Көлдер және бөгендер

Жалпы шолу. Қазақстанның кең-байтақ аумағында ірілі-ұсақты 48 мыңнан астам көлдер және 3 мыңға жуық бөгендер бар. Климат жағдайына байланысты көлдердің көбі Қазақстанның солтүстігіне қарай орналасқан. Олардың ішінде Каспий теңізі, Арал теңізі және Балқаш, Жайсан, Алакөл сияқты ірі көлдерден басқа, көбі (94%) көлемі бір шаршы километрден кем шағын көлдер. Көлдердің барлығы дерлік тұйық көлдер. Олардың деңгейі ауық-ауық өзгеріп отырады. Көбінің суы тұзды, сондықтан тұнба тұзды болады, олардан тұз өндіріледі. Қазақстанда ауданы 100 шаршы километрден астам 22 көл бар. Олар республикадағы көлдердің бүкіл ауданының 60%-ын алып жатыр.

Қазақстан көлдерінің географиялық таралуында ерекшеліктер бар. Оның бірінші ерекшелігі көлдер Қазакстанның табиғат зоналарында біркелкі таралмаған. Әсіресе рес-публиканың солтүстік бөлігінде көлдер көп. Мысалы, солтүстікте орманды-дала және дала зоналарында 25 287 көл бар, ал шөлейт және шөл зоналарында 20 000 жуық көлдер кездеседі.

Көлдер табиғат зоналарының бәрінде де бар, бірақ жылу мен ылғал тепе-теңдігіне байланысты олардың орналасуы, саны және суының сапасы зонаға тікелей байланысты. Ылғалы мол аудандарда көл көбірек және суы тұщырақ болады. Құрғақ климатты аудандарда көлдер аз, су деңгейі төмен әрі ағынсыз, көбісі біразы тартылып қалады, тұзды. Жалғыз ғана ағынды көл – Жайсан көлі Қазақстанның шығыс бөлігіндегі қазаншұңқырда орналасқан. Мысалы, орманды дала зонасында көлемі 1 шаршы км-ден астам 740 көл бар, олардың ішінде тұщы көлдер тұзды көлдерден 6 есе көп. Оңтүстікке қарай тұщы көлдер азайып, тұзды көлдер көбейе түседі. Дала зонасының сондай 1875 көлінің тұщылары тұзды көлдерден 4 есе, шөлейт зонасының 216 көлінің тұщылары 1,3 есе көп болады. Шөл зонасындағы 142 көлдің көпшілігі тұзды болып келеді.

Жазықтағы көлдердің көпшілігі теңіз деңгейінен 100-350 м биіктіктегі неоген және антропоген шөгінді жыныстарының үстінде орналасқан.Көлдердің орналасуында байқалатын тағы бір ерекшелік – олрадың топ-топ болып шоғырғырлануы. Каспий маңы ойпаты, Тұран ойпаты және Батыс Сібір жазықтарында, сондай-ақ аласа таулы Сарыарқада және оңтүстік-шығыс таулы аймақтарда да көп.

Қазақстан көлдерінің тағы бір ерекшелігі – жасының әр түрлі болуы. Көлдер әр кезеңде пайда болған. Орманды дала, дала зоналарының көлдері біртіндеп шөгінді жыныстарға толып, оларда өсімдіктер қаптап өсуде. Шөлейт, шөл зоналарының көлдері тұз тез байланатын көлдерге айналады. Мұнан әрі ол көлдер сорға айналады. Сөйтіп, олардың көпшілігі жойылудың әр түрлі дәрежесіне жеткен. Қазақстанның биік таулы аймақтарының көлдері шығу тегіне қарай жас көлдерге жатады. Олардың өздері де біркелкі таралмаған, негізінен 1400-2800 м биіктік аралығында орналасқан. Олардың саны жоғары және төмен қарай кеми түседі. 1400 м-ден төменде су эрозиясының қарқынды болуы көлдердің пайда болуына мүмкіндік бермейді.

Көлдердегі су деңгейі судың кірісі мен шығысының ара-қатынасына байланысты. Оларда су балансы жыл ішінде айтарлықтай өзгеріп тұратындықтан, деңгейі жиі ауытқуға ұшырайды. Қазақстан көлдерінің көпшілігінің деңгейі көктемгі қар еріген кезде көтеріледі. Жаз бойы олардың деңгейі баяу төмендейді, бірақ нөсер жаңбырлар әсерінен аз уақыт қайта көтеріледі. Кейде су деңгейінің шұғыл өзгеретіні соншалық, тіпті кейбір тайыз көлдер мезгіл-мезгіл кеуіп қалады. XX ғасырда Қазақстанда ең аз сулы кезең 1936-1940 жылдары болды. Сол жылдары Қазақстанның солтүстік бөлігіндегі көлдердің 70 %-ы құрғап қалды.

Қазақстан көлдері қазаншұңқырларының пайда болуына қарай бірнеше типке бөлінеді.

Тектоникалық көлдер. Төмен түскен ойыстар мен жарықтарда көл қазан шұңқырлары суға толып, көлдер пайда болады. Мұндай көлдер Қазақстанның оңтүстік-шығыс таулары мен Сарыарқада көбірек таралған. Жайсан, Марқакөл,Қарасор, Теңіз-Қорғалжын тобы, Көкшетау тобы (Бурабай,Зеренді, т. б.), бұрынғы тектоникалық бөген Есік көлі, т.б. су

айдындары осы топқа жатады.

Реликті (қалдық) көлдер ертеде пайда болған жазықтарға, оның ішінде Каспий маңы ойпатына тән. Сонымен қатар Тұран ойпатының Торғай қолатындағы, Балқаш-Алакөл ойысындағы кейбір көлдер қалдық көлдерге жатады. Қазақстанның басты қалдық көлдері – Каспий мен Арал теңіздері. Бұлар жер қыртысының майысқан бөлігінде тектоникалық көлдер болып қалыптасты.

Мұздық көлдер типі. Биік тауларда ежелгі мұз басқан аудандарда кездеседі. Оларға мореналық көлдер жатады. Іле Алатауындағы Үлкен Алматы өзенінің бастауы Үлкен Алматы көлі, Жетісу Алатауының солтүстік беткейіндегі Лепсі өзені бастау алатын Жасылкөл және т.б. мұздық көлдері жатады.

Кар көлдері. Биік тауларда қар сызығы маңында аяздық үгілу нәтижесінде пайда болған шұңғымаларда таралған. Кар ойыстарының пішіні көбінесе дөңгелек болып келеді, олар суға толғанда кар көлдері кұралады. Мұндай көлдер өте көп, бірақ олардың көлемі шағын болады.

Суффозиялық немесе борпылдақ жыныстардың шөгуі салдарынан пайда болған көлдер. Оларды дала табақшалары деп те атайды. Түбі тегіс ойыстар суға толып, шағын көлдерге айналады. Қазақстанның солтүстігінде, Батыс Сібір жазығында мұндай көлдер өте көп.

Ескі арна көлдері. Қазақстан өзендерінің ирелеңдеп ағу нәтижесінде негізгі арнадан бөлініп қалған көлдер. Өзен жайылмаларында орналасады.

Бөгендер Қазақстан аумағында жер беті ағындарын реттеу мақсатында өзен арналарын бөгеу арқылы жасалады.Егер көлемі кіші ойыстарды бөгейтін болса, оларды тоған деп атайды. Бөгендер негізінде халықтың қажетін өтеу үшін жасалады. Бөгендер су айдынының алып жатқан ауданына қарай келесі бөліктерге бөлінеді: 50 км2-ге дейін – кіші, 250 км2-ге дейін – орта, 1000 км2-ге дейін – ірі, одан үлкендері – аса ірі бөгендер.

Қазақстанда қазір 4 мыңдай бөгендер мен тоғандар бар. Алып жатқан ауданы 10 мың км2. Оларда 90 км3 тұщы су жиналған. Республикада екі өте ірі, бір – ірі және алты орта бөгендер бар, қалғандары кіші бөгендер. Бөгендердің көбі Орталық, Оңтүстік және Шығыс Қазақстанда шоғырланған. Олар: Бұқтырма, Қапшағай, Шардара, Самарқан, Бөген, Ақкөл, Молодежное, Шерубай-Нұра, Кеңгір, Өскемен, т.б. Осы аймактың 20 бөгенінің су айдыны (акваториясы) 8,7 мың км2-ді (барлық бөгендердің 87%) құрайды, ал су көлемі 86 км3-ден (барлык бөгендердің 95%) артық.

Бөгендердің шаруашылық маңызы зор. Оларды энергетикалық, транспорттық, ирригациялық, рекреациялық мәселелерді шешуде, спорт, балық аулау бағдарламаларында пайдаланады.