орда атты мемлекеттің болғанын хабарлайды.
Рашид ад-диннің (XIV ғ.) айтуына қарағанда Жошы ұлысының шығыс бөлігін (сол қанатын) Жошының үлкен ұлы Орда (Орда Ежен, Орда Иген) әкесінің тірі кезінде еншіге алған. Әбілғазының (XVII ғ.) көрсетуі бойынша Ордаға бұл жерді кіші інісі Батый хан ХІІІ ғ. орта тұсында бөлген. Орданың мұрагерлері Батый ханның тұқымына сырттай тәуелді көрінгенімен, іс жүзінде олар өз ұлысының дербес билеушілері болды.
Ақ Орда жері Алтын Ордадан алған тәуелсіздігінің нығаюы барысында XIV ғ. екінші жартысына қарай қалыптасып, алғашында Жетісудың солтүстік шығыс бөлігі, Ертіс бойы, Ұлытау мен Кентау далаларын қамтыды. Ал Жайық, Ырғыз, Тобыл мен Сарысу өзендері аралығы, Арал теңізі төңірегі мен Сырдарияның төменгі сағасы Жошының тағы бір ұлы Шайбан ұлысына қарады.
ХІІІ ғ. орта тұсында Орда Еженнің ел басқарған ордасы Ертістің бойында және Алакөл көлінде болған. XIV ғ. Орда Еженнің мұрагерлерінің билігі Шайбан ұлысына да тарайды, яғни бүгінгі Қазақстанның аумағын түгел қамтиды. Тек Жетісу өңірі ғана бұл кезде Шағатай ұлысына, соңынан Мағолстанға қарайды. Ақ Орданың күшеюіне байланысты оның орталығы енді Қазақстанның оңтүстігіне, Сығанақ қаласына ауысады.
XIV ғ. бас кезінен Орда Еженнің мұрагерлері Шағатайлықтармен Сыр бойы қалалары және Жетісу үшін күрес жүргізе бастайды. Ертістен Сырдарияға дейін, Алтайдан Ұлытау және Аралға шейінгі аралықта қалыптасқан дәстүрлі мал шаруашылығына қуат бере отырып, Ақ Орда билеушілері Сыр бойы, Талас, Шу және Ұлытау өңірлерінде отырықшы егіншілік пен мәдениеттің қайта жандануына ден қойды. Сығанақ, Отырар, Сауран және Жентте бірақ жаңа құрылыстар өмірге келді, Ақ Орда хандары өз аттарынан теңге құйғызды.
Ақ Орданың саяси тарихы.
Орта Азия мен Хорезмнің қала, егіншілік және сауда аудандарымен байланыс орнатқан Ақ Орда хандары біртіндеп Алтын Орда билігінен алыстай бастайды да, XIV ғ. алғашқы жартысында, яғни Ерзен және Мүбәрәк қожа (1320-1344 жж.) хандар тұсында біржола дербестікке өтеді. Ақ Орданың күшеюі Ұрыс ханның билігіне тұс келеді (XIV ғ. 60-70 жж.). Тарихшы Қадырғали би Қасымұлы Ұрыс ханды ақылды да батыл билеуші ретінде сипаттайды. Осы ханның тұсында қысқа мерзімге болса да Ақ Орданың билігі жеріне де тарайды. Ұрұс хан 1368-1369 жж. өз атынан Сығанақ қаласында теңге соқтырады. Ол 1374-1375 жж. Еділ бойына жорық жасап, Алтын Орданың астанасы Сарайды, Қажы-Тарханды алып, Кама Бұлғарларын бағындырады. Бірақ Алтын Орданың уақытша билеушісі Мамайды жеңе алмайды. Осы кезде Орта Азияда Әмір Темірдің күшеюінен сескенген Ұрыс хан Сыр бойындағы өз иелігіне оралады. Хан жол бойында өзіне көмектесуден бас тартқан Маңғыстау билеушісі Түй-Қожаны жазалайды. Оның баласы Тоқтамыс Әмір Темірге барып паналайды. Осы кезден бастап Темір Тоқтамысты пайдаланып, Ақ Орданы да, Алтын Орданы да басып алуға тырысады.
Әмір Темір Тоқтамысқа қару-жарақ, әскер беріп, Ақ Орданы басып алуға жібереді. Алайда Тоқтамыстың Ақ Ордаға жасаған бірнеше шабуылынан еш нәтиже шықпаған. Ұрыс хан мен оның баласы Тоқтақия қайтыс болғаннан кейін Темір Тоқтамысты Ақ Орда тағына отырғызды. Бірақ Тоқтамыс Ұрыс ханның екінші баласы Сауран түбінде тағы жеңіліске ұшырайды. Бұл жолы да Темір оған көмек беріп, қайта аттандырып, 1379 ж. Тоқтамыс Ақ Орданың билігін толық өзіне алады. ХІҮ ғ. аяғында Тоқтамысқа қарсы әрекет ете бастаған Темір оның орнына 1395 ж. Ақ Орда тағына Ұрыс ханның тағы бір баласы Қойыршық оғланды хан етіп қояды.
Ақ Орданың келесі ханы Барақ Сыр бойындағы қайтару үшін әрекеттер жасайды. Темірдің немересі Ұлықбектің әскерін жеңіп, көптеген қалаларды өзіне қаратады. Алайда 1428 ж. Шығыс Дешті-Қыпшақтағы билік Жошының Шайбани әулетінің ұрпағы Әбілқайыр ханның қолына тиеді.
Мұсылман деректері Ақ Орданы билеген хандар шежіресін шамамен мынадай жүйеде береді: Орда Ежен, Сартақтай, Қойыншы, Баян, Сасы Бұқа, Ерзен, Мүбәрәк, Шымтай, Ұрыс хан, Құйыршық және Барақ.хан.
Ақ Орданың этникалық құрамы және қоғамдық құрылысы.
Ақ Орда — Қазақстан жерінде манғолдар шабуылынан соң жергілікті этникалық негізде қалыптасқан алғашқы мемлекеттік құрылым. Бұл жер ерте замандардан түркі тілі мен мәдениетіндегі, сондай-ақ осы тарихи кезеңде жолында тұрған қазақ ұлтының негізін құраған үйсін, қаңлы, қарлық маңғыт сияқты ортағасырлық елдердің, сондай-ақ басым бөлігі Шыңғыс хан шабуылы тұсында Қазақстанға іргелес оңтүстік-шығыс аудандардан және Алтайдан ығысқан жалайыр, найман, керей, арғын, қоңырат және басқа ірі тайпалық одақтардың атамекені болды.
Ақ Орда мемлекетінде феодалдық меншік түрі отырықшы-егіншілік және көшпелі мал шаруашылығы аудандарында кемел қалыптасқан түрінде көрінді. Деректер отырықшы жұрт арасындағы ауқатты топтың інджеу, мильк, сүйірғал сияқты жер иелігі, сондай-ақ салықтың көпчүр, зекет, тағар сияқты түрлері болғандығын айтады. Елдегі билік жүйесінің басында орда Ежен ханның үрім бұтағынан шыққан хан тұрды, оған жергілікті аймақтарды билейтін оғландар мен бек, әмір, батырлар бағынды.