Апатты табиғат құбылыстары және олармен күресу шаралары

Табиғаттағы апатты құбылыстардың шығу тегіне қарай эндогенді (ішкі) экзогенді (сыртқы) деп бөлуге болады.Эндогенді құбылыстар жер қыртысындағы өзгерістерден туады.Қазақстанның оңтүстігіндегі биік таулар әлі қалыптасып бітпеген жас таулар болғандықтан,сейсмикалық ауданға жатады.Сондықтан бұл аймақта жиі жер сілкінулер болып тұрады.Мысалы,Алматыда 1889,1911 жылдары апатты жер сілкіну болған.

Экзогенді апаттарға көбінесе адам әрекеті себепші болады.Республикамызда таулы аудандардың болуына байланысты сел,қар көшкіндері құбылыстары байқалады.Біздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс биік таулы аймақтарда 2724 мұздық бар.Осылардың екеуінен және қардың қалың түсуіне байланысты күшті сел тасқындары болып тұрады.Апатты сел тасқындары 1921 жылы Алматыда,1963 жылы Есікте,1977 жылы Медеуде болды.Олардың алдын алу үшін шаралар жасалмаған жағдайда зор материалдық және адам шығыны болуы мүмкін.Алматы қаласын селден сақтау үшін Медеу бөгені салынған және таулы аймақтарда сол жөнінде дер кезігде хабар беретін қондырғылар орнатылған.Жер сілкінуді алдын –ала болжау үшін арнайы Сейсмологиялық институт жұмыс істейді.

Республиканың климат ерекшеліктеріне байланысты жазда аңызақ желдер жиі болады.Аңызақ желдер егістіктерге зиянын тигізеді,күшті дауылдар тұрғын үйлерді,байланыс жүйелерін,жолдарды қиратуы мүмкін.Ғарыштық метеорологиялық зерттеулер арқылы аңызақ желдер алдын – ала болжанады.Табиғаттағы апат құбылыстарын алдын алу үшін тұрғын үйлерді апатқа төтеп беретіндей етіп салу,елді мекендерді орналастыруда табиғат ерекшелігін ескерудің маңызы зор.

Туған өлкенің табиғатын аялау, қорғау- озық қоғамның алғышарты.Қоғам мен табиғат бір –бірімен тығыз байланысты болғандықтан, қоршаған орта мен адамның жеке дара тіршілік етуі мүмкін емес. Табиғат байлықтарын тиімді пайдалану, табиғатқа сүйіспеншілікпен қарау қоғамның да алға қарай дамуына негіз болады. Қоршаған отаның қолайлы болуы адамның дұрыс білім алып, еңбек етуіне, материалдық жағынан қамтамасыз етілуіне ықпал етеді. Сондықтан әрбір адам табиғатты аялап сақтауға өз үлесін қосуы тиіс.Әрбір отырғызылған ағаш, тазаланған бұлақ сол табиғаттың бір бөлшегі екенін ұмытпаған жөн. Табиғатқа аялы көзқарасты қалыптастыру үшін туған өлкеге туристік саяхат жасаудың, оның табиғат ерекшеліктерімен, экологиялық жағдайымен танысудың маңызы зор.