Дамыған капиталистік елдердің құрамына кіретін Ұлыбританияның дүниежүзілік шаруашылықта алатын орны

Жерінің ауданы –244,1 мың км 2

Халқы –60,1 млн адам

Астанасы – Лондон

Мемлекеттік құрылымы – конституциялық монархия

Мемлекет басшысы – королева

Үкімет басшысы – премьер – министр

Заң шығарушы органы – парламент

Мемлекеттік тілі –ағылшын тілі

Ұлттық валютасы – фунт стерлинг

XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында Ұлыбританияда өндірістің фабрикалық жүйесін орнықтырған өнеркәсіптік революция болды. Нәтижесінде Ұлыбритания капиталистік өндірістің отаны ретінде әлемдік шеберханаға айналды. ХХ ғасырда өзінің күшті бәсекелестерінің тегеурініне шыдамаған Ұлыбритания жетекші өнеркәсіптік ел болудан қалды.ХХ ғасырда экономикасының даму қарқыны жөнінен Ұлыбритания тек Жапония мен АҚШ – тан ғана емес, Франция, Германия мемлекеттерінен де әлдеқайда артта қалды. Қазіргі кезде ол жоғары дәрежеде дамыған капиталистік елдер арасында шаруашылығының жалпы ауқымы, ұлттық табысы жөнінен алтыншы орын алады.

Ұлыбритания экономикасы соңғы жылдары дамудың постиндустриялық кезеңіне өтті, яғни ақпараттық экономика салалары жылдам дамып, үлесі артып келеді. Барлық алдыңғы қатарлы елдердегі сияқты, мұнда да ең жаңа, жоғары ақпараттық технологиялар басым бола бастады. Соның нәтижесінде көмір өндіру, металл өңдеу, тоқыма және тамақ өнеркәсібі сияқты дәстүрлі салалардың даму қарқыны бәсеңдеп, электрондық, авиация және қызмет көрсету салалары күшті дамуда. Ел экономикасында монополиялар үлесі барынша жоғары өнеркәсіптің жартысынан астамына 100- ге тарта ірі ұлтаралық компаниялар иелік етеді.

Ұлыбритания отын – энергетика саласының көрсеткіштері бойынша дүние жүзінде жетекші елдер қатарына енеді.

Электр энергиясына сұранысты жергілікті отын – энергетикалық ресурстар (көмір, мұнай және газ ) есебінен жұмыс істейтін жылу және атом электр станциялары қамтамасыз етеді. Елде “ Супергрид” деп аталатын бірыңғай жаңа энергетика жүйесі іске қосылған. Елде өндірілетін көмірдің ¾ бөлігі ЖЭС – те пайдаланылады. Жалпы қуаты 14 млн кВт / сағ болатын 12 АЭС электр энергиясының 20 пайызын береді.Ұлыбритания капиталистік елдер арасында тұңғыш рет атом электр станциясын салған болатын. АЭС-тер, негізінен, теңіз жағалауларындағы елді мекендер аз аудандарда орналастырылған.

ХХ ғасырдың 70- жылдарынан бастап, Ұлыбританияда мұнай өнеркәсібі күшті дами бастады. Солтүстік теңіздің қайраңынан мұнайдың табылуы ел экономикасындағы мұнай химиясының маңызын арттырды. Мұнай Сауд Арабиясы мен кувейттен де сатып әкелініп, жағалауларда орналасқан мұнай өңдеу кәсіпорындарында өңделеді, өңделетін мұнайдың жартысына жуығы сырттан тасылады. Жалпы елде 20 – ға жуық мұнай өңдеу зауыттары бар. Мұнай өнеркәсібінде аса ірі “ Ройял Датч- Шелл” (Нидерландпен бірге), “ Бритиш петролеум”, “ Бритойл” компаниялары жұмыс істейді. Бұл компаниялар дүние жүзіндегі аса ірі 500 концерннің қатарына енеді. “ Ройял Датч – Шелл” мұнай өндіру және өңдеуден дүние жүзінде екінші орын алады. Бұл компаниядағы ағылшын капиталының үлесі 420/0. “ Бритиш петролеум” компаниясының әлемнің 70 елінде өкілдігі бар, 20 елде мұнай өңдеу зауыттары орналасқан. Қазақстанның мұнай кәсіпшіліктерінде де бұл компанияның үлесі бар. Ұлыбритания Батыс Еуропа елдері арасында бірінші болып жасанды газ пайдалана бастады. Қазіргі кезде газ Солтүстік теңіздің қайраңында өндіріліп, су асты құбырлары арқылы тұтыну аудандарына жеткізіледі.

Ел өнеркәсібінің жетекші саласының бірі – машина жасау. Елде тұтынушы сұранысына сәйкес, машинаның стандартты түрлері ғана емес, көптеген басқа типтері де жасалады. Станок, автомобиль жасау кәсіпорындары Бирмингем ауданында, тоқыма өнеркәсібі жабдықтарын жасау Манчестер маңында, ал кеме жасау кәсіпорындары Глазгода орналасқан. Әлемдегі алғашқы ірі танкер “ Глюкауф” 1886 жылы Ұлыбританияда жасалған болатын. Оның ұзындығы 91,4 м, ені 11,3 м болатын және салмағы 2300 т жүк көтере алатын. Қазіргі кездегі әлемдегі аса ірі танкерлердің жүк сыйымдылығы бұдан 250 еседей артық, ал ұзындықтары 400 м- ден асады. Машина жасау өнеркәсібі әскери техника, қару – жарақтар шығарудан да көзге түседі. Қазіргі кезде әлемдік нарықта жапон жеңіл автомобильдерінің үлесі артуына байланысты, Ұлыбританияда жеңіл көлік жасау қарқыны бәсеңдеген. Елде АҚШ –тың “ Крайслер” және “ Форд мотор” автомобиль компанияларының бірнеше зауыттары бар. Жеңіл автомобильдер Ланкашир қаласында орналасқан “ Роллс –ройс” фирмасының зауыттарында да жасалады. Автомобиль зауыттары соңғы жылдары шағын қалаларда да салына бастады.

Машина жасау саласында өндірісті қайта жабдықтаудың және автоматтандырудың негізі болып отырған радиоэлектроника және электр техникасын жасаудың маңызы зор. Бұл өнеркәсіптің шоғырланған басты ауданы –Лондон. Ұлыбритания электр техникасын өндіру жөнінен АҚШ, Жапония және Германиядан кейінгі төртінші орынды алады. Ел ауыр электр машиналарын жасаудан да дүние жүзінде алдыңғы орындарда тұр. Бұл саладағы ондаған аса ірі компаниялар арасында электр техникасын, электроника, автоматтық жүйелер мен телемеханика, тұрмысқа қажетті электр бұйымдарын жасайтын “ Дженерал электрик” концерні жетекші орын алады.

Ұшақтар шығару жөнінен Ұлыбритания тек АҚШ – қа ғана жол берді. Авиациялық зауыттар Лондонда, Бирмингем, Ковентри қалаларында орналасқан. Франциямен бірге дыбыстан жылдам ұшатын “ Конкорд” әуе лайнері жасалады. Жалпы авиазымырандық- ғарыштық техника жасауда “ Бритиш аэроспейс” компаниясының үлесі жоғары: оның өнімінің 60 пайызы сыртқа жөнелтіледі. Компания зауыттарында жолаушы және жүк таситын, әскери ұшақтар, ғарыштық байланыс құралдары жасалады.

Химия өнеркәсібінде мұнай өңдеу мен синтетикалық талшық шығару, ауыл шаруашылығы химикаттарын өндіру, бояу – лак өндірісі жедел дамуда. Соңғы жылдары бұл саладағы ірі концерндер қару – жарақ, оқ-дәрі, ядролық және зымырандық қаруға қажетті жабдықтар шығара бастады. Ірі химиялық компаниялар жанында ғылыми – зерттеу орталықтары бар.

Жалпы алғанда, қазіргі кезде соңында өнеркәсіп пен құрылыс ұлттық жиынтық өнімінің 29 пайызын берсе, өндірістік емес сфера үлесіне оның 71 пайызы тиесілі болды. Өндірістік емес салада (қаржы жүйесі, сауда, байланыс, көлік саласы, халыққа қызмет көрсету саласы) экономикалық белсенді халықтың 63 пайызы жұмыс істейді. Ел астанасы дүние жүзіндегі аса ірі қаржы орталығы болып табылады.Лондон Биржасы – халықаралық дәрежедегі алтынмен байланысты операциялар жүзеге асатын дүние жүзіндегі бірден – бір қаржы мекемесі.