Биосфера туралы ұғым. Тірі организмдердің алуан түрлілігі

Өсімдіктер, жануарлар және майда организмдер – тірі организмдердің түрлері.

Жердің тірі организмдер мекендеген және олардың әсерінен өзгерген қабығы биосфера деп аталады (грекше биос – тіршілік, сфера -шар).

Тірі организмдердің басты ерекшелігі – көбейгіштігі (тірі табиғаттың өлі табиғаттан айырмасын естеріңе түсіріңдер). Бір ғана бактерияның ұрпағы кедергісіз көбейіп, сақталып отырған жағдайда 108 сағатта дүниежүзілік мұхитты толтырар еді. Ал бір клеткалы балдыр – диатомея көлемі Жерге парапар шарды толтырып шығуы үшін 8 тәулік жетіп жатыр.

Тірі организмдердің екінші тамаша қасиеті – тіршілік жағдайына икемділігі. Микроорганизмдер Жердің мәңгі тон қабатында да, температурасы +100°С-тан асатын гейзерде де тіршілік ете алады. Олардың кейбір түрлері тұзды суда, қалыпты жағдайдан 3 млн есе көп радиация шығаратын атом реакторларында да кездеседі.

Әр түрлі жағдайда тіршілік етуге икемделуінің арқасында тірі организмдер ауада, суда және жер кыртысында таралған.

Организмдер Жердің қатты қабығында аздаған тереңдікке ғана өтеді. Олардың терең қабатқа таралуына тау жыныстары мен жер асты суларының жоғары температурасы кедергі жасайды. Темпера­тура жер қыртысында тереңдік бойынша арта отырып, 1,5-15 км аралығында +100°С-тан асып кетеді. Сондықтан бактериялар әрі деген­де 4 км тереңдіктен табылған. Мұнай бұрғы ұңғымасында олар 2-2,5 км тереңдікте көптеп кездеседі.

Мұхиттағы тіршілік үлкен тереңдікке дейін таралады, ол тіпті ең терең шұңғымалардан да табылған.

Тіршілік таралуының жоғарғы шегі стратосфераның озон қабатына дейін барады (озон қандай биіктікте шоғырланған, оның жердегі тіршілік үшін қандай мәні бар?). Ауа ағындары бактерияларды 20-22 км биіктікке дейін ілестіріп алып кетеді. 6 км-ден астам биіктікте өрмекінілер мен көбелектер байқалған. Бірнеше километр биікке құстар да көтеріледі. Тіршілік, әсіресе тікелей жер бетінде және гидросфераның 200 м тереңдікке дейінгі беткі қабатында көп шоғырланған.

Сонымен, тіршілік литосфераның бет жағын, атмосфераның төменгі қабатын және гидросфераны түгелдей қамтиды деп қорытуымызға болады.

Организмдердің өзара байланысы. Биоценоз. Өсімдіктер, жануарлар және майда организмдер құрлықтың немесе судың белгілі бір алқабына шоғырланады. Олар бір-бірімен және табиғи ортамен тығыз байланысты тіршілік етеді. Бұл байланыстың негізі жасыл өсімдік болып табылады.

Өсімдік өлі табиғаттың заттарынан, яғни минералдық тұздардан, судан және көмірқышкыл газынан, күн сәулесінің әсерінен тіршілік үшін қажетті зат түзеді және оттегін бөліп шығарады. Өсімдікті шөп қоректі жануарлар жеп күнелтеді. Өз кезегінде шөп қоректілер жыртқыштардың жемі болады. Өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтарын майда организмдер ыдыратып, өңдеп, оны қайтадан өсімдіктер бойына сіңіре алатын қоректік затқа айналдырады.

Белгілі бір табиғи ортаға шоғырланған организмдер тірішілік бірлестігін құрайды. Жер бетінің табиғат жағдайлары бір текті алқабын мекендейтін өсімдіктер, жануарлар және майда организмдер бірлестігін биоценоз деп атайды (грекше био – тіршілік, ценоз –ортақ). Биоценоздың мысалы ретінде батпақ көл, шалғын, тоғай, құмды шөл, сор және т.б. атауға болады.

Тірі организмдердің алуан түрлілігі. Жер бетінде тірі организмдердің бірнеше миллион түрі кездеседі. Өсімдіктердің түрі 500 мыңнан, жануарлардың түрі 1 миллионная асады. Бунак денелілер түрінің қанша екенін тап басып айту қиын, ал микроорганизмдердің, яғни бактериялар мен саңырау құлақшалардың түрі де, саны да қисапсыз. Оның үстіне жыл сайын өсімдіктану мен жануартану мамандары өсімдіктердің, бунақ денелілердің, микроорганизмдердің жүздеген, тіпті мыңдаған жаңа түрлерін ашып (тауып) жатады. Мұндай ашылулар сүтқоректілер мен құстардың арасында некен-саяқ дегенмен кейде ұшырасып қалады. Оңтүстік Америка, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африканың ит тұмсығы батпайтын ылғалды тропиктік ормандарынан өсімдіктер мен жануарлардың бұрын белгісіз жаңа түрлері әлде де табылып жатады. Тірі организмдердің тіршілік формасы сан алуан.

Бір жерден екінші жерге өткенде тіршілік жағдайларының өзгеруіне байланысты бір тіршілік формасы екінші тіршілік формасына ауысады. Өсімдіктердің тіршілік формасының мысалына ағаш өсімдігінің түрлері (қылқан жапырақты, жалпақ жапырақты, мәңгі жасыл, т. б.), бұталар, шала бұталар, шөптесін өсімдіктер, мүктер және т. б. жатады. Жануарлардың тіршілік формалары: сүтқоректілер, құстар, жорғалаушылар, балықтар, бунақ денелілер. Осы сияқты микроорганизмдердің де қоршаған ортаға бейімделген түрлері көп.

«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!