Таулардың пайда болуы. Қатпарлы және қатпарлы-жақпарлы таулар. Таулардың өзгеруі

Кейде өзеннің тік жағасынан тау жыныстары қабаттарының горизонталь жатқанын, ал таулы жерде олардың иіліп кететінін керуге болады. Ондай иілістер тау жасалу қозғалысы кезінде жер қыртысын құрайтын тау жыныстары қабаттарының майысуы, қатпарға бүктелуі нәтижесінде пайда болған.

Осы қатпарланған тау жыныстарының арасынан көптеген теңіз жәндіктерінің тасқа айналған қаңқалары мен қабыршықтары табылған. Бұл қазіргі таулардың орнын бір кездері теңіздер мен мұхиттар алып жатқанын дәлелдейді. Су түбінде жиналған тау жыныстарының қабаттары орасан зор бүйір қысымының әсерінен қатпарланып, биікке көтеріліп, тау құраған. Жер шарындағы таулардың көпшілігі осындай қатпарлардан тұрады. Олар қатпарлы таулар деп аталады. Алъпі, Кавказ, Кордилъер және т.б. осындай тауларға жатады. Бұл таулардағы жоғары қарай иілген қатпарлар тау жоталарын, төмен қарай иілгендері тау аралық аңғарларды құрайды.

Тау жыныстарының қатпарлануға ұшыраған қабаттары үлкен қысымның әсерінен алғашқы иілгіштік қасиетін жоғалтады. Олар енді екінші қайтара тау жасалу қысымына ұшыраса, жарықтармен бөлшектеніп, ыдырап кетеді. Жарықты бойлап тау жыныстары қабаттарының бір бөлігі тұтасынан жоғары көтеріледі де, оған кершілес екінші бір бөліктері опырылып, төмен түседі. Көтерілген жерлері -жоталарға, ал опырықтар, тау аралық ірі ойыстарға сәйкес келеді.

Мұндай тау жыныстары қабаттарының қатпарланудан кейін жарықтарды бойлап жоғары-төмен лықсуынан қатпарлы-жақп а р л ы таулар пайда болады. Жер шарының көпшілік таулары, солардың ішінде Алтай мен Тянъ-Шань осындай қатпарлы-жақпарлы тауларға жатады (физикалық картадан Тянь-Шаньды табыңдар. Ыстықкөл қазаншұңқыры және оны солтүстігі мен оңтүстігінен жиектеп жатқан жоталардың орналасуына көңіл аударыңдар. Олар қалай пайда болған деп ойлайсыңдар?).

Жарылу және опырылу қатпарлы тауларда да кездеседі, бірақ қатпарлы-жақпарлы таулардағыдай онша үлкен орын алмайды.

Сендер таулар жанартау әрекетінен де пайда болатынын білесіңдер. Жанартау атқылағанда жер бетіне шығып, үйілген күл және ірі кесек жыныстар конус түріндегі жеке тауларды құрайды (мысалы, Камчатка түбегіндегі Ключи шоқысы). Кейде олар бір-бірімен жота түрінде тізбектеліп те орналасады. Осымен қатар магма жер бетіне шыға алмай, жердің беткі қабатын күмпите кептеліп қалатын кездері де болады. Үстіңгі жауып жатқан шөгінді жыныстардың қабаты шайылып кеткеннен кейін олар түрлі ғажайып пішіндегі тауларға айналады. Солтүстік Кавказдағы Бештау (Бестау деген сөз), Қырымның оңтүстік жағалауындағы Аюдаг (Аютау) осындай жолмен пайда болған.

Ескі және жас таулар. Жер шарындағы таулардың бәрі бір мезгілде пайда болған жоқ: олардың біреуі ерте, біреуі кеш түзілген. Мысалы, Орал жер бетіндегі ең ескі таулардың бірі болып саналады. Ол мұнан ондаған миллион жылдар бұрын пайда болған. Уақыт өткен сайын оның шыңдары мүжіліп, аласарған, көп жері тегістеліп, аласа төбелерге айналған. Осындай тауларды ескі таулар деп атайды. Ал Кавказ, Памир, Гималай, Кордилъер таулары ж а с тауларға жатады. Олар Орал тауларына қарағанда кейін пайда болған және онша көп бұзылмаған. Олардың шыңдары үшкір, беткейлерітік, басын мұз басып жатады. Бұл таулардың биіктігі 5000-8000 м-ге жетеді.

Таулардың өзгеруі. Таулар сыртқы күштердің әсерінен өзгереді. Жаңадан көтерілген биік таулар желдің, судың, күн сәулесінің, мұздықтардың әсерінен бұзылып аласарады.

Ағын су беткейлерді тілімдейді, сонымен бірге бұзылған тау жыныстарын ағызып алып кетеді. Өзен түбімен домалаған тастар соқтығысып, үйкеліседі, жұмырланады, сөйтіп ірі кесектер малта тастарға айналады. Бара-бара жоталар мүжіледі, аласарып, тау аралық ойыстар түрлі шөгінділерге толады. Миллиондаған жылдар өткеннен кейін таулы өлке жазыққа айналады.

Сыртқы күштердің әсерінен тау жыныстарының өзгеруін ү г і л у деп атайды. Үгілудің физикалық, химиялық және органикалық түрлері бар.

Физикалық үгілу ауа температурасының өзгеруінен және тау жыныстарының беті біркелкі қызбауынан болады. Температураның өзгеруі жыныстар көлемінің өзгеруіне себеп болады (Температураның өзгеруі заттардың көлемін қалай өзгертеді?). Күндіз күн көзінен тау жыныстары қатты қызады, ал түнде, керісінше, қатты суынады. Соның нәтижесінде олардың көлемі бірде үлкейіп, бірде кішірейіп өзгеріп тұрады.

Температураның тез өзгеруінен жыныстар шытынап жарылады, одан соң бөлшектеніп кетеді. Тау жыныстары, әсіресе жарықтарға су кіргенде тез бұзылады. Жарыққа кірген су, қатқаннан кейін өзінің көлемін үлкейтіп, жарықты кернейді, соның салдарынан жыныс қақ айырылады.

Ағаш тамырлары да тау жыныстарының бөлшектенуіне әкеледі. Ал өсімдік жамылғысы жоқ тауларда үгілу тіпті күшті жүреді (неліктен деп ойлайсыңдар?).

Сонымен, физикалық үгілудің әсерінен тау беткейлерінде опырылған тау жынысының орасан зор үйінділері пайда болады.

Химиялық үгілу су мен ауаның әсерінен жүреді. Тау жыныстарының ішіне су сіңіп, оларды ерітеді. Су жай ерітумен қатар, тау жыныстарын және оларды құрайтын минералдарды күрделі химиялық өзгерістерге ұшыратады. Мәселен, су мен көмірқышқыл газының әсерінен граниттің ішіндегі дала шпаты сазға айналады.

Физикалық үгілу көбінесе құрғақ шөлді және суық аймақтарға, ал химиялық үгілу жылуы мен ылғалы мол жерлерге тән.

Органикалық үгілу әр түрлі организмдердің қатысуымен өтеді. Саңырауқұлақ, мүк, қына, басқа өсімдік пен жануарлар бактериялары тау жыныстарының өзгеруіне әкеледі. Олар органикалық заттарды шірітіп, топырақ түзеді. Ал өсімдіктердің тамырлары тау жыныстарының жарықтарын кеңейтіп, оларды жақпарларға бөліп жібереді.Бұзылған тау жыныстарын ағын су ағызып алып кетеді.