Алтын Орда. Саяси және мемлекеттік құрылымы

Алтын Орда мемлекетінің құрылуы

Монғол шапқыншылығынан соң Қазақстан аумағы Шыңғысханның үш ұлына бөлінген ұлыстар құрамына енді Жетісудың солтүстік бөлігі және төменгі Еділ бойына дейінгі жерді қоса бүкіл Шығыс Қыпшақ даласы Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының үлесіне тиді. Екінші ұлы Шағатайға Жетісу аймағы және Маураннахр мен Шығыс Түркістан, үшінші ұлы Үгедейге Жоғарғы Ертіс пен Тарбағатай жерлері бөлінген-ді. 1227 жылы Шыңғысханның қайтыс болуымен күшпен, зорлықтан құрылған империясының ордасы сөгіле бастады. Орхондағы орталық пен ұлан-ғайыр жердегі ұлыстардың шалғайлығы мен ұлыс билеушілердің мүддесі империяның ыдырап, жеке мемлекеттерге айналуына алып келді.

Жошының мирасқоры — Батый 1235 ж. империя астанасы – Қарақорымда өткен монғол ақсүйектерінің құрылтайында Еуропа елдеріне жасалатын жорық әскерлерінің бас қолбасшысы болып тағайындалып, 1236-1242 жж. жасалған жорықтың нәтижесінде Батыс Дешті-Қыпшақты, Еділ бұлғарларын, Орыс князьдіктерін, Польша, Венгрия, Чехия т.б. елдерді бағындырып, ұлыстың шекарасын Еділден батысқа жылжытып, енді Алтайдан Дунайға дейінгі жерлер ұлыс құрамына енеді. Осылайша 1242 ж. Алтын Орда мемлекетін құрады. XVI ғ. соңынан “Алтын Орда” болып құрылған мемлекет өз кезінде билеушілердің атымен Батый ұлысы, Берке ұлысы деп аталған мемлекет ұлыстың жүйеде құрылды. Орданың оң қанатында мемлекет орталығы орналасса, ал сол қанаты Жетісудың солтүстік шығыс бөлігі, Ертіс аймағы мен Ұлытаудан Қаратауға дейінгі жерлер, ағасы Орда Ежен басқаруына берілді. Ішкі ұлыстар өз кезегінде кіші ұлыстарға бөлініп басқарылды. Астанасы алдымен Сарай Батуде, кейінірек Сарай Беркеде орналасты.

Алтын Орданың саяси тарихы.

Берке ханның (1257-1263 жж.) тұсында империя орталығынан, Батый ханның кезіндегі қағаз жүзіндегі болса да тәуелділіктен толық дербестікке қол жеткізді. Шаманизмнен — бір құдайшылыққа — ислам дініне бет бұрып, мұсылман болған Берке тәуелсіз мемлекеттің ғылымды дамытуға күш салды. Монғолдардың іштей қарсылығына қарамастан Иран, Египеттен ғалымдарды алдырып, мемлекеттік басқару жүйесіне білімді адамдарды жинады. Беркенің кезінде Алтын Орда мен Египет сұлтаны Бейбарыс арасындағы байланыс күшейе түседі. Алтын Орданың саяси жағынан мемлекеттік беделінің көтерілуіне зор үлесін қосқан Тоқты хан (1290-1312 жж.) болды. Ол Иран, Кавказ елдерімен сауда байланыстарын жандандырып, Египет мәмлүктерімен тығыз байланыста болған. Алтын Орда мемлекеті Мұхаммед Өзбек ханның (1312-1342 жж.) және оның баласы Жәнібек ханның (1342-1357 жж.) билігі тұсында шарықтау шегіне көтерілді. Өзбек хан 1312 ж. ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялай отырып, экономика мен мәдениеттік дамуын саналы биікке көтерді. Сауда қатынастары Батыс Европа, Кіші Азия, Египет, Индия, Қытай мемлекеттерімен жүргізілді.

Алтын Орда мемлекетінің негізгі тіректі күші Қазақстанның жергілікті тайпаларынан тұрды. Монғол билеушілері нояндары аз уақыттың ішінде түріктеніп, кейін қазақ халқының құрамына енді. Қазақ мемлекетінің Алтын Орданың заңды мұрагері, жалғасы екендігін көрсетеді.

Алтын Орданың әлсіреуі және күйреуі.

Алтын Орда Жәнібек ханның өлімінен кейін ішкі алауыздыққа ұрынды. «Ұлы дүрбелең» кезеңі деп аталатын жиырма үш жылда (1357-1380 жж.) жиырмадан астам хандар бірін-бірі ауыстырды. Орданың батыс бөлігі бірнеше иеліктерге бөлінді. Осындай ішкі талас-тартыстан әлсіреген Алтын Орданың Мамай қолбасшылық еткен әскері 1380 ж. Куликово даласында Дмитрий Донской бастаған орыс әскерінен жеңілді. Осы әлсіздікті пайдаланған Жошынвң екінші бір ұрпағы Тоқтамыс Әмір Темірдің көмегімен Алтын Орданың билігін өз қолына алған. Билігін нығайту үшін ол 1382 ж. Мәскеуге басып кіріп, қаланы өртеп жібереді.Мауереннахр мен Кавказ елдеріне жорық жасайды. Әмір Темір Тоқтамыстың өзіне жасаған опасыздығы үшін, Алтын Ордаға бірнеше рет шабуыл жасап, оны бас көтере алмастай етіп тұралатты. Одан соң Алтын Орданың беклербегі, маңғыт әмірі Едіге билікке араласып, іс жүзіндегі билеушілерге айналды. Едіге он бес жыл (1396-1411 жж.) билікті өз қолында ұстады.

Едігенің 1419 жылы билік үшін күресте қаза болуынан кейін орталық билік толық ыдырауға бет алды. XV ғ. ортасына қарай оның аумағында Астрахань, Қазан, Қырым, Сібір хандықтары, Ноғай Ордасы құрылды.

Жошы ұлысының негізгі ордасы болған Қыпшақ даласы Алтын Орданың тіректі күші болды. Орда ішіндегі алдын ұлыс болған Ақ Орда орталықтан бөлініп жеке мемлекетке айналды. Алтын Орданың да негізгі аумағы қазақ халқының атамекені — Ақ Орданың билігіне көшті.

Алтын Орданың қоғамдық құрылысы.

Шыңғыс хан ұрпақтары ұлыстарының басқару жүйелері бір-біріне ұқсас болды. Хандық өкімет хан ұрпақтарының иелігі болып табылды. Егер хан өлсе, не інісі, не баласы таққа отыратын. Алтын Орда хандары ислам дінін қабылдағаннан кейін, іс жүргізу жұмыстарын ұйғыр жазуымен жүргізген. Мұндай іс-қағаздарын жүргізушілерді «бітікшілер», яғни хатшылар деп атаған. Ұлыстың аумақтық бөліктерін билеушілер әмірлерге, мыңдықтар нояндарға, ал нояндар беклербекке бағынған. Ал азаматтық істерге уәзір билік жүргізген. Жалпы Алтын Ордада Жошы ұлысының мемлекеттік басқару жүйесі толығымен сақталған. Мемлекет ұлыстарға, ал ұлыстар ұсақ үлестерге бөлініп басқарылатын. Азаматтық басқару билігі түрік әулеттерінен шыққан «мәлік» деп аталатын жергілікті әкімдер арқылы жүзеге асырылған. Даруғалар салық жинаумен шұғылданды. Әскери істерді беклербек басқарды. Басқақтар да маңызды роль атқарды. Олар басқару қызметін атқарумен қатар, жергілікті халыққа әскери бақылау жүргізді, кейбір жерлерде салық жинаумен де айналысты.