Қарлұқ қағанаты

Қарлұқ қағанатының құрылуы.

Қарлұқтар туралы «бұлақ» деген атпен мәлім болған алғашқы деректер Ү ғ. жатады. Ежелгі түріктердің руникалық ескерткіштері «үш қарлұқ» (қарлұқтардың үш тайпасы) атын Алтай тауы мен Балқаш көлінің шығыс жағалауы арасын қоныс еткен көшпелі тайпалардың қуатты одағына да таратқан. Қарлұқ тайпалары Батыс және Шығыс Түрік қағанаттарына бағынған-ды. ҮІІ ғ. орта кезінде қарлұқ бірлестігінің құрамына ірі-ірі үш тайпа – бұлақ, шігіл (себек) мен талшық кірген. Қарлұқ тайпаларының көсемдері Елтабар деп аталған.

742 ж. Монғолия даласындағы саяси жетекшілік Шығыс Түріктерінің өкіметін қиратқан үш тайпаның – қарлұқтардың, ұйғырлар мен басмылдардың одағына көшеді. Аз уақыт басмылдардың бағы жанады — олардың көсемі қаған болады. Қарлұқтар басшысы мен ұйғырлардың жетекшісі жабғы атағын алады. Алайда 744 ж. басмылдарды ұйғырлар мен қарлұқтардың біріккен күші күл-талқан етеді. Орталық Азияда жаңа мемлекет – Ұйғыр қағанаты (744-840 жж.) пайда болады.

ҮІІІ ғ. орта кезінен бастап, қарлұқтар мен оғыздар арасында түргештер мұрасын иемдену жолындағы тартыс етек алады, олардың қалың-қалың топтары Ыссық көл мен Талас облыстарына тарап кеткен еді. Осынау текетірес әсерінен оғыздардың негізгі бөлігі Жетісу жерінен өтіп, Сырдария өңіріне кетіп қалады.

756 ж. Түргеш қағандарының қос ордасы – Тараз мен Суябты қоса, бүкіл Жетісу қарлұқ жабғысының қоластына көшеді. Қарлұқтар қам-харекетімен ерте феодалдық мемлекет құрылады. Қарлұқтар бір тынбастан шекараларын кеңейте береді. 766-775 жж. Қарлұқтардың бір бұтағы Қашқарияны басып алады, ал ҮІІІ ғ. аяқ кезінде олардың өзге бір тобы Ферганаға ықпалын жүргізе бастайды.

Қарлұқ тайпалары бірлестігінің этникалық құрамы және саяси тарихы.

Жетісу территориясында қарлұқ тайпаларының саяси бірлестігі құрылады. Араб және парсы деректеріне жүгінсек, ІХ-Х ғғ. Қарлұқ бірлестігі толып жатқан рулық-тайпалық топтардан құралады. Мысалы, араб жағрафияшысы Әл-Марвази (ХІІ ғ.) қарлұқтар құрамында тоғыз тайпа болған дейді. Қарлұқ конференциясына Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның : тұхси, шігілдер, әзкіштер, түркештер, халаджылар, чаруктер, барысқандар сияқты көшпелі және жартылай көшпелі түрік тілді тайпалары енген. Қарлұқтардың қол астындағы халықтар этникалық жағынан бір тектес болмаған, олардың ішінді иран тілді соғдылар, Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдерінен ауған келімсектер де бар-тұғын.

ҮІІ-Х ғғ. Қарлұқ тайпалары Қазақстанның Жоңғар Алатауынан бастап, Сырдарияның орта ағысына дейінгі кең көсіліп жатқан территориясын қоныс етеді. Балқаш пен Ыссық көлдері арасында, Іле, Шу, Талас өзендері бойында, Тән-шәннің сілемдеріне, Исфиджаб облысындағы орта ғасыр қаласы Отырарға дейін еркін көшіп-қонып жүреді. Араб жағрафияшысы Ибн Хаукалдің (Х ғ.) мәліметіне құарағанда «қарлұқтар жерінің батысынан шығысына дейін жету үшін 30 күн жүру керек екен».

840 ж. Орталық Азия даласында аса маңызды оқиға болады: Енисей қырғыздары Ұйғыр қағанатын жойып, ұйғырларды Тұрфан көгалды аймағы мен Ганьчжоу ауданына еріксіз көшіреді. Бұл оқиғаны Исфиджаб билеушісі, қарлұқ жабғысы Білге Күл Қадырхан шебер пайдаланады да, жаңадан қаған атын алып, өзінің жоғарғы өкіметі алуға қақы бар екенін ашықтан-ашық жариялайды.

Дегенмен, Қарлұқ қағанаты өз қолына баянды экономикалық байланыс жүйесін қондыра алмаған. Ішкі қырқыс, өкіметті алу жолындағы, қоныс-өрісті иемдену жолындағы талас-тартыс оның береке құтын қашырады. Міне осындай қиын жағдайда шын мәніндегі қауіп-қатер Қарлұқ қағанатына Қашғар жағынан келеді. 940 ж. олар Баласағұнды басып алады да, Қарлұқтар мемлекеті құлайды.