Аустралия және Мұхиттық аралдары елдері

Көптеген экономикалық көрсеткіштер жөнінен (ең алдымен ЖІӨ көлемі және оның жан басына шаққандағы мөлшері жөнінен) Австралия дүние жүзінің неғұрлым дамыған елдерінің қатарында. Оның экономикасының жедел өсуіне себепші болған жағдайлар: 1) бытыраңқы аумақтардың біртұтас мемлекет болып бірігуі; 2) шетел капиталының көп келуі (ағылшындар бұл жерге капиталистік қатынастарды, дағдылар мен дәстүрлерді, жұмыс қолын әкелді); 3) халық саны аз, жер ресурстарының ұлан – ғайыр көп болуы; 4) минерал шикізаттың молдығы және т.б.

Австралияның экономикасында шетел капиталы орасан зор рөл атқарады, бұл орайда іске қосылған шетел капиталының дені (70 пайызына жуығы) Ұлыбритания мен АҚШ –қа келеді. Соңғы жылдары Жапония мен Германияның – капиталы белсенділік көрсетіп отыр.

Австралия экономикасының салалық құрылымы тұтас алғанда әлемнің дамыған елдеріндегідей. Сонымен қатар мұнда шикізаттық салалардың үлес салмағы көтеріңкі. Соғыстан кейінгі кезеңде индустриялану процесі мен шаруашылық құрылымының едәуір күрделіленгеніне қарамастан ол көп жағдайда қазірге дейін экспорттық- шикізаттық бағыттылығын сақтап отыр. Бұл орайда эскпортта кен өндіру өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығының өнімі басым. Австралияның мысалы шикізаттық мамандану бұл әлі артта қалушылықтың белгісі емес екенін көрсетеді.

Кен өндіру өнеркәсібі – шаруашылықтың ежелгі салаларының бірі (кезінде алтын өндіру елдің отарлануына түрткі болған болатын) – қазір жастық шағы қайта оралғандай болып отыр. Көптеген минерал ресурстарды (темір рудасы, көмір, боксит, рутил, цирконий және т.б.) өндіру жөнінен ел дүние жүзінің жетекші мемлекеттерімен қатарлас. Елдің оңтүстік-шығысында орналасқан Брокен –Хилл қаласы Австралияның бүкіл кен-зауыт саласының өзінше бір астанасы. Қала өзінің полиметалл және темір руда өнеркәсібімен әйгілі. Көмір Жаңа Оңтүстік Уэльс және Квинсленд штаттарында өндіріледі.

Кен өндіру өнеркәсібіндей емес, өңдеуші өнеркәсіп салалары (металлургия мен тамақ өнеркәсібі салаларын қоспағанда) негізінен ішкі нарыққа жұмыс істейді. Бұл орайда ел осы салалардағы өндірістік қуаттардың көлемі, кәсіпорындардың техникалық жарақталуы және т.б. жөнінен жетекші индустриялық державалардан қалыңқы. Қара және түсті металлургияның негізгі орталықтары – Ньюкасл және Порт – Пири қалалары. Машина жасау кең көлемде тек екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана дамыды. Автомобиль жасау, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, электр приборларын, радиоэлектроника бұйымдарын және т.б. шығару салалары дамып отыр. Бұл салалардың кәсіпорындары негізінен жетекші өнеркәсіп орталықтарының төңірегінде – Сиднейде, Мельбурнде, Аделаидада, Бриссбенде орналасқан. Соғыстан кейінгі кезеңде химия өнеркәсібінің дамуына қозғау салынды да, ол өнім шығарып отыр. Австралияның өзіне тән ерекшелік тамақ (әсіресе ет) өнеркәсібінің барынша дамуы болып табылады, оның өнімі едәуір мөлшерде экспортқа шығарылады.

Мұхит аралдары елдері – бұл Тынық мұхиттағы , көбіне оның оңтүстік – батыс және орталық бөліктеріндегі үлкенді – кішілі аралдардың жиынтығы. Оларды, әдетте, үш топқа бөледі: Меланезия (Жаңа Гвинея, Жаңа Каледония, Жаңа Гебридтер, Сүлеймен, Фиджи аралдары, Бисмарк архипелагы), Полинезия (Маркиз аралдары, Туамоту, Шығыс және Батыс Самоа, Тонга, Тувалу, Гавай, Жаңа Зеландия және т.б.), Микронезия (Маршалл, Каролин, Мариан аралдары, Гилберт аралдары, Науру және т.б.).

Мұхит аралдары елдері – дүние жүзінің табиғаты ғажап, тарихы қызғылықты, төлтума мәдениеті бар ерекше аймақ. Алайда аралдарды мекендеушілердің өмірі әжептеуір күрделі және бірқатар жағдайларда дауылдарға , су тасқындарына және т.б. қарсы күреспен өтеді.

Саяси тұрғыдан Мұхит аралдары елдері бүгінде жиырмадан астам егемен мемлекеттер және тәуелді аймақтар болып отыр. Бұл орайда Гавай аралдары – Полинезияның бір бөлігі – АҚШ – тың 50- ші штатына айналдырылған, ал жергілікті халық қазіргі көп ұлтты тұрғындардың арасына сіңіп кеткен. Мұхит аралдарының өзге елдерінен Жаңа Зеландия да өте – мөте өзгеше; мұнда халықтың 90 пайызына жуығы еуропадан шыққандардың ұрпақтары.

Мұхит аралдарын нәсілдік, тілдік және тарихи – мәдени тұрғыдан бір – бірінен көп өзгешіліктері бар алуан түрлі көптеген халықтар мекендейді. Халықтың жартысына жуығы байырғы тұрғындар, қалғандары келімсек адамдар. Бірқатар көрсеткіштер бойынша (сауаттылық деңгейі, өмірдің орташа ұзақтығы, дәрігерлермен қамтылуы және т.б.). Мұхит аралдары елдері көптеген дамушы елдерден, әсіресе африкалық елдерден алда. Аралдар тұрғындарының көпшілік бөлігі ауыл тұрғындары (Папуа – Жаңа Гвинеяда 80 0/0, Вануатуда 750/0 және т.б.). Сондықтан тауарлық өнімнің негізгі бөлігін (кокос жаңғақтары мен олардың кептірілген ішкі бөліктері- копра, кофе, какао, дәдеуіштер) ауыл шаруашылығы беретіні таңданарлық емес. Бұлар экспорттық түсімнің де емес. Бұлар экспорттық түсімнің де негізгі бөлігін береді. Кейбір аралдарда (Папуа – Жаңа Гвинеяда, Сүлеймен аралдарында, Фиджиде, Батыс Самоада) бағалы ағаш сүрегін дайындау – келешігі мол салалардың бірі.

Минерал ресурстарды айтқанда, олардың қорлары көп мемлекеттер – Папуа- Жаңа Гвинея (мыс рудасы мен алтын) және Науру (фосфориттер). Алайда – наурулықтардың дүние жүзіндегі ең ауқатты ұлттардың біріне айналуына себепші болған, бұл елдегі мол фосфорит қорлары 90 – жылдардың ортасынан бері қарай сарқылуға айналды. Бертінгі ондаған жылдарда Мұхит аралдарда елдерінде негізінен австралиялық фирмалардың көмегімен өңдеуші өнеркәсіптің жеңіл, тамақ, ағаш ұқсату, металл ұқсату секілді салалардың кәсіпорындары салынды. Олардың көпшілігі ішкі нарыққа бағдарланған.

Мұхит аралдарын қоршаған теңіздер мен мұхиттардың суында биологиялық ресурстар мол. Теңіз түптеріндегі минерал ресурстар да едәуір. Алайда олардың ауқымды түрде игерілуі әлі алдағы іс. Ал бірегей рекреациялық қарым қазірдің өзінде белсене пайдаланыла бастады (Фиджи, Папуа – Жаңа Гвинея және т.б.).

Әлеуметтік – экономикалық даму деңгейлері жөнінен мұхит аралдары мемлекеттері бірінен – бірі едәуір ерекше. Ең дамығаны Жаңа Зеландия болса, неғұрлым қалыңқылары Сүлеймен аралдары, Тувалу, Кирибати және т.б. Дүние жүзінің дамыған экономикалық орталықтарынан және бір – бірінен шалғайлығы аралдық мемлекеттердің жедел өркендеуі жолында елеулі бөгет болған күйінде қалып отыр.