Тұман және бұлт

Жер бетінен көтерілген су буы салқындағанда онын құрамындағы су буының қайтадан сұйық күйге ауысатынын (конденсацияланатынын) байқадыңдар. Ауаның жер бетіне жақын қабатындағы су булары су тамшыларына айналғанда т ұ м а н түседі.

Жаздың соңына қарай немесе күзде ауа райы ашық, бұлтсыз кезде ауаның жер бетіне жақын орналасқан ең төменгі қабаты түнде жылу шашудың нәтижесінде салқындайды. Ондай жағдайда ауаның құрамындағы су буларының біразы өте майда су тамшыларына айналады, яғни тұман түседі. Мұндай тұмандар, әсіресе ауасы салқындап қалатын ойпаңдарда шалғынды жерде, батпақ үстінде, сайлар мен жыраларда, шағын бөген мен өзен үстінде жиі пайда болады. Олар температураның тәулік ішіндегі ең төмен кезі — күн шығар алдында түседі де, күн көтеріле тарқап кетеді.

Бұдан басқа көктемде немесе күзде оңтүстіктен соққан жел жылы ауаны айдап алып келеді. Жылы ауа қар немесе салқын топырақ бетімен жанасқанда салқындайды да, су булары су тамшыларына айналады. Мұндай жағдайда түскен тұманның қалыңдығы бірнеше жүз метрге барады, үлкен алқапты қамтиды және ұзақ уақыт тұрып адады.

Жер бетінен жоғары көтерілген ауа салқындағанда оның құрамындағы бу су тамшылары мен мұз түйіршіктеріне айналады. Олар шоғырланып, бұлт құрайды.

Бұлт құрайтын су тамшылары өте майда, ұлпадай жеңіл болғандықтан, жерге түспей, қалықтап жүре алады.

Пішініне қарай бұлттың негізгі үш түрі ажыратылады. Будақ бұлт үйіліп жатқан жүнге немесе мақтаға ұқсайды. Жеке будақтар сұрғылт түсті келеді. Олар тұтаса келе түнеріп, жаңбырдың будақ бұлтына айналады. Ондай бұлттан жазда нөсер жаңбыр, қыста жапалақтап қар жауады.

Будақ бұлттар, әдетте 800-1000 м биіктікте түзіледі де, жоғары қарай 2 км биіктікке дейін таралады. Жер беті қатты қызып, жоғары өрлеген ауа ағындары күшті жүрген жағдайда ол қалыңдап, 3-4 км-е дейін көтеріледі.

Қабат бұлт тұманға ұқсас бір сыдырғы сұрғылт қабат құрайды. 2 км биіктікке дейін түзілетін қабат бұлт аспанды түгелдей торлап алды да, одан ұзаққа созылатын ақжауын жауады . Шарбы бұлт өте биікте (6 км және одан да жоғары) түзілетіндіктен, майда мұз кристалдарынан тұрады. Ақ түсті, нәзік шілтерге немесе малдың ішкі шарбы майына ұқсайды . «Шарбы бұлт» атануы да содан, одан жауын -шашын жаумайды.

Бұл айтылғандардан басқа бұлттардың бірінен-бірне өтпелі аралық түрлері де болады: Мәселен, өте үлкен биікте қабат — шарбы бұлт түзіледі. Ол нәзік буалдыр шарбытәріздесболыпкеледі. Мұндай бұлттардың өте нәзік мұз кристалдарынан жарық сәулелері өткенде олардың шашырауынан Күннің немесе Айдың төңірегінде жарық шеңбер пайда болады. Оны халық арасында Куннің немесе Айдың қоралануы дейді .

Аспандыбұлттыңторлау дәрежесін бұлттылық деп атайды. Оның мөлшері 0-ден 10 балға дейін белгіленеді. 0 — аспан шайдай ашық, 5 — бұлт аспанның жартысын басқан, 10 — бұлт аспанды түгел торлап алған және т.с.с. Бұлттылық дәрежесі көз мөлшермен оңай анықталады. Метеорологиялық станцияларда бұлттың түрін, биіктігін және аспанды бұлт басу дәрежесін бақылайды. Жер шарының үлкен көлеміндегі бұлттылық жағдайы туралы Жер серіктерінен және орбитадық станциядан түсірілген фотосуреттер аса құнды мағлұмат береді.