Жер қыртысын түзетін тау жыныстары

Тау жыныстары және минералдар. Жер қыртысын толтырып жатқан табиғи денелердің тау жыныстары деп аталатынын білесіңдер. Олар қатты, сұйық және газ күйінде кездеседі. Өздеріңе жақсы таныс гранит, құм, әктас, тұз, көмір, мұнай — осының бәрі тау жынысы.

Тау жыныстарын құрайтын заттар минерал деп аталады. Мәселен, гранит өзара тығыз байланысты 3 минералдан тұрады. Олар кварц, дала шпаты және слюда. Түгелдей бір минералдан тұратын тау жыныстары да бар. Оған тас тұзы мысал бола алады.

Жер қыртысында тараған тау жыныстары мен минералдардың түрлері өте көп. Қазіргі кезде белгілі минералдардың түрі 3000 шамасында. Тау жыныстарының түрлері де 1000-ға тартады. Тау жы­ныстары мен минералдардың осыншама алуан түрлілігі олардың түзілу жағдайларына байланысты. Біз әзірге тау жыныстарымен танысамыз.

Жер қабатын құрайтын барлық тау жыныстары тегіне қарай үлкен үш топқа бөлінеді. Олар: магмалық тау жыныстары, шөгінді тау жыныстары және метаморфтық тау жыныстары.

Магмалық тау жыныстары. Жер астынан балқып шыққан заттардан пайда болған тау жыныстары магмалық тау жыныс­тары деп аталады. Магма (грекше магма- былғама, қойыртпақ),-Жердің терең қойнауында жоғары температура мен үлкен қысым жағдайында түзілетін, газға бай, балқыған отты қоймалжың зат. Ол жер қыртысының астында немесе мантияның жоғарғы қабатында орналасады. Үстіңгі тау жыныстары қабаттары оған ғаламат қысым түсіреді. Сондықтан Жер қыртысында жарық пайда болған жағдайда магма жоғары ұмтылады. Сөйтіп ол жер бетіне шығып төгіледі немесе жақындап келіп, кептеліп қатады. Үстіңгі қабаттардағы шөгінді тау жыныстарын жел мен судың алып кетуінің нәтижесінде кептелген магмалық жыныстар да ашылып жер бетіне шығып қалады.

Жер қыртысы негізінен магмалық тау жыныстарынан тұрады. 15-20 км тереңдікте олардын үлесіне бүкіл тау жыныстарының 95%-і тиеді. Одан әрі үлкен тереңдіктегі жыныстар — түгелдей дерлік маг­малық жыныстар.

Магмалық жыныстардың ішінде -базальт пен гранит өте көп таралған.

Шөгінді тау жыныстары. Жер қыртысының бетінде су, жел, мұздық т.б. сыртқы күштер әсерінен пайда болған жыныстар шөгінді тау жыныстары деп аталады» Олар кесек, химиялық және органикалық түрлерге бөлінеді.

Жер қыртысы алғашқы қатайып құрылған кезден бастап оны құраушы магмалық жыныстар температураның, желдің және судың әсерінен өзгеріске ұшыраған. (Үгітілген кесектер сумен ағып немесе желмен ұшып көл, теңіз, т.б. су түбіне жиналған. Мұндай тұнба жы­ныстар кесекшегінділер деп аталады.

Суға түрлі заттар араласып, ериді. Теңіз немесе көл тартылғанда олар тұнып, жер қабатына қосылады (мысалы, тұз, т. б.). Мұндай жолмен химиялықшөгінділерпайда болады.

Судағы және құрлықтағы өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтары органикалық шөгінділер құрайды. Мысалы, өсімдіктердің шірімей және көміліп қалған қалдықтарынан шымтезек пен тас көмір, теңіздің өте майда жәндіктерінің қалдықтарынан бор құралады.

Әр түрлі жолдармен пайда болғанына қарамастан, шөгінді жыныстардың бәріне тән екі түрлі ерекшелік бар. Біріншіден, тұну арқылы түзілгендіктен олардың бәрі де қат-қабаттанып жатады. Екіншіден, шөгінді жыныстардың арасынан жануарлар мен өсімдіктердің қалдықтары немесе таңбалары ұшырасады. Мысалға, тас көмір қабаттарының арасынан ағаштың тасқа айналған қалдығы немесе жапырағының таңбасы жиі кездеседі.

Шөгінді жыныстар Жер қыртысының беткі қабатында таралған (неліктен деп ойлайсыңдар?). Олар мұндағы барлық тау жыныстарының 75%-ын құрайды, қалған 25%-ы магмалық және метаморфтық жыныстардың үлесіне тиеді.

Шөгінді тау жыныстары ұзақ уақыт жатып тығыздалса, қатты жыныстарға айналады. Осындай жолмен құмнан — құмтас, саздан — сазды тақтатас, бордан — әктас түзіледі.

Метаморфтық тау жыныстары. Жердің терең қабатына батқан магмалық және шөгінді жыныстар үстіңгі тау жыныстарының қысымына және жоғары температураның әсеріне ұшырайды. Олар магманың ыстық лебінен қайта балқиды. Шөгінді жыныстарды су ерітінділері біріктіріп қатырады. Осы айтылғандардың әсерінен тау жыныстары өзінің бастапқы қалпынан айрылады, олардың құрамы өзгереді. Осындай өзгерістердің нәтижесінде пайда болған тау жы­ныстары (метаморфтық деп аталады (грекше метаморфоза -өзгеру). Метаморфозаның әсерінен әктас — мәрмәрға, сазды тақтатас — кристалдық тақтатаска, құмтас — кварцитке айналады.

Метаморфтык жыныстардың ерекшелігі — көп жағдайда олардың жаншылып, тақталанған немесе магманың ыстық лебіне ұшыраған өзгерістері байқалып тұрады. Мысалы, кристалды тақтатастың тақ­та ланған белгісімен қатар, ішіндегі кесек қиыршықтардың метамор­физм әсерінен кристалдық түйіршіктерге айналғаны көрінеді.