Жер бетін шаруашылыққа пайдалану және қорғау

«Байлықтың атасы — еңбек, анасы — жер», — дейді қазақ халқы. Өсімдік, жан-жануар, адам — бәрі де жер бетінде өмір сүреді. Байлық атаулының бәрі де осы жерден табылады. Жер — бүкіл тіршіліктің негізі, оған қуат береді, пана болады.

Жер беті — табиғаттың ең басты байлығының бірі. Адам жер бетін өз қажетіне қарай барынша тиімді пайдалануға ұмтылады. Ол үшін алуан түрлі іс-әрекеттер жасайды. Соның нәтижесінде түрлі өнім өндіреді. Егін егеді, мал бағады, жеміс-жидек, ағаш отырғызады, түрлі құрылыстар салып, қалалар тұрғызады, жол тартады, т.б. сан жетпес адам әрекеттерінің бәрі жер бетін пайдалану арқылы жүзеге асады.

Адам баласы қажетті тамақ өнімдерінің 88%-ын жер бетінен алады. Сол сияқты жер бетінің 10%-ын мал шаруашылығына қажетті жайылымдар алып жатыр. Жер бетінің өнімін алу үшін адам еңбек етіп, шаруашылық түрлерін дамытады (қандай шаруашылық түрлері барын естеріңе түсіріңдер).

Жер бетінің пайдасы жайлы айтқанда оның қойнауын да естен шығармауымыз керек. Жер қойнауы — байлықтың көзі. Түрлі пайдалы қазбалардың жерден өндірілетінін білесіңдер.

Қандай пайдалы қазбалар бар? Естеріңе түсіріңдер. Ол пайдалы қазбалардың халық шаруашылығындағы алатын орнын айтыңдар.

Жер бетінде өсетін өсімдіктер мен онда тіршілік ететін жануарлардың шаруашылықтағы маңызын да жақсы білесіңдер.

Бүкіл тіршілікке қажетті су қоймалары да, бұлақ көздері де осы жер беті мен оның қойнауында. Міне, осылардың бәрін көз алдыңа елестетсең, жер беті пайдасының ұшан-теңіз екенін түсінесің.

Бірақ осы байлықтардың көзі болып табылатын жерді есепсіз, бей-берекет пайдалану оны тоздыруға әкеліп соғар еді (осыған байланысты қандай мысалдар айта аласыңдар?).

Жер бетін ұтымды пайдалану, шаруашылықты ғылыми негізде ұйымдастыру- әрбір саналы адамның алдына қоятын мақсаты.

Шабындықтарды пайдалану және егін егу барысында жер бетінің жырымдалуына қарсы шаралар ескеріліп отырады. Каналдар қазу, орманды кесу, таулы жерлерден туннельдер тарту сияқты жұмыстардың бәрі де ғылыми негізде жүргізілуі тиіс. Әр кесілген ағаштың орнына жаңа ағаш отырғызып, пайдалы қазбалар өндірген кезде қазылған жерлер қайта қалпына келтіріледі.

Жер бетін ұтымды пайдалану мен қорғауға бағытталған көптеген шаралар бар. Ол шараларды жүзеге асыру үшін қоршаған ортаны бақылау және оны бағалау жүйесі жасалады. Мәселен, кез келген өнімді қалдықсыз пайдалану, бүлінген жерлерді қайта қалпына келтіру сияқты жұмыстар осы шаралар түріне жатады.

Қазақ халқында табиғат қорғау дәстүрі ертеден сақталған. «Елім бай болсын десең, жеріңнің бабын тап» деген халық. Қазақ малшыларының күзеуге, көктеуге, жайлауға және қыстауға көшіп, жыл мезгілдеріне орай қонысын ауыстырып отыруы осының дәлелі.

Қазіргі таңда табиғат қорғау мәселесі үкімет тарапынан қолға алынуда. Қазақстан Республикасының «Қоршаған ортаны қорғау туралы» заңы осы мәселеге арналған. Заңда табиғат байлықтары Қазақстан Республикасы халықтарының өмірі мен қызметінің, әлеуметтік-экономикалық дамуы мен әл-ауқатын арттырудың негізі екендігі атап керсетілген. Сонымен қатар әр азаматтың табиғат байлықтарын пайдалануға, оларды қорғау мен молықтыруға, қоршаған ортаны сауықтыруға қатысуға құқығы барлығы айтылған.

Әрбір азаматтың қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды орындауға байланыстыміндеттері айқындалған.