Кавказ елдері

Географиялық орны мен құрамы. Кавказ — Қара және Каспий теңіздері аралығында орналасқан Азиядағы тарихи-географиялық өңір. Мұнда ТМД құрамына енетін үш ел орналасқан (Зб-кестені қарандар).

Үлкен Кавказдың биік жоталары арқылы Ресей Федерациясымен шекара өтеді. Кавказ елдері Қара теңіз жағалауы арқылы Украинамен, оңтүстігінде Түркиямен, Иранмен, ал Каспий теңізі арқылы Түрікменстанмен шектеседі. Еуропа мен Азияның тоғысында жатуы және халықаралық теңіз жолдарына жақындығы себепті Кавказдың географиялық орны барлық уақытта да қолайлы болатын.

Кавказ елдері

Елдер Әзірбайжан Республикасы Грузия Республикасы Армения Республикасы
Жерінің ауданы, мың км 86,6 69,7 29,8
Халқы, млн адам (2004 ж.) 8,3 4,3 3,2
Астанасы Баку Тбилиси Бреван
Мемлекеттік құрылымы федерациялык республика республика республика
Мемлекет басшысы Президент президент президент
Заң шығарушы органы Парламент парламент парламент
Мемлекеттік тілі өзірбайжан тілі грузин тілі армян тілі
Ұлттық валютасы Манат Лари драм

Аймақтың геосаяси жагдайының сипаты да, ең алдымен, географиялық орнымен анықталады. Кавказ арқылы шығыс пен батысты, солтүстік пен оңтүстікті жалғастыратын аса маңызды көлік жолдары өтеді. Сол себепті бұл аймақты «Еуразияның басты жол қиылысы» деп те атайды. Мұнда Ресей мен Орта Азия елдерінің, Иран мен Түркияның экономикалық және саяси мүдделері тоғысады. Қара теңіз бен Каспий теңізі жағалаулары бойымен маңызды көлік «дәліздері» өтеді. Алайда бұл қолайлы мүмкіңдіктерді толық пайдалануға белгілі дәрежеде аймақтағы саяси және экономикалық түрақсыздық кедергі келтіруде. Сол себепті Каспий теңізі мүнайын Иранға, Еуропаға тасымалдау жобалары жүзеге аспай отыр.

Саяси картасының қалыптасу кезеңдері. Біздің жылсанауымыздан бірнеше мың жыл бұрын мұнда егіншілік пен мал шаруашылығы дамып, металлдан бүйымдар жасау өркендей бастады. Бағзы замандардан бері өркениет ошағы болған бұл аумақта ежелгі дүниенің қуатты мемлекеттері (Урарту, Иберия, Колхида және т.б.) пайда болып, дамудың шарықтау шегіне жетті.

Колхида патшалығы б.з.д. VI ғасырда мемлекет ретінде қалыптасқан. Еуропа мен Азия елдері үшін байлық пен молшылықтың ордасындай болған Колхида талай аңыздарға арқау болған. Гректердің аңызы бойынша, қаһарман Ясон бастаған аргонавттар Колхидаға алтын елтірі іздеп арнайы сапарға аттанған. Шындығында да, аса бай болған бұл мемлекеттің өз ақшасы, ұлан-ғайыр жүзімдіктері мен бау-бақшалары, мыңғырған малы болған. Ел тұрғындары металл еңдеумен, зергерлік және саз балшықтан бұйымдар жасаумен де айналысқан. Б.з.д. I ғасырда Колхида қуатты Рим империясының құрамына енуге мәжбүр болды.

Табиғат ресурстарына бай және географиялық жағдайы қолайлы аймақты жаулап алып, бағындыруға тырысқандар аз болған жоқ. Рим империясы мен Араб халифаты, Иран мен Түркия ұзақ уақыт бойы Кавказды ықпал аймағына бөлісумен болды. Ұзақ жылдарға созылған соғыстар мен халықтардың көші-қоны, ұлттар мен ұлыстардың араласуы жүрді. Сол себепті шағын аумақты қамтып жатқан Кавказ жерінде халықтың ұлттық құрамы аса күрделі. Кавказда мемлекеттің ерте кезден қалыптасып, коғамның салыстырмалы түрде жоғары деңгейде дамуы кайталанбас ұлттық мәдениет негіздерінің сақталып қалуына себепші болды. Кавказ халықтарының тағдырында солтүстіктегі қуатты көршісі Ресеймен қарым-қатынасы да елеулі рөл атқарды.

1783 жылы Грузияның шығысы Ресейдің қарамағына еніп, 1801 жылы толығымен Ресейге қосылды. Орыс-түрік, орыс-парсы соғыстарының нәтижесінде Солтүстік Әзірбайжан (1826 ж.) мен Шығыс Армения (1828 ж.) қосылды. Кавказдың қалған бөлігі Ресейге күшпен бағындырылды. Мәселен, тау халықтары ұзаққа созылған (1816—1864 жж.) Кавказ соғысы барысында Ресей әскеріне жан аямай қарсылық көрсеткенімен, ұлы көрші дегеніне жетті. Жалпы алғанда, Кавказ елдерінің Ресейге қосылуы XIX ғасырдың соңына қарай аяқталды.

XIX ғасырдың ортасынан бастап, Ресей экономикасымен біртұтас жүйеде дами бастаған Кавказ елдерінде экономикалық, мәдени өрлеу басталды. Қалалар мен өнеркөсіп орталықтары ұлғайып, көлік қатынасы жақсарды.

Қазан революциясынан соң Ресей империясының ыдырауы, Кеңес үкіметінің орнауы нәтижесінде алғашқы жылдары жеке ұлттық мемлекеттер калыптасып, дамыды. 1922 жылы Әзірбайжан, Грузия және Армения Кавказ сырты Кеңестік Социалистік Федерациялық Республикасының құрамына еңді. Бүл федерациялық құрылым 1936 жылы ыдырап, әр республика КСРО құрамына жеке мемлекет ретінде еңді. КСРО кұрамында бірге болған жылдарыңда Одаққа енген басқа I республикалармен тағдырлас болған Кавказ елдері 1991 жылы дамудың жаңа кезеңіне өтті. Қаншама ғасыр бойы жүздеген ұлттардың бесігі болған Кавказ жерін тәуелсіздік таңы атқанда терең экономикалық дағдарыс жайлап, ұлтаралық кикілжіңдер көбейді. Қазіргі кезде Кавказдың оңтүстігінде ТМД кұрамына енетін тәуелсіз мемлекеттер — Әзірбайжан, Грузия жөне Армения Республикалары орналасқан.

Табиғат жағдайлары мен ресурстары. Кавказ жерінің табиғаты алуан түрлі, мұнда таулы ландшафтылар басым келеді. Кавказ аумағында Ежелгі Орыс платформасы мен жер қыртысының қозғалмалы бөлігі болып табылатын Кавказ қатпарлы аймағы түйіседі.

Аймақтың солтүстігіндегі Үлкен Кавказ бір тұтас тау жүйесі ретінде солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай Қара теңіз бен Каспий теңізі аралығында 1100 км-ге созылып жатыр, ені шамамен 180 км. Орталық бөлігі арқылы өтетін Бас Суайрық жота мен Бүйірлік жотаға ұзына бойына және кесе-көлденең жатқан көптеген басқа жоталар келіп қосылады. Үлкен Кавказдың орталык бөлігінде оның ең биік нүктесі — Элъбрус тауы (5642 м) орналасқан. Үлкен Кавказдағы тау асуларының өзі 2000 м-ден жоғарыда орналасқан. Қолайлы тау асулары арқылы аса маңызды тас жолдар өтеді. Кавказ тауларында карстық үңгірлер өте көп. Олардың арасындағы ең ірісі Грузиядағы Жаңа Афон үңгірі, оның ұзындығы 3285 м-ге жетеді. Үлкен Кавказдың тік жартасты аңғарлары мен биік шыңдары альпинистер назарын ұдайы өзіне аударып келеді, мұнда қазакстандық альпинистер де жиі болады.

Үлкен Кавказдың қарлы жоталары Сурам жотасы аркылы оңтүстіктегі Кіші Кавказбен жалғасады. Кіші Кавказ одан әрі жанартаулық Армян таулы кыратына ұласады. Сөнген ежелгі жанартауларды калың базальт қабаты жауып жатыр, олардың ең биігі — Арагац жанартауы (4090 м). Алып Арагацтың көрінісін Армения астанасы — Ереванның тұрғындары күн сайын тамашалайды деуге болады, мұндағы ең әдемі үйлер мен ғимараттар Арагацтан өндірілетін алқызыл туфпен қапталған.

Сурам жотасының батысында әйгілі Колхида ойпаты жатыр. Жалпы, Кавказдың Қара теңіз жағалауындағы жіңішке алабы ойпатты келеді, мұнда әйгілі емдеу-сауықтыру және демалыс орындары орналасқан. Сурам жотасынан шығысқа қарай Кура-Аракс ойпаты жатыр, ол оңтүстігінде Талыш тауларымен шектеседі.

Жас тау жүйесінің күрделі құрылымы алуан түрлі пайдалы қазбалардың калыптасуына негіз болған. Тауаралық шығысы мен Каспий кайраңында (Әзірбайжан) мұнай кен орындары бар. Қазіргі кезде мұнай тек құрлықтағы кен орындарынан ғана емес, қайраңда орналасқан ұңғымалардан да өндіріледі. Әзірбайжанның орталық бөлігіндегі Нафталан қаласы маңында емдік қасиеті бар мұнай түрі — нафталан табылған, бұл — нафталанның әлемдегі бірден-бір кен орны.

Грузиядағы Ткварчели және Ткибули алаптарында көмірдің едәуір мол қоры бар. Кенді пайдалы қазбалардың қоры Кавказдың қатпарлы құрылымымен байланысты болады. Грузиядағы Чиатура марганец кен орнының әлемдік маңызы бар, бұл елде полиметалдардың да қоры едәуір. Темір, кобальт кендері Дашкесанда (Әзірбайжан), мыс Армениядағы Кафан, Алаверди кен орындарында өндіріледі. Кавказ алуан түрлі құрылыс материалдарына (цемент шикізаты, мәрмөр, пемза, туф және т.б.) да бай.

Кавказдың климат жағдайлары өте әркелкі болып келеді, бұл, ең алдымен, жер бедерінің өзіндік сипатымен түсіндіріледі. Үлкен Кавказдың қоңыржай және субтропиктік климат белдеулерінің аралығындағы климат шебі ретінде де маңызы зор. Бұл аса биік тау жүйесі оңтүстігіне суық ауа массаларын өткізбейтіндіктен, субтропиктік белдеу Кавказ сыртында әдеттегіден бірнеше жүз километр солтүстікке «жылжыған». Сол себепті Кавказ елдерінің климаты салыстырмалы түрде жүмсақ болады, климат айырмашылығы тауаралық ойыстарда айқын байқалады. Мәселен, теңізден келетін жылы, ылғалды ауа массаларының жолында орналасқан Колхида ойпаты аумағында жылдық жауын-шашын мөлшері 2000—3000 мм-ге жетеді. Қыс өте жылы, тұрақты қар жамылғысы болмайды. Мұндағы ең салқын ай — ақпан, оның орташа температурасы +6°С, температура өте сирек жағдайда ғана 0°С-тан төмендейді. Құрғақ континентті ауа басым болатын шығыстағы жазықтарға кұрғақ субтропиктер тән. Жалпы алғанда, Кавказ сыртының климат жағдайлары алуан түрлі ауыл шаруашылық дақылдарын өсіруге мүмкіндік береді. Мұнда қоңыржай белдеу дақылдарынан (мақта, бидай, жеміс ағаштары, жүзім) баска, субтропиктік белдеуге тән цитрустар, шай бұтасы өсіріледі.

Кавказ тауларында климат жағдайлары биіктікке байланысты өзгереді. Мысалы, 2000 м биіктікте шілденің орташа температурасы +14°С, ал 3600 м деңгейінде +4°С шамасында ғана болады. Биік таулы белдеуде қыс аязды, қар қалың (2—4 м), тау асуларында қарлы борандар жиі соғады.

Кавказ өзендері қысқа болуымен және мол сулылығымен ерекшеленеді, олар Қара және Каспий теңіздерінің алаптарына жатады. Аймактағы ірі өзендер — Кура (Аракспен бірге), Риони, Кодори, Ингури, Бзыбь. Басын таудан алатын, ағысы жылдам бұл өзендер жыл сайын орасан мол борпылдақ жыныстарды ағызып әкеліп, атырауына жинайды. Мысалы, Риони өзені жылына орташа есеппен 10 млн м3 бос жыныстарды тасымалдайды, сол себепті Поти каласы маңында жағалау жылына 12 м-ге «өседі». Өзендер, негізінен, жаңбыр суымен, еріген мұздық суларымен толығады.

Шығыстағы өзендер көбінесе егістіктерді суару үшін пайдаланылады, ал ағыны қатты тау өзендерінде СЭС жүйелері салынған. Аймақтағы аса ірі көл — Армениядағы Севан көлі. Ауданы 1416 км2 болатын бұл ағынды тау көлі 1916 м биіктікте орналасқан. Көл мен айналасы Севан ұлттық саябағының аумағына енеді. Грузия жерінде 950 м биіктікте өте әдемі Рица көлі (тереңдігі — 116 м) орналасқан. Үлкен Кавказда мұздықтар тараған. Олардың жалпы ауданы 1428 км2 болғанымен, 1/3-і ғана оңтүстік беткейде орналаскан. Оңтүстік беткейде солтүстігіне қарағанда қар сызығы шамамен 200—300 м-дей жоғары жатыр. Кавказда мұздықтардың қарқынды еруі нәтижесінде және мол жауын-шашыннан соң сел жиі байқалады.

Кавказ емдік қасиеті бар минералды суларга да бай, олардың кұрамы әр түрлі болып келеді. Мәселен, Грузияда 2 мыңнан астам минералды су көздері табылған, олардың негізінде ондаған емдеу орындары жұмыс істейді. Әсіресе құрамында көмір қышқылы басым суымен әйгілі Боржоми, ыстық радонды сулары бар Цхалтубо сауықтыру орны көзге түседі. Өзірбайжанда Апшерон түбегіндегі йодты-бромды, сульфидті минералды сулары, емдік балшықтары, елдің оңтүстік-шығысындағы көмір қышқылға бай минералды сулары кеңінен пайдаланылады. Арменияда 300-ден астам емдік қасиеті бар су көздері барланған. Елдің оңтүстік-шығысында суының құрамы Чехиядағы әйгілі Карловы-Вары шипалы суына өте ұқсас Джермук зонасы орналасқан.

Кавказдың топырақ және өсімдік жамылгысы биіктік белдеулік пен ендік зоналылық заңдылықтарына сәйкес таралған. Үлкен Кавказдың оңтүстік беткейінің төменгі белдеуін жалпақ жапырақты (шамшат, емен, шегіршін, үйеңкі) ормандар алып жатыр. Олар біртіндеп майқарағайлы-шыршалы (шығысында қарағайлы) ормандарға, 2000 м-ден жоғарыда бұталар мен қисық ағашты белдеуге ауысады. Орманды белдеулердің негізгі топырағы — орманның қоңыр топырағы. Шамамен 2400—2900 м аралығында субальпі және альпі шалғыңдары таралған, мұнда таудың шалғынды топырақтары басым.

Жылы, ылғалды субтропиктік климат тән Колхида ойпатының солтүстігінде сары топырак, оңтүстігінде қызыл түсті топырақ тараған. Бұл топырақтардың құрамында темір мен алюминий қосылыстары бар, өте құнарлы келеді. Ойпатта батпақты топырақ түрлері де кеңінен тараған. Колхида ойпаты мен оған іргелес тау беткейлерінің топырак түрлерінің құрамы өте бай, лианалармен көмкерілген субтропиктік ормандар басым. Колхиданың сирек кездесетін өсімдік түрлерін қорғау, түрлік құрамын зерттеу мақсатында Колхида қорығы, Батуми бота-никалык бағы ұйымдастырылған.

Ормандар — Кавказдың басты табиғат ресурстарының бірі. Ормандар Грузия аумағының 40%-ын, Армения аумағының 11%-га алып жатыр. Әзірбайжанда ормандар Талыш тауы мен Ленкорань ойпатында ғана сақталған. Ормандардың аумағы қысқарғанымен, түрлік құрамы бай. Кавказда еменнің сирек кездесетін түрлері, жібек акациясы, темір ағаш, тис, самшит, лавр және т.б. ерекше ағаш түрлері өседі. Құнарлы топырак түрлері Кавказ елдерінде сан-салалы ауыл шаруашылығын дамытуға табиғи негіз болады.